Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Балалар басылымындағы кездесу

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі Алматыда «Жас өркен» серіктестігіне қарайтын «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінің редакциясында арнайы қонақ болды.

Балалар басылымындағы кездесу

Редакция ұжымымен кездесіп, пікірлесті. Балалар басылымдарына қолдау білдіру керектігіне баса назар аударды. «Басылымдарға күштеп жаздыруға мен де қарсымын. Бірақ, балалар басылымына келгенде көзқарасым сәл басқаша. Өйткені ересек адамдар өзіне не керек екенін біледі, ал әлі көзқарасы қалыптаспаған балаларға бағыт-бағдар берген дұрыс. Өзіміз осы балалар басылымдарымен өстік», – деген ол Фариза апайларды көру, сабақтан бос уақытта осы редакцияларға келіп хат қорыту да өзінше қызық болғанын атап айтты.

Сонымен қатар, елдегі ең ірі басылымды басқару тәжірибесімен бөлісіп, “Егеменді” заман талабына сай, бәсекеге қабілетті газет ретінде жаңғырту үшін әлемдік басылымдардың  тәжірибесі зерттелгеніне тоқталды.  «The New York Times», «Washington post» басылымдары негізгі назарға алынғанын айтты. Соңында «жас өркендік» жастарды «Егеменнің академиясына» шақырды.

Бас басылым басшысы сөзбен ғана емес, ісімен де қолдау білдіріп, 2019 жылға төрт басылымға да жазылып қайтты.