Жағырапиядағы ашқан жаңалықтарымен Ресей жұртына кеңінен танылған Шоқан Уәлиханов кезінде қазақ пен орыс қандас, бауырлас халықтар деп жазған болатын. Бұлар тағдыр қосқандықтан мыңдаған жылдар бойы бір-бірімен аралас-құралас өмір сүріп келеді. Ресейдің көптеген даңқты ұлдарының әулетінен қазақы тамырларды аңғаруға болады. Солардың бірі әлемдік адвокатураның мақтанышына айналғын мәскеулік дуалы ауызды заңгер Федор Никифорович Плевако еді.
Даңқты адвокаттың шыққан тегі
Ресейдің “Право” журналы 1908 жылы Федор Никифорович Плеваконы сот ісінің сұңғыла шешені деген болатын. “Орыс поэзиясында Пушкин кім болса, біз үшін ол заң саласында сондай еді. Пушкиннен кейін орыс ақыны атану қандай қиынға соқса, Плевакодан кейін орыс шешені атану да сондай қиынға соқты”, деп жазады.
Басқа дәстүрлерде тәрбиеленген біздерге мұндай теңеулер тым асыра асқақтатушылық тәрізді көрінгенімен, шынтуайтқа келгенде, Плеваконың революцияға дейінгі Ресейдің қоғамдық, әлеуметтік өмірінде дәл сондай рөл атқарғандығына көз жеткізуіңіз ғажап емес. Істің мәні Плеваконың керемет шешендік дарынында ғана тұрған жоқ. Расында, Русьте от ауызды, орақ тілді адвокаттар аз болып па еді. Мәселе оның терең халықшылдығында, адамға деген сүйіспеншілдігінде, қарапайым пендеге рухани жақындығында. “Плевакоға барамын”, “Плеваконы тауып аламын”, – деп жәбірленушінің үміттенуі, сөз жоқ, оның адамды қорғай білуіне деген мүмкіндігінен туындаса керек. Кезінде оған жолданған өтініштердің, хаттар мен шағымдардың мыңдап есептелгені де содан. Оны іздеп келушілердің санында қисап жоқ десе болады.
Иә, ол сондай ғажайып адам болатын, халықтың жадында солай сақталып қалған-ды. Оның шыққан тегі де бір қарағанда түсіне қоярлықтай емес, саналуан жағдайларға толы.
Федор Никифорович Плевако 1842 жылдың 13 сәуірінде Орынбор губерниясының Қостанайға жақын жердегі Қазақстан мен Ресей шекарасында тұрған кішігірім Троицк қаласындағы... отбасында дүниеге келген. Оның өмірбаянының машақаты да, ғажайыбы да міне осы үш нүкте қойылған отбасынан бастау алады. Назар аударып көрелік. Әкесі – Василий Иванович Плевак, ұлты литван, бұл жерге тағдыр айдап 1832 жылғы поляк көтерілісіне (Польша ол кезде патшалық Ресейдің құрамында болатын – М.М.) қатысқаны үшін жер аударылып келіп қалған-ды. 42 жастағы үйленбеген жергілікті кеден басқармасының шенеунігі бұл кісі өзінің қызметтес бастығының ауласында қара жұмыс істеп жүрген сауатсыз, өмірдің ауыр тепкісін көрген басыбайлы (крепостной) қазақ қызымен көңіл қосып отасады. Некесіз қатынастан олардың екінші баласы Федор дүниеге келеді. Осы себепті Федордың әкесінің аты ретінде туған әкесі Василий Ивановичтің есімі емес, оның досы әрі кіндік әкесі болған жергілікті крепостной шаруа Никифор Николаевтың аты беріледі де Федор Никифоров деп тіркеледі.
