Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Қайта жаңғырған Түркістан

1153 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды»

(Президент Н.Назарбаевтың Парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінен)

Қайта жаңғырған Түркістан

Түркістанның даңқы туралы көбінесе өткен шақта айтылып келгені ақиқат. Оның әр кез­дегі аумағы, қоғамдық-сая­си өмір­дегі рөлі өзгеріп отыр­ғаны да тарихтан белгілі. Ол жөнін­дегі мағлұматтар кезінде еуро­центристік көзқараспен түзіл­­гендіктен, қазіргі отандық ғылым бұл мәселеге тәуелсіздік тала­бымен, жаңаша ойлау жүйе­сімен қайта қарауы тиіс. Өз за­манындағы мегаполистің (тұтас аумақтың, басқару айма­ғының) әлем тарихындағы орны көптеген дерек көздерінде анық жазылса да, Түркістанды Орталық Азияның саяси-мәдени, әлеуметтік-рухани дамуы тұрғысынан қарастыруға жабық та, ашық та кедергілер кездескенін ұмытпалық. 

Мәселен, патшалық Ресей осы киелі мекенге қырын қарап, рухани құбылысты жай ғана кесене атауы тұрғысынан, оның өзінде Черняев зеңбірегінің шар оғы тескен «алынған бекініс» тұр­ғысынан саралады. Кеңестік идео­логиялық жүйе Қазақ хан­дығы байтағының рухы мен мәр­те­бесін түрлі «тыйыммен» бүр­­ке­мелесе де, берісі қазақ хал­­қы­ның, әрісі түркі жұрты­ның санасынан өшіре алмады. Өшіру мүмкін де емес еді. Ескіргенін ескеріп – «ежелгі» деп, көнергенін көлегейлеп – «киелі» деп, тозғанын тазартып – «тәбәрік» деп, жадына жақы­нын – «жәдігер» деп, әй­теуір бетегеден биік, жусан­нан аласа қалыпта Әзірет Сұлтан кесенесіне де, басқа да байыр­ғы ғимараттарға, керуен сарай­лардан, мазараттардан табыл­ған мүкаммал мен мұраға ыжда­ғатпен, жанашырлықпен қарауға тырыстық. Сол ниет, сол бастама әз Тәуелсіздік тұсында елдік үмітімізге серпін берді.

Бүгін экономикалық байланыстар артқан дәуірде Орталық Азия­ның тың қуатын нарық заң­дарына бұруды, өңірлік туризм­нің рөлін белсенді етуді басым бағыт деп білеміз. Бұл ретте дүниенің жартысына таныс Самарқан мен Бұхара, Хиуа мен Хорезм кесене-ғимараттары­на шек келтірмей-ақ Ұлы Дала мен ірілі-ұсақты шаһарлардың түйісіндегі, бәлкім, үйлесіміндегі қала мәдениетін насихаттау маңызды. Аралдың астын­дағы «қырық қала» аңызы, Сыр бойы шаһарлары, Отырар мен Сауран, Сығанақ пен Жан­кент, Тараз бен Баласағұн, Қара­тау мен Алатау, Ұлытау мен Шың­ғыс­тау баурайындағы, Алтай­дың саясындағы, Үстірттің ая­сындағы, Еділ мен Есілдің ен тоғайындағы қала-қалашықтар жұрты – ғасырларды жалғаған материалдық мәдениеттің жар­қын беттері. Осы аяда Түркістан – ақын Мағжан айтатын «екі дүние есігі» болумен бірге, Тұран мәдениетінің тұғыры, өзгеге иіле қоймаған Иранға бейбіт өмір сүрудің игілігін аңғартқан киелі мекен ретінде маңызды.

Түркістанның тұтас тарихы да, түрлі саясат салдарынан үзілген тарихы да ешқашан со­ғыс­қа да, сойқанға да негіз бол­маған. Арғы Ясы жұрнағы­нан бергі Ясауи хикметіне дейін Жара­т­қанның жарасымы, адам­­­зат­тың ағаруы, пейіл­дің пә­ктігі. Түркістан – дүние­та­ным баспалдағы. Түркістан – тазару таразысы. Ал осы құбы­лыс сәулет құрылысына айнал­ғанда және дауыл да, дау да ал­маған кесененің мүбәрак кірпі­ші болып қаланғанда, дүние үй­ле­сіміне шек келтірмейсіз. Соны­мен, әлемге мәшһүр тарихи Түркі­стан, мұндағы қазақ хан­дары мен би-батырлары, игі жақ­сылар қабірстаны (пантеоны) – Орталық Азияның тағы­лым­ды туризм деңгейін де, ашыл­маған руханият парақтарын да, шырақтарын да танытады деген ойдамыз.

Шындығында, аталған-атал­маған көп кедергінің кесірінен Түркістанның бұралаң тарих шаңына көміліп қалу қаупі орасан еді. Құдай сақтады, құдай деген азаматтардың сауапты істері сақтады. Жүрегі елім, жерім деп соққан отаншыл азаматтардың сана-сезімі мен болашаққа сенімі жақсылыққа қорғаныш болды.

Бұрынғылар «Жай жатқан жер жау шақырады», «Бос жерге шайтан үйір» деген. Іздеушісі мен сұраушысы түрлі саяси жүйеден діңкелегенде, көлденең көк атты­лар­дың көзі көне жәдігерлер мен қайталанбас құндылықтарға түсті. Олар әртүрлі сылтаумен өз жеріне, өз еліне тасыды. Халық­тың көз алдында тұрған құн­дылықтар қолды болды, тарихи төбелер (ескі қалалар жұрты) ойрандалды, бақан құлады, бақ ауды. Ұлт кие тұтқан жерде бей­бере­­кет іс, одағай әрекет, жай­­бара­қат көзқарас белең алды. Өкі­­нішке қарай, Түркістанның жұнт­­тай жұрнағын сақтап қалу­ға Одақ қамыты мойнына күш­теп ки­­гі­зіл­ген Қазақ КСР-і дәрменсіз еді. 

1935 жылы Ленинград қала­сындағы Эрмитаждың атаулы бір көрмесіне әкетілген Тайқазанның тағдыр-талайы соның дәлелі. Әлдекімдер айтып жүргендей, дүние жүзіне танымал экспонат елге өзінен өзі оралған жоқ, көп қажырлы жұмыстың, ақылмен басқан қадамның арқасында жетті. Бұл ретте отандық музей ісінің негізін қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастама­шыл да батыл іс-әрекеті үлгі ету­ге тұрарлық. Мұның рәміз­дік мәні бар еді. Ол туралы түркі­стан­дық ақын, мұратанушы Нұр­махан Назаров былай деп жазады: «Мәскеу. Кремль. Халық депу­тат­тары­ның съезі. Қазақ КСР депутат­тары Н.Назарбаев, О.Сүлей­менов, М.Шаханов жол­дас­­тарға. Түркіс­тан қаласы­ның ең­бек­шілері то­қы­рау және қай­т­а құру жылдарында КСРО Жоғарғы Кеңесіне Ленинград Эрмитажындағы қа­зан­ды өзінің нағыз иесі – Ах­мет Ясауи музей-мавзолейіне қай­тару туралы сан рет өтініш жасаған еді...» Осындай жеделхат А.И.Лукьяновқа жолданды. Сол күні-ақ Жоғарғы Кеңес хатшылығындағы Воропаев деген кісінің атынан «жеделхаттарды алдық» деген мазмұнда жауап келді. Осыдан дәл 28 күн өткенде КСРО Мәдениет ми­нистрі В.Г.Захаровтың Тай­қазанды Түркістанға қайтару туралы бұйрығы шықты. Сөй­тіп Қазақстанның ең қастерлі ескерт­кіші, Әзірет Сұлтан кесенесінің бас жәдігері 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына оралды. Сонда Тайқазан көп кешікпей келе­тін Тәуелсіздігіміздің қарлы­ғаш хабаршысындай болған екен-ау! Міне, сол кездерде көп жылдардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат арманын іске асыруға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін». 

1990-жылдардың аяғында Елбасының ұйғарымымен Түркі­станның 1500 жылдығына байланысты дайындық шаралары басталды. Елдік істе мем­лекеттің де, халықтың да ойы бір жерден шықты. Мәселен, ар­найы құрылған «Парыз» қоры тек қаражат жинаумен шек­телмеді. Елбасы ұсынғандай, зиялы қауым, өнер тұлғалары, мемлекеттік қызметкерлер табанынан тік тұрып, осы киелі-рухани орталықтың адамзат, қо­ғам үшін маңызын, топтасты­ру­шы, бірлікке үндейтін мәні­н тү­сіндіре алды. Осы жолда қыруар жұмыс істелді. Бұл үдеріс Қазақ­станның барлық өңірінің Түр­кістан туралы әрі табиғи, әрі жаңа, әрі өркениетті санасын қа­лып­тастыруға ықпал етті. Ме­рей­тойдың діттегені де осы еді.

Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Түркістан мұра­тын бір сәт те естен шығарған емес. Халықаралық биік саяси форумдарда болсын, өңірлік маңызды жиындарда болсын Орталық Азияның рухани да киелі орнын ықпалдастық пен мәмілегерліктің тұғыры, байыпты да жасампаз алаңы ретінде дәлелдей алды. Мұны Ахмет Ясауи университетінен бастап, соңғы ширек ғасырдағы түркі бірлігінің жаңашыл да бейбіт кез келген институты дәлелдей алады. Осының бәрінде де Мемлекет басшымыздың әлемдік беделі мен саяси көрегендігі таразы басын теңестіріп отырды.

Биыл 19 маусымдағы Түркіс­танға ерекше мәртебе беру ту­ралы Елбасымыздың кемел шешімі – тарихи әділеттіліктің орнағанын, рухани жаңғырудың өріс­тегенін көрсетті. Ұлт ұйы­суы­на маңдай терін төккен Шым­­кент миллиондық межеге же­тіп, мегаполис ретінде дербес дамудың жолына түскенде, Түр­кістанның облыс орталығы мәртебесін алуы – өңір тынысын ашудың орайлы белесі еді. 

Әрбір қазақ кие тұтатын ме­кен­нің жаңа әкімшілік басқару тұғыры облыс жұртшылығына да, республика халқына да, тұтас түркі дүниесіне де зор жауап­кершілік үстеп отыр. Ең басты міндет – Қазақ елінің тарихын құнттау мен Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізді еселендіру. Отанымыздың әрбір азаматы рухани орталықтың дамуына өзінің қатысы барын сезінуі үшін, бейнелеп айтсақ, руха­нияттың шырақшысы еке­нін сезінуі үшін, Елбасы нұс­қағандай, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Адам капиталын дамытy жан-жақты біліммен, күшті рухпен, ертеңгі күнге деген сеніммен жүзеге асады. Жаңадан қала салу немесе шаһарды қайта түлету оңай емес. Ол үшін ең бірін­ші, халықтың санасын даяр­лау мен арманын ұштау қажет екенін Елбасы Астана мысалында нақты көрсетіп берді. 

Имандылыққа баулудың өзі құрғақ насихаттан тұрмайды. Ата-ананы құрметтеу, жасы үлкенді сыйлау, жетім-жесір­лерге, кембағал-мүгедектерге көмек­тесу, ар мен намыс алдын­­да­ғы адалдық секілді қара­па­йым да мағыналы адами қасиет қоғамның алпыс екі тамырында қайнап жатуы тиіс. Осындай дәстүрді берік ұстанған қауым өзін одан әрі жетілдіруге ұм­тыл­ғанда ғана әл-Фарабилер арман­даған қайырымды да баян­ды қала қалыптасады. Бұл ретте Түркістанның жаңа мәрте­бесі барлық салада рухани жаң­ғырудың үлгісін көрсетуге зор мүмкіндігі бар. Уақыт өте келе оған – «рухани жаңғырудың қала­сы» деп рәміздік атау беруі­міз де ғажап емес.

Түркістанның жаңа тынысын ашу үшін, біздіңше, мынандай бірқатар істерді кеңесе отырып, күш біріктіріп шешу қажет деп ойлаймыз:

– тарихи Түркістанның төрт қақпасы, цитадельдің екі қақпасы болған. Қала қонақтарының назарын өзіне аударатын ең бас­ты нысан – Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесі екенін ескерсек, сол қақ­паларды да, бекініс қорғанын да ғылыми-архитектуралық не­гіз­де, бір стильде қалпына кел­тіру маңызды. Кезінде осы тарихи орыннан сыртқа әкетілген құнды экспонаттарды өркениетті жолмен қайтару үшін қоғамдық пікір мен ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сынды халықаралық ұйымдардың әлеуетін пайдаланған орынды (әзірше көшірмесін жасата тұру да қажетті);

– кесене маңында жер асты 44 бөлмеден тұратын «қылует» деп аталатын ғибадатхана мен шығыс моншасының жұрнағы бар. Осыны да қаланың қолай­лы жерінде үлкейтілген үлгіде қайта қалпына келтіру қажет деп білеміз. «Түркістан моншасы» брендін өмірге әкелуге де мүмкіндік туады;

– халықаралық ұйымдармен келісе отырып, таяуда Елбасы ұсын­ған «Түркі әлемінің 100 жаңа есімін» қорытындылау сал­тана­тын дәстүрлі түрде Түркі­стан­да өткізуге қол жеткізу керек;

– Түркі дүниесіне ортақ «Түркі­стан таланттары» атты өнер телефестивалін («Еврови­дение», «Новая волна», «Славян­ский базар» үлгісімен) ұйымдас­тыру – уақыт талабы;

– әлемге ортақ Қорқыт, әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Баласағұни, т.б. түркі тұлғаларына арналған ғылыми конференция, форумдарды дәстүрлі түрде осы қалада өткізіп отыру керек;

– Түркістан айналасын көгал­дандыру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен («Астана орманы» үлгісімен) осы топыраққа бейімделген неме­се жерсінетін тал-терек, же­міс­ ағаштары мен өсімдіктерді егуді қолға алу. Ыстық климат­та өсімталдығын танытқан Иран­ның шырша тұқымдас әсемдік ағаштарын өсірудің ашхабадтық тәжірибесін орайлы қабылдау қажет-ақ;

– басқа қалаларға үлгі болар­лық салық төлемі және құқық­тық мәдениет жобасын қалып­тастырып, жүзеге асырсақ. Бұған қоса шаһардың бас жоспарына кедергі келтіретін бейбере­кет салынған үй-жайларды сүр­гізу қажеттігін түсіндіру жұмыстарын екі жаққа да тиімді етсек;

– әрбір квартал (махалла) мен көшені өркениетті қалыпқа кел­тіру үшін шефтік-қамқорлық жұмысын үйлестіру мекемелерге, білім-мәдениет орындары­на тапсырылса. Дәстүрлі «сенбіліктің» ын­та­ландыруға, тіпті жүйе­лі на­рық пен бәсекеге негізделген ж­аңа фор­маты ұйымдастырыл­са. Бұл іс­ке ойы озық, әрдайым жаңа­шыл, үнемі ізденісте жүре­тін сту­­дент­тер­ді тарту – әлемде бар үрдіс;

– Түркістан қаласының жаң­ғыр­ған жасампаз дәстүрін қалып­тастырған жөн. Мысалы, Елба­сы шешімімен демалыс күндері бо­лып белгіленген Құрбан айт мей­рамын заманға лайықтап, өне­­­гелі етіп өткізу (халықтық бас­­қосу-айттау, татулық, қайы­­­рым­дылық шаралары, т.б.) зайыр­­лы дін мен дәстүр ықпал­дас­т­ы­ғын үйлестіре түсер еді;

– қаланың бас жоспары айқындалып жатқан кезде айтарымыз: болашақ әр шағын ауданға тари­хи шаһарларымыздың (Отырар, Сауран, Сығанақ, Бозоқ, Ботай, т.б.) атауын беріп, сол аумақ­тың ғимараттарын дәстүр мен мұраны елестететіндей етіп тұрғызу қиынға соқпас;

– тұрғын үй және басқа да жайларды салуда қатаң әрі жүйелі тәртіп орнатылып, баспана сатып алу мен пайдаланудың озық үлгісі қолданысқа енгізілсе. Тұрғын үй-коммуналдық жүйе­нің ашықтығы, бірізділігі аса маңызды;

– біз елімізде суды қадірлеудің («Судың да сұрауы бар») мәде­ниетін жаңа Түркістан ар­қы­лы қалыптастыруға тиіспіз (топырақ құнары мен су қоры бұл жерден әлдеқайда төмен Израильде суды 5 деңгейге бөліп, тиімді пайдаланады). Ендеше Орталық Азияға үлгі болатындай «Түркістан қай­нары» атты ауызсу, мелиорация, ирригация, жерасты суын іске жарату жобасын жүзеге асырсақ.

Бұл, әрине жаңа облыс орта­лығы үшін қыруар шаруаның бір парасы ғана. Әлемдік стандарттарды, озық технологияларды бір күнде енгізу оңай емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, Түркістанды атына лайық, мәртебесіне сай ететін тек қаржы-қаражат емес, ең бірінші – тұрғындардың сана-сезімі, бірлігі мен жауапкершілігі. Рухани жаңғыруға ұмтылған елі­мізде оны жүзеге асыруға ниет те, мүмкіндік те бар.

Олай болса, әлімсақтан Түркі дүниесінің қара шаңырағы (жауап­кершілік деп ұғыңыз), қаза­қтың аруақ қонып, нар шөк­кен жері (екі дүниенің обал-сауа­бын ойлау деп біліңіз) – Түркі­станның жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның рухани ордасы ретінде жаңғыратынына сеніміміз мол. 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты