Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

Астана Банкі лицензиясынан айырылды

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Ұлттық банк басқармасының «Астана Банкі» акционерлік қоғамын банктік және басқа да операцияларды жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешімі жарияланды. Ерте ме, кеш пе, оқиға осылай аяқталатынын ел сезіп отырды деуге болатын шығар. Себебі Астана Банкінің депозит қабылдауына және банктен есепшот ашуына мамыр айында-ақ тыйым салынған болатын. Миллиондаған қаражатын қайтара алмай сабылған салымшылардың дау-дамайы содан бері толастаған емес. 

Астана Банкі лицензиясынан айырылды

Керісінше, лицензиядан айыру туралы түбегейлі шешімнен кейін ғана сағызша созылып келген мәселе – клиенттердің қаражатын қайтару жұмысы бір ізге түсетін сыңайлы. 

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбаеваның айтуынша, ендігі уақытта «Астана Банкін» мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енуге тиіс. Сот шешімі күші­не енгеннен кейін 14 күн ішінде Ұлт­тық банк осы іске байланысты тиісті Агент-банкті анықтайтын бола­ды. Салымшылардың салған депо­зит­терін қайтару жұмыстарын осы Агент-банк жүргізбек. Агент-банкке тұрақты жұмыс істеуге тиіс, Қазақстанның барлық өңірінде филиалдары болуға тиіс деген сынды талаптар қойылады. 

– Депозитті теңгемен ашқан салым­шылардың қаражаты 10 мил­лион теңгеге дейін, шетелдік валютамен сақтаған жағдайда 5 мил­лион теңгеге дейінгі эквивалентте қайтарылатыны белгілі. Жеке тұл­ғалар, дара кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, нота­риустар, адвокаттар өтемақы алуға құқылы. Астана Банкінде шоғыр­ланған депо­зиттердің жалпы сомасы 41 мил­лиард теңгеден асады. Оның ішін­де қайтарылуға тиіс депо­зит­тер­дің мөлшері – 37 миллиард теңге. Жалпы, депозиттердің басым бөлігі қай­тарылады, оған Қазақстанның де­позиттерге кепілдік беру қоры ке­піл­дік беріп отыр, бұл мәселе заң­мен қорғалған. Ал қалған қаражат, яғни клиенттердің 0,1 про­центке де жет­пейтін бөлігінің қара­жаты кепіл­дік берілген сомадан, яғни 10 мил­лион теңгеден немесе шетел валю­та­­сымен есептегенде 5 мил­лион теңгеден асып кетіп отыр­ға­ны бел­гілі. Ол азаматтардың депо­зиті бі­рін­шіден, кепілдік берілген сома­ға дейінгі қаражаты Агент-банк ар­қылы бері­леді. Ол сомадан асып кет­кен қа­ра­жатты тарату комиссиясы қайтаруға тиіс,– дейді Айжан Мұқышбаева.

Сарапшы айтып өткендей, банкті тарату туралы сот шешімі шығып, заңды күшіне енгеннен кейін тарату комиссиясы құрылып, қаржы институтының қалған қаражатының есебінен депозиттер қайтарылады. Дегенмен, Ұлттық банк белгілеген сомадан асып кеткен қаражаттың қайтарымына кепілдік берілмейді, ол тарату комиссиясының шешімі арқылы жүргізілетін жұмыс. 

Жалпы, соңғы жылдары еліміз­де екінші деңгейлі банктердің жұмысын тоқтату жиілеп кеткені белгілі. Мәселен, бірер ай бұрын ғана Qazaq Banki мен Эксимбанк бағалы қағаздар нарығында қандай да бір операция жүргізуіне мүмкіндік беретін лицензиядан айырылды. Лицен­зиясынан айырылған Delta Bank-тің клиенттеріне ағым­дағы есепшоттағы және төлем карточ­каларындағы қаражаттарын қай­тару процесі әлі аяқталған жоқ. Қаз­ин­вестбанктің тағдыры да солай тәмамдалған-ды. Бұл отандық қаржы жүйесіне қалай әсер етуі мүмкін? Оған қатысты Айжан Мұқышбаева: 

– Лицензиясынан айырылып жатқан банктердің активтерінің сомасы соншалықты көп емес. Олар­дың ешқайсысы жүйе құраушы банк­ке жатпайды. Сол себепті, Қазақ­стан­ның қаржы секторына аса қатты ықпалы тие қоймайды. Сіз айтып отырған банктердің активтері көп емес, жалпы банк жүйесіндегі үлесі 2 проценттен аспайды,– дейді. 

Қазақстанда банк көп, олардың қатары азайғаны дұрыс деген пікірге қатысты да сарапшының пайымын білдік. Айжан Мұқышбаева айт­қан­дай, елімізде банк көп емес, тоқ­саныншы жылдармен салыстырғанда тіпті де аз деуге болады. Қазақстан нарықтық экономикаға жаңа көшкен тұста елімізде банк пен банкирлер­дің қатары көбейіп, екінші деңгейлі қаржы ұйымдарының саны 200-ге жуық­таған еді. Қазіргі көрсеткіш одан әлдеқайда төмен. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»