Жерлестерінің келемеждеу, кемсіту, мазақтау сияқты әрекеттерінің барлығына асқан төзімділікпен шыдай жүріп шешесі Өлмесек (Екатерина) некесіз дүниеге келген перзенттерін тәрбиелей береді. Бірақ екінші баласы Федя дүниеге келгенде шыдамы таусылған ана нәрестесімен бірге суға кетіп өлуге бел байлайды. Үйде жалғыз қалған сәттердің бірінде ол баласын жаялығына орай сала кеудесіне қыса өзенге қарай асығыс бет алады. Не ойлағанын бір өзінен басқа жан білмейтін.
Бейкүнә сәбидің көрер жарығы бар екен, дәл сол кезде тау етегіндегі станицадан келе жатқан казак ұшыраса қалмасы бар ма. Көпір үстінен өзенге перзентімен қойып кеткелі тұрған әйелді ол құтқарып қалады. Нәрестесін өзінің баласының жоқ екендігін айтып, бауырына басып алуға жалынып тұрып сұрап алады. “Маған сене көр, бикешім, мен бұл баланы үлкен азамат қылып ержеткізем. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіремін”, – деп жат та кеп жабысады. Өлмесек – Екатерина нәрестесін казакқа ұстата салып, көкірегі қарс айрыла еңіреген бойы келген жағына қарай жүгіре жөнеледі.
Енді мына бір тағдырдың жазғанына не істерсің, бұл дүниеде адам екенін әлі сезетін шаққа жетпей жатқан сәбидің тірі қалуы-қалмауы қыл үстінде тұрғанда баланың шын әкесі қызмет ететін кеденнің бекетіндегі лашықтың пешіне шамадан тыс көп жағылған отыннан иіс тиген кеденшілер есеңгіреп барып үй-үйлеріне тарасып жатқан-ды. Мас адамдай тәлтіректеп келе жатқандардың ортасында Василий Иванович Плевак та бар болатын. Көпір үстіне келгенде оған салдыр-гүлдір арбадағы шөп үстінде жартылай жалаңаш оралған жылап жатқан баласы бар казак ұшыраса кеткендігі бір Алланың әмірімен жасалғандай еді. Баланы қайдан алдың, – деген сұраққа казак: “Ана үйден шыққан әйелден алдым, шамасы өзенге ағызып жібергісі келген болу керек”, – дейді Плевактың үйін көрсетіп. Әрине, аяқ астынан ойламаған жерде балалы болғандай күй кешкен бізге белгісіз казактан өз баласын таныған Плевактың алып қоятынын қайдан білсін. Сөйтіп нәресте қайтадан өз үйіне оралады.
Плеваконың отбасында бұл келеңсіз оқиға ешқашан құпия жағдай деп есептелмейтін. Тек жат көзден ғана жасырылатын. Олардың ешқайсысы ешқашан аналарының қатты күйзеліс жағдайында жасаған бұл әрекетін бетіне басып, кінәламайтын. Федор үшін қайран шеше өмірбақи пәктіктің, адамгершіліктің, инабаттылықтың үлгісіндей жан болып қалды. Көп жылдар өтіп, алпысқа аяқ басқан шағындағы Ф.Н.Плеваконың жазбаларынан төмендегідей жолдарды кездестіреміз: “Анашым менің. Осы сөздер құлағыма келген сәтте оған деген сүйіспеншілік пен кешірімділіктің сезіміне бөленген бейне бір қасиетті, ғажайып күй кешемін... Өйткені, оның жүрегінің түбінде балаға деген махаббаттың ыстық лебі әрдайым сезіліп тұратын”.
Расында да: анасының жат жұрттың қолында тірі жетімдей дәурен кешуінің өзі бір жаратушының оның маңдайына жазғандай тағдыр тәлкегімен астасып жатса да басқа жағынан алғанда өзге жанға түсініксіздеу дала адамдарына ғана тән құпия сырлармен сабақтасатындай болып көрінетін. Анасы Торғай облысындағы Қостанай уезі Шұбар болысының №7 ауылында дүниеге келген болатын. Әкесі Алдар аймақтағы дәулетті де батыр адам еді. Ол кісінің ауылы Троицк уезіндегі Санарск поселкесінің іргесінде тұрып жатқан кезде дұшпандары оның малын барымталап, елге тұтқиылдан шабуыл жасайды. Отағасы дереу киіз үйді жығып: асығыс көшкенде батырдың әлі балиғатқа толмаған жалғыз қызы Өлмесек (балалары тұрмағаннан кейін осылай атаған көрінеді) қапылыста жұртта жалғыз қалып қояды. Әке-шешесі де қарақшы жауыздардың қолынан қаза табады. Иен далада жападан жалғыз қаңғып жүріп бір өзен иініндегі елді мекенге жеткенде танымайтын орыс әйелі кездесіп, қыз баланы бауырына басады. Жат жұрттың ортасында тәрбие алған Өлмесек орыс тілін тез үйреніп алады. Бой жеткен шағында жоғарыда сөз болған кеденшімен бас қосады. Бірақ жергілікті орыстардың әдет-ғұрпымен сол кездегі заңның талабы бойынша некеде ресми түрде тұруға тыйым салынады. Дүниеге келген төрт баланың барлығы да құжатта “мещанка Екатерина Степановна (Өлмесекке асырап алушылардың берген аты) деген троицкілік келіншекпен қатынастан туған” деп тіркелген.
Федор Никифорович Плеваконың кейбір замандастарының естеліктерінде Өлмесек – Екатерина Степановнаның туған-туысқандары атақты адвокат-жиендерімен қарым-қатынасты үзбегендігі көрсетілген. Ф.Н.Плеваконың Москваның Новинка деп аталатын ең бір көрнекті бөлігіндегі пәтерінде қырдан келгендерді жайдары жүзбен қуанышты көңіл-күйде “менің нағашы-жұртым келді” деп мәре-сәре болған сәттерінің талай рет куәсі болғандықтарын ілтипатпен жазғандарын оқимыз.
1851 жылдың шілдесінде болашақ ұлы адвокаттың әкесі В.И.Плевак отставкаға шыққан соң отбасымен Мәскеуге қоныс аударды. Өлмесек – Екатерина Степановна сүйіп қосылған күйеуінің соңғы сағатына (1854 жылы қайтыс болған) дейін басы-қасында болады. Тірі қалған балаларын көптеген ауыртпалықтар көре жүріп, тәрбиелеп, өсіріп ержеткізеді.
Отбасылық тәлім-тәрбиеге байланысты естеліктерінің бір тұсында Федор Никифорович былай деп жазады: “... Бізге – балаларына тәрбиенің ізгілік негіздері дәл осы отбасында берілген болатын. Біз тәртіпке, дәлірек айтқанда туысқандық борышқа, сезімге адалдыққа дағдыланған едік”.
Федор ең кенже бала болатын. Оны үлкен ағасы Дормидонт өте жақсы көретін, әрдайым қамқорлығына алып, неше түрлі ойыншықтар жасап беретін. Троицкіде тұрғанда-ақ Федя әріп танып алады. Алты жасқа толмай жатып еркін хат танып, қолына түскен кітаптарды оқи беретін. Жыл сайынғы демалысынан оралған әкелері балаларына түрлі сыйлықтар, көбінесе кітаптар әкелетін. Мұғалімдер үйге шақырылатын да, балаларға арифметикадан, грамматикадан, жағырапиядан, тарихтан және неміс тілінен сабақ беретін.
Федор 7 мен 8 жас аралығында жергілікті мектепте оқып, 8 бен 9 жасында уездік мектепке барады. Оқуда үлгілі шәкірт болды. Тіпті оған 8 жасында нашар оқитын сыныптастарын жөнге келтіретін жұмыспен айналысу міндетін атқару жүктелген екен. Бұл шағында ол Пушкиннің, Лермонтовтың ертегілерін, Крыловтың мысалдарын судыратып оқи алатын-ды. 9 жасында Карамзиннің “Ресей мемлекетінің тарихын” өз бетімен оқып-біліп алады. Әкесінің Мәскеуге қоныс аударуындағы басты мақсаты да балаларын оқыту еді. Федор ағасымен бірге училищенің 1-сыныбына қабылданады. Оқу жылының аяғында екеуінің де фамилиялары осы оқу орнының “алтын тақтасына” жазылады. 1852 жылдың маусымында Федор келесі сыныпқа көшу емтихандарын марапатталумен жүзеге асырады. Бірақ заңсыз туғандарды оқытуға болмайтындықтан ағайынды екеуін училищеден шығарып жібереді. Осыдан кейін Плевактардың әулеті орыс тегіне жақындау мақсатымен балалардың фамилияларының соңына “О” әрпін қосып жаздырып Плевако деп өзгерткізеді.
Федор Никифоровичтің өмірінде оның болашағына кесірін тигізетін бірқатар оқиғалардың да орын алғаны бар. Гимназия директорының сөзін келемеждеп қайталағаны үшін оқудан шығарылу қаупі төнгендіктен одан кетіп қалуға мәжбүр болады. 17 жасар жеткіншек аяқталмай қалған оқуының 2 жылын бір жылдың ішінде жедел тапсырып, 1860 жылы Мәскеу университетінің заң факультетіне қабылданады. Алайда, сол кездегі жаппай етек алған студенттік толқулардың кесірінен университеттен қуылады да, Германиядан бірақ шығады. Гейдельберг университетіндегі профессор заңгерлердің дәрістерін тыңдап, Ресейге қайтып оралған шағында қоймай жүріп Мәскеу университетін құқықтар кандидаты дәрежесінде тәмамдап шығады. 22-сінде сот лауазымына қолы жетіп, 24 жасында адвокаттық қызметке ілігеді.
“Ақыл мен ар-ожданның соты бол”
Қорғаушы санатында жүргізген алғашқы ісінде орыс адвокатурасының болашақ жарық жұлдызы сәтсіздікке ұшырайды. Сот үрдісіне өзінде жоқ болғандықтан біреудің фрагын киіп шықса да біреудің ойымен, біреудің сөзімен емес өзінің жан дүниесінен туындаған пиғылымен тамаша да қисынды дәлелдер айтқан болатын. Ол кіршіксіз таза, әділ болса да прокурордың ұйғарымы бойынша соттың шешімін керісінше жасатуға мәжбүрленеді. Десе де “Московские ведомости” газетінде берілген жан-жақты есепте оның есімі жағымды жағынан Мәскеуге әйгілі болды. Арада біраз күн өткенде Зачатьевск шіркеуінің іргесінде тұрған оның пәтеріне екі мың рубльдік іспен шағымдалып орыстың әлдебір шаруа адамы есік қақты. Плевако бұл істі сотта тапжылтпай ұтып алды. Ол үшін айтарлықтай мол мөлшерде қаламақыға ие болып, өзіне меншікті фрак сатып алуға қолы жетті. Көп күттірмей Федор Никифоровичке әрі әдемі, әрі қымбат күйме мінген бай кісі келіп қолқа салды.
Сот кезіндегі Плеваконың көріктей кеудесінен гүрілдеп шыққан жуан дауысы, бейнелі де тартымды сөзі қатысушыларды баурап алатын. Оның дәлелдері тыңдаушыларының ішінде кәсіпқой соттарға да, білімді, білімсіз жалпақ жұртқа да, заңдылық ісінен онша хабары жоқ жандарға да – бәріне бірдей түсінікті түрде айтылатын. Ешкімді қажетсіз сөздермен мезі етпей, айтар ойының бұлтартпас дәлелімен, қисындылығымен иландыратын. Ол ұзақ сөйлемейтін, алайда сөзінің күш-қуатының жойқындығы басқада болатын.
Мәселен, әртіс әйел Бефаниді өлтірді деген айыппен жұртты дүрліктірген тексеруші Орлов дегеннің ісін сараптау небәрі 15-20 минөтке созылып, ол Плеваконың сөздерінің бірінші томында 1,5 бет қана орын алған. Мәскеудің сол округтік соты аяқталар сәтінде оған қатысқан жұрт еңіреп жылауға дейінгі күйге түскен. Тіпті судьялардың, прокурордың, алқа билердің өздері де көздеріне жас алған көрінеді. Сонда Плевако қанішердің қолынан қаза тапқан әртістің жетім қалған екі бірдей қаршадай баласының мүдделерін тамаша қорғап шыққан.
Плевако сөзінің алмастай тіліп түсер өткірлігі жайлы Скопин банкі бойынша жүргізілген іске репортер ретінде қатысқан жазушы А.П.Чехов та өз жазбаларында оны атап көрсетеді. Сонда орыстың болашақтағы ұлы жазушысы орыстың болашақтағы ұлы адвокаты туралы 1884 жылғы “Петербург газетінде” былай деп жазған: “Плевако мінберге таяп келеді, жарты минөт сот өкілдеріне тіке қарап алды да сөзін бастады. Оның сөзі бірегей, майда, ықыласпен айтылады... Бейнелі теңеулер, тамаша ойлар мен өзге де жағымды жайлар тіптен көптен-көп... Үні адамның жан дүниесіне шым-шымдап еніп барады... Қанша сөйлесе де Плеваконы әрдайым ықыласпен тыңдай беруге барсың...”
Плеваконың атақ-даңқы мен көпшілік қауымға кеңінен танымал бола түсуіне 1874 жылғы монахиня Митрофанияның (бұрынғы баронесса Прасковья Григорьевна Розен – генерал-адьютант барон Розеннің қызы) ісі көп әсер етті. Екі апта бойы созылған бұл процесті қарау барысында оған Мәскеудің билік басындағылар да араласып, соттың әділ үкім шығаруына кедергі жасап бақты. Осы тұста мәселенің оң шешілуіне тікелей ықпалы тиген мына бір жайды айта кеткен жөн. Сот өтпестен үш жыл бұрын “Современные известия” газетінде Плевако аталған соттағы айыпталушының әрекеттерін әшкерелейтін сипатта мақала жариялатқан-ды. Кезінде сол дүние жарық көрісімен әділет министрі граф К.И.Пален Плеваконы өзіне шақыртып алып, баронессаның кінәсіздігін дәлелдей бастайды. Бірақ істің түбінде насырға шабарын аңғарған министр Федор Никифоровичті қорқыту амалына көшіп: “Митрофания патша ағзамның қамқорлығына алынған адам”, – деп қоқан-лоқы жасайды. “Сіздің бірбеткей қиқарлығыңыз, қарағым, өзіңіздің мүддеңізге қарсы бағытталып тұрған жоқ па? – деп те бопсалайды. “Адвокатурадағы өз жағдайыңызды ойласаңызшы”, – деген “қамқорлығына” орай Плевако: “Адвокатурасыз-ақ өмір сүруге болады, ал ақиқатсыз өмір сүру мүмкін емес”, – деп жауап қатады.
Сот процесі жүріп жатқан күндердің барлығына қасиетті Синодтың нұсқауымен Мәскеудің шіркеулеріне Митрофания ісінің оңды аяқталуын тілеген Құдайға сыйыну шаралары тоқтаусыз өтіп жатады. Плевако болса бала кезінен жаратқанға қалтқысыз сенетіндіктен Қасиетті кітаптың сөзімен монахинияны жазалаудың амалын ойластырумен болады. Жемқорлыққа, арамдыққа, алдап-арбауға қарсы оны істеді де. Ол оның аталмыш соттағы түйінді сөзінен көрінеді.
“... Айталық, – дейді адвокат, – жолаушы қасиетті шіркеудің биік қабырғаларының бойын жағалап, оның алтын крестерінен көз алмай Құдайға құлшылық етіп шоқынып барады. Ал шіркеудің таңсәріден қоңыраулатқан үні өз қызметкерін шоқынуға емес, қылмысты іс жасауға оятып жатқандай. Жаратушы Иенің үйіне емес – биржаға сілтегендей. Құдайға құлшылық етуші пенделердің орнын алаяқтар басқан. Сыйынудың орнына – жалған құжаттар жасауға бағытталған әрекеттер. Игі істер мен қайырымдылықтың орнына шіркеу қызметшілерін алдау мен жалған куәлікке жүруге дайындау. Сіздер қоғамның сеніп тапсырған қабырғаларынан биік тұрыңыздар; қылмысты істеріңіз көрінбейтін болсын”, – деп астарлап сөйледі кінәлінің айыбын бетіне басып. Сөйтіп Плевако ұтып шықты.
Тағы бір мысал: 1880 жылғы Епифан уезінің Лютовичи және 1905 жылғы Севск деревняларындағы помещик мекен-жайларын талқандаған шаруалардың үстінен жүргізілген соттарда Федор Никифорович панасыз қалған бейбақтарды асқан мүдделікпен қорғап шығады. Ал оның алдында Плевако 1879 жылдың көктемінде Тула губерниясындағы Бобринский деген графтың мекен-жайын ойрандаған шаруаларды тегін қорғап қана қоймай, жауапқа тартылған 34 шаруаны түгелімен сот процесі өткен үш апта бойы өз қаржысымен асырап отырған. Сот барысындағы оның сөйлеген сөздерінің қуаттылығы мен әсерлілігі сондай, тіпті стенографистер шешеннің айтқандары құлаққа құрыштай құйылды деп жазуды қажетсіз деп тапқан.
Әдетте Плевако провинцияларда өтетін сот процестеріне міндетті түрде маман стенографисті ертіп жүретін. Сот барысында сөйлеген сөзін өзі мұқият қарап шығып, түзеткеннен соң баспаға жариялауға жіберетін. Осы ретте “Нива” журналының атақты қорғаушыға берген бағасы назар аударарлық. Оқып көрелік: “Бұл жаратылысынан таза ұлттық талант иесі болып қалыптасқан адам. Оның сөздері әрдайым бірегей болмаса да өзінің қуаттылығымен тыңдаушысын еріксіз баурап алады. Үлкен сот процестерінде оның сөзін тыңдағандардың баршасы: судьялар да, адвокаттар да, тіпті бұқара қауымның өзі сиқырланып қалғандай күйге түседі. Ал тыңдамағандар ол туралы көптеген жағымды әңгімелерді жұртшылықтан естуді құмартады. Өйткені, ол туралы әңгімелерді Плеваконың аузымен қуатты да ұлы Ресейдің өзі айтып тұрғандай қабылданады”.
Плеваконың өмірбаянындағы адвокат емес, нағыз адам ретіндегі тағы бір ерекше қасиетін атамасқа болмайды. Ол атақты фабрикант В.В.Демидовтың зайыбы Мария Андреевна екеуінің арасында аяқ астынан өрттей лаулап жөнелген жалынды да терең сезімді қарым-қатынас еді. Күйеуін тастап кетуге бел буған Мария Андреевна некелері бұзылмай-ақ Мәскеуге қоныс аударады. Федор Никифорович күн құрғатпай оған келіп тұрады. Не керек, барлығы шешіліп қойылса да Плевако жиі-жиі күрсіне беруін қоймайды. “Саған не болған?” – деген қалыңдығының сұрағына ол: “Мен бір қолайсыз жағдайда тұрғандаймын, сен болсаң енді байсың, мен болсам иығымдағы басымнан басқа ештеңем жоқ. Алайда ол, ақымақ бас емес”, – деп ағынан жарылыпты.
Мария Андреевна оны бірден түсінеді. Еш ойланбастан атасы (В.В.Демидовтың әкесі – М.М.) мұралыққа беруге ұйғарған құны 2,5 млн. рубльдік қазынадан бас тартатындығы туралы сотқа өтініш түсіреді. Қойшы, кейіпкеріміз ақыры фабриканттың үйелмелі-сүйелмелі бес баласы бар бұрынғы әйеліне үйленіп алады. Атағы Мәскеуден тысқары жерлерге жайыла бастаған адвокаттың “ақымақ” емес басы жұбайлардың өмірлерін сәттілік пен тоқшылықта өткізуге жол ашады.
Саясатпен айналысамын деп...
Ф.Н.Плевако қайтыс болғаннан соң оған байланысты түсініксіз жайлар орын алғандығы белгілі. Бүкіл Ресейге атағы жайылғанымен, оның кедейлерді қызғыштай қорғап, ақиқат пен заңдылықты жақтағаны үшін жоғарғы лауазымдық топтағылар жақтыра қоймайды. Ол 1905 жылдың 17 қазанындағы патша манифесіне сенгендіктен 1907 жылы октябристер партиясынан ІІІ Мемлекеттік Думаның мүшесі болуға келіседі. Сол үшін революциялық топтар оған реакционер деген айдар тақты. Алайда, көп ұзамай Таврия сарайында солшылдардың қолпаштап қошеметтеуімен Плеваконың самодержавиені айыптаған жалынды сөздері естілді.
“Ашыққан және қорланған ағайындардың еңбегімен, – деді ол, – қайта өрлеген Ресей жайлы әңгімелерді немқұрайлы тыңдаған жоғарыдағыларды байлық пен мешкейлік жайлауда. Бостандық туралы әндерді, жаңарған Ресейдегі құқық пен бостандық сарайларын салу тарихымен ауыстырайық” – деген жалынды сөздері еңбекші бұқараға арналды.
Осы сөзі үшін оны солшыл басылымдар мақтай жөнелсе, оңшылар мен қаражүздіктер балағаттау тасқынының астына алды. Сөйтіп ол екі оттың ортасында қалды.
1917 жылдан кейін Ф.Н.Плеваконы ұмыта бастады дегенге еш таңданудың реті жоқ болса, өткендегі адвокаттық істер тізімдерінен оның есімінің түспегендігін көреміз. Оған В.И.Лениннің “Жеккөрінішті оргийді дайындау” деген мақаласында Ф.Н.Плевако жайлы жағымсыз пікірдің теориялық негіз болғандығын аңғару қиын емес. Мақалада атап көрсетілгендей, октябристер Мәскеу кеңесінде 17 қазан одағы фракциясының бағдарламасы жобасын дайындаса, олардың шешені Плевако мырза Мәскеудегі банкетте орыс либерал-конституциялық партиясының туын көтереді. Бұл бағдарлама енді контрреволюциялық деп танылады. Осыдан кейін Ф.Н.Плеваконың кім екендігі ұғынықты.
1908 жылы қайтыс болған кезде Мәскеу шіркеулерінің бірінің жанынан орын тиген Ф.Н.Плеваконың мүрдесі 1929 жылы Ваганьков зиратына қайтадан жерленеді. Қазір орыс адвокатурасының атасының бейітінде оның әйелі Мария Анреевна және балалары – тұтасымен бір әулеттің зираттары жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын “Бизнес-адвокат” газетінде Ф.Н.Плеваконың шөбересі Наталья Сергеевна Плевако мен жиеншары Марина Сергеевна Мартынова даңқты аталарына заманына лайықты сәулетті ескерткіш орнататындықтары жайлы мақала жариялап, бұл игі істерін жүзеге асырды да. Ескерткіштің ашылу салтанатына орай жиналған қауым әлем адвокатурасының мақтанышына айналған ірі тұлғаның рухына бас иіп, тағзым етті.
Атақты адвокаттың зиратына жаңа ескерткіштің қойылуының қоғамдық үлкен мәні бар. Шынын айтар болсақ, кеңес дәуірінде де сот қорғаушысының қызметі айтарлықтай ескерілмегені көпшілікке аян. Ф.Н.Плеваконы да, оның әріптестері – орыс адвокатурасының алғашқы легіне жататын В.Д.Спасовичті, А.И.Урусовты, Н.П.Карабчевскийді, С.А.Андеевскийді және басқаларын да ұмыта бастағандай еді. Алайда, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы қысқа мерзімдік “жылымық” кезеңінің келуі мұң екен Александр Вольскийдің редакциялық жетекшілігімен “Белгілі орыс заңгерлерінің соттағы сөздері” деген жинақ жарыққа шығып, онда Ф.Н.Плеваконың еңбектері енгізілгендігінің куәгері болдық. 1963 жылы “Огонек” журналында жарияланған Лев Шейниннің “Бәсеке” деген әңгімесінде Федор Никифоровичтің дін қызметкері Кудрявцевті қорғағандығы жайлы айтылады. Әңгіме Вольский және Шейнин сияқты екі автордың Ф.Н.Плеваконың тұлға ретінде рөлі туралы ұзаққа созылған айтысты туғызады. Алғашқысы Плеваконы орыс адвокатурасының үздік шешені тұрғысында тану керек десе, соңғысы жоғарыда сөз болған В.И.Лениннің мақаласындағы ойларды желеу етіп оның атағын асқақтата берудің қажеті жоқ деген қорытынды жасайды. Десек те, айтыстың әмбе қорытындысындай, әмбе төрелігін жасағандай ой туғызған Александр Вольскийдің төмендегідей көрегендік сөздерін келтіруді жөн санадық. “Жылдар өтер. Ондаған, жүздеген жылдар. Уақыт бұлыңғырына айналған Федор Никифоровичтің дәуірі айқындала, жарқырай түсіп, жақындағандай болар. Қисынсыздай көрінсе де айтайын, ол біздің замандасымыздай болады. Жүздеген жылдардан соң оның есімі күшті естілері даусыз. Келер ұрпақ соттың ұлы шешені, жанды сөздің кемеңгері жайлы сөз таластырмайтын болады. Плеваконың “октябристерге” жатқандығын ұмытып, оның мерейтойлы күндері еске алынары сөзсіз. Сонда ол туралы кеңінен, батылырақ, парасаттылықпен айтып, жаза бастайды”.
Заңдылықты сақтау саласындағы сіңірген еңбегі үшін Ресей Федерациясының бас білім ордаларының бірі бүгінгі таңда Ф.Н.Плевако атындағы адвокатура академиясы болып мәртебеленді. Ресей адвокаттарының гильдиясы басқа адвокаттық бірлестіктердің қолдауымен Ф.Н.Плевако атындағы Алтын медаль шығарды. Жыл сайын теңдесі жоқ дуалы ауызды заңгер Ф.Н.Плеваконың туған күніне орай адвокаттар қауымдастығының осы ең жоғарғы белгісімен марапаттау рәсімін өткізу арқылы Ресейдің ұлы адвокатының және сот шешенінің ардақты есіміне құрмет көрсетіліп келеді. Қазақтың жиені Федор Никифорович Плеваконың бар өмірі адамгершіліктің, игіліктің, адами тазарудың, адамға деген сүйіспеншіліктің салтанат құруына бағытталғандығын бүгінгі ұрпақтың ұмытуы мүмкін емес.
Марат МАҒЗҰМОВ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры. Өскемен.