Рафхат ХАЛЕЛОВ
Өмір бойы туған жерінде қалып, қазақ поэзиясына қалтқысыз қызмет еткен, қазыналы қара өлең мұхитына жеке арна болып адаспай қосылған ақындар елімізде көп емес. Қарағандыда – Серік Ақсұңқарұлы, Семейде – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақтауда – Светқали Нұржан, Ақтөбеде Ертай Ашықбаев бар десек, оралдық жырсүйер қауым Ғайсағали Сейтақтың есімін осы қатарға қосады. «Нарынның нар ұлы!» деп мақтаныш тұтады.
Ғайсағали Самиғоллаұлы Батыс Қазақстан облысының қазіргі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында дүниеге келген. Ғайсағамның бойындағы ақсүйектік, маңғаздық, тектілік туған топырағынан дарығандай. Өмір бойы журналистиканың қазанында қайнап, аудандық газет тілшілігінен бастап республикалық БАҚ өкілі аралығындағы барлық сатыдан өткен ағамыз өлең өлкесін де өгейсітпей келеді. 1987 жылы «Қарлығаш» ұжымдық жинағына топтама өлеңі жарияланса, содан бері «Маңдай» (1990), «Аман бол, атамекенім» (1996), «Нарынның нар ұлдары» (1998), «Ай-арудың алқасы» (2001), «Тек пен тамыр» (2005), «Жақыным менің – жалпақ ел» (2007) атты жыр жинақтары жарық көрген.
Ғайсағали ағамыз 1987 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Шыны керек, бұл өз иесін дәл тапқан сыйлық болатын. Өйткені ақынның сол кезеңде жарық көрген төмендегі шығармасында Төлегеннің шалқар шабыты, шынайы сезімі атойлап тұр:
Келіп пе едіңдер сағына
күткен той деп бұл,
Жеткенше оған тозған да
шығар көйлек мың.
Мен үндемеді деп
өкпелемеңдер, адамдар,
Жүрегім менің сөйлеп тұр!
Адыра бәрі, шықпаса жүйрік
қосқаның,
Бәйгеден келсе, бекерге онда
тоспадың.
Тойымды әркез басқарып
беріп,
Мен жайлы
Айтсын да бәрін достарым.
Жанымды ұдай әлдилеп
тұрар пәк сезім,
Жалғаннан әсте жамандық
көрмей өт, көзім.
Адамға деген алғысым кейде
айтылмай,
Көмейде қалар көп сөзім.
Алдымда әлі аспаған талай
өткел көп,
Біреулер ойлар бақытқа
қолы жеткен деп.
Толғанып ұзақ, шабытты
шақты күтемін,
Оралып келер көктем боп.
Келіп едіңдер сарыла күткен
той деп бұл,
Жеткенше оған тозған да
шығар көйлек мың!
Мен үндемеді деп
өкпелемеңдер, адамдар,
Жүрегім менің сөйлеп тұр!
(«Тойда айтылған сөз»)
Осы өлең – ақынға берілген шынайы мінездеме. Өз басымнан өткен бір қызықты айтайын: 1995 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, Оралға келген бетім. Алматыдағы жас ақындар арасынан күн сайын бір-біріне жаңа өлеңін жарыса оқып, думандатып жататын дулы ортадан ажырап, айдалада қалғандай күй кешіп жүргенмін. «Оралда кім бар?» дегенде әрине, осы Ғайсағам ойға оралды. Ақжайық ақындарының «атасы» атанған Жанғали Нәбиуллиннің атақ-даңқы да биік, жасы да үлкен. Сондықтан бірден асқарға қол ұруға бата алмай, жасы үш мүшелге енді келген Ғайсағамды, ақын Ғайсағали Сейтақты іздеп бардым. Ол кезде ағамыз Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары-тұғын. Алғашқы жүздесу қалай өткені нақты есімде жоқ, бірақ Ғайсағам алып-ұшқан албырт көңілді су сепкендей басқаны рас. Ауыр мінезді ағамыздың аузынан екі ауыз лебіз шықты ма, жоқ па, білмеймін...
Сол кезде өкпелесек те, кейін ағамыздың өз мінезі сол екенін білдік қой. Ақындық – «ұжымдық шаруашылық» емес, әр адамның өз жүрегіне үңіліп тапқан асылы екендігін де соңынан ұқтық. Астанадағы үйірсек ақындар үйірінен алыс жүрген ағамыз өз әлемін ерте жасап алған екен.
...Ғайсағамның жүргізушісі болған бір жігіттің айтып күлдіргені бар: Орал қаласынан туған жері Ордаға бет алған ағамыз межелі жерге жеткенше бірауыз сөз айтпапты. Ал бұл – 600 шақырымға жуық жол, жарты күн уақыт болатын!
Жайық жұрты ақынының алпыс жасын лайықты атап өтті. Өңір басшысы өз резиденциясында қабылдап, мерекелік лебізін білдірді. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Мен – Нарынның ұлымын» атты әдемі кеш өтті. Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан барша Қазақстан қаламгерлері атынан асқақ сөз сөйлеп, мерейтой иесінің мәртебесін көтерді. Ақын тойына құрметтің ең үлкенін ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Арыс» қорының президенті, республикалық «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес жасады – талай жылдан бері үзеңгілес жүрген қаламгер досының «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағын шығарып алып келді.
Қазақтың ғана емес, төрткүл дүниенің шығармашылық тұлғаларын жинап тұратын Астанадан шалғай жатқан шығанда шынайы шығармашылық жиындар жиі бола бермейді. Ғайсағали Сейтақтың мерейтойы – оның өзі айтқандай «Өлеңнің төрге шыққан күні» болды. Сахнада ақын өлеңдерін оқыған қыз-жігіттер қара өлеңнің бойындағы сұмдық сырды залдағы әр қазақтың санасына сіңіріп жіберді. Қаламның қуаты, сөздің күші мойындалған сыңар сәт өтті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы