Конференцияның ашылуында сөз алған Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев конференция елорда тарихына үңілу арқылы Қазақ елінің XV ғасырдағы көне қалаларынан бастап қазіргі Астанасына дейінгі аралықтағы орталық ордалары тарихын архив құжаттарынан табуды көздейтінін айтты.
Халықаралық ғылымитанымдық конференцияға Әