Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Қызылорда облысында құқық бұзушылық азайған

449 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов 2018 жылдың 8 айында облыс көлемінде 4850 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмендегендігін айтты.

Қызылорда облысында құқық бұзушылық азайған

- Бүгінде 10 мың халыққа шаққандағы қылмыстылық деңгейі біздің облысымызда 93 қылмысты құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде криминогендік ахуал тұрақты, әрі қауіпсіз облыстардың біріміз. Сонымен қатар, облыс көлемінде есірткі алқаптарын анықтау мақсатында барлық аудандарда дрондар алынса, департаментпен алыс қашықтықтан бақылау мақсатында көп функционалды ұшқышсыз басқару аппараты пайдаланылып келеді. Алдағы уақытта, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компанияның мүмкіндіктерін пайдаланып, облыс аумағындағы есірткі алқаптарын ғарыштан анықтап түсіру жұмыстары жүргізілетін болады, - деді облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов.

Сондай-ақ, жол ережесін бұзу да айтарлықтай азайған. Жол тораптары көбейіп, машина ағыны толастамағанына қарамастан жол тәртібін бұзушылардың азаюы полиция тарапынан бақылаудың күшейтілуінде болып тұр. Құқық бұзушылықтың жыл сайын азайып келе жатқандығы тиісті органдардың тиімді жұмыс жасауының айғағы.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы