Театр • 27 Қыркүйек, 2018

Тілектес Мейрамов жетпістің белесіне шықты

583 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тілектес Мейрамов – үлкен-кіші әріптестерінің арасында шынайы құрмет пен беделге ие бақытты адам. Актердің шығармашылық бақ жұлдызы 1974 жылы жанды. Қазақ режиссурасының тарланы Әзірбайжан Мәмбетов іздеген Қозысын тауып, 4-курста оқитын студент Тілектесті «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакліне басты рөлге шақырған. Әзекең Қозы рөліне бекіткенін Жақып Омаровтан естіген сәтте оның қатты қуанғаны сондай, театрға жеткенше троллейбустың артынан жаяу жүгіре беріпті. Міне, сөйткен Қозы – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов бүгінде жетпістің белесіне шықты. 

Тілектес Мейрамов жетпістің белесіне шықты

Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық драма теа­трының сах­насында Ас­та­наның Қ.Қуа­­ныш­баев атындағы мем­ле­кет­тік академиялық Қа­зақ музыкалық драма теа­­трының ұжымы италиялық дра­матург Фурио Бордонның қазақ тіліне «Өтті дәурен» деп ауда­руға көнетін пси­хо­логия­лық драмасын «Қар­дағы көгершіннің ізі» атауы­мен алматылық тал­ға­мы биік көрермендер назарына ұсынылды. Ал­маты жұрт­шылығы премьерасын бірінші болып тамашалайтын бұл қойы­лым Халық әртісі Тілектес Мейрамовтың 70 жылдық мерейтойының құрметіне арналды. Спек­такльді қой­ған – қазақ кино және театр өнерінде өз қол­таң­басы танылған режиссер Тілеген Ахметов.

Бұл қойылым көрер­менді тұңғиық ойға батырады, бәл­кім, кейбір жанды райынан қайтарады, әкелер мен балалар, ұрпақ арасындағы байланыс, тектілік тақырыбының қазіргі заманғы сұрқай әрі мұңлы-зарлы тармағы болып табылады. Тілектес Мейрамов спектакльде шау тартқан отағасын – Ер Адам бейнесін сомдайды. Кейіпкер өткен өмірінің елесімен тір­шілік кешеді, жалғыздық кү­йігі әбден меңдеп, әзиз жаны жүдегесін ол баяғыда сүйегі қурап қалған сүй­ген жары­мен сырласып отырады. Шалдың жал­ғыз ұлы мен келіні, екі немересі бар. Ол өз үйінде басы артық адам болып шықты. Ескірген мүлік сияқты қоқысқа лақтырып тастайтын. Кәрі­нің жетімдігі тастанды нәрестенің жетім­дігінен кем түспесін бұл пьеса танытты. Ұлы туған әкесін қарттар үйіне өткізбекші. Өркениеттік дамудың шегіне жеткен тоқмейіл Еуропаны бұрыннан опындырып отыр­ған бұл сұмдық қасірет қа­зірде жарты ғасыр бұрын елдік дәстүріне түк сызат түс­пеген қазақ халқына да же­тіп қойған. Сондықтан сы­нықтан басқаның бәрі жұғады, құлақ естігенді көз көреді деп біздің қазақ даналықпен кесірден шошынып айтқан. Жамандық энергиясы әсіре жұқ­палы. Бұл қойылым көрер­ме­нін толғандырмай, тебі­рентпей қалмайды. Бала тәрбиесі, текті ұрпақ өсі­ру дүниенің алтын кілт­і екенін кімге болсын ай­қын ұқтырады. Үл­кенін сый құрметпен қадір­лейтін, жақынын сүйіп қастерлейтін халық ешқа­шан өлмейді. Театр адам ба­ласына уағыз айтпайды, бірақ көкірек, сана-сезімін қозғайды, залалдан қорғануға, жүрек жылуы­на, мейірімге үндейді. «Қардағы көгершіннің ізі» – сондай қойылым.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты