Шараны Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова ашты. «Форум бағдарламасынан осы саланың беделді сарапшыларының есімдерін көру көңілге сенім мен қуаныш ұялатады. Ал олар көтерген тақырып ауқымы отандық медиасектордың даму келешегі туралы көп ақпарат алуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, заманауи масс-медиа дәстүрлі БАҚ пен жаңа БАҚ-тың басын біріктіре отырып, нақты ақпаратты тұтынушыға жедел жеткізуі тиіс. Сонымен бірге аудиториямен кері байланысты дамытып, байланыстың ерекше алаңына айналуы керек. Форум қатысушылары осы тақырыпты тереңірек талқылайды деген ойдамын. Қазіргі таңда біздің медианарықтың белсенді қатысушылары жаңа цифрлы трендтерді өте жақсы меңгерген, тіпті оларды қалыптастыруға, отандық нарыққа бейімдеуге атсалысуда. Біз осы орайда оларды тек қуаттап, қолдау көрсетеміз», деді өз сөзінде вице-министр.
Рас, адамзат баласы цифрлы төңкеріс ғасырында өмір сүріп жатыр. Әр адам күнделікті өмірін digital-технологиясыз (интернет, түрлі гаджеттер мен қызмет көрсетулер) елестете алмайды. Олардың күн санап дамуы бізді, қоршаған әлемді де тезірек өзгеріске түсуге мәжбүр етуде. Осындай қысқа мерзімде жедел даму кезеңінде қоғам да, әлеумет те ескі жолмен жүрмейтіні ақиқат. Өзі өзгеріске түспесе, бәсекелестерінің шаңында қалып, тіпті дамуы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Сол себепті медиа нарық та, бизнес-компаниялар да диджиталдану процесіне неғұрлым тезірек өтуі керек. Яғни, диджиталдандыру дегеніміз – бизнесті терең трансформациялау, бизнес-процестерді оңтайландыру үшін, компанияның еңбек өнімділігін арттыру және тұтынушылармен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында цифрлық технологияны қолдану. Міне, форум спикерлері, диджитал-мамандар, журналистер осы цифрлы технологияны масс-медиа саласында барынша арттыру, БАҚ саласын диджиталдандыру, әлемдік трендтерден қалыс қалмау, іскерлік ортаның мүмкіндіктері мен қатерлері тақырыбы тұрғысында ой өрбітті.
Мәселен, «Select Communication Group» СЕО маманы Виктор Елисеев «Масс-медиада жеке әрекет ету. Цифрлы БАҚ кезеңіндегі конвергентті журналистика» төңірегінде әңгіме өрбітсе, «Сергек» жобасының авторы Әсет Ахметов, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев және басқалар «Digital Kazakhstan: цифрлы экономикадағы өз орныңды қалай табуға болады?» тақырыбында өз идеяларымен, қазіргі нәтижесімен бөлісті.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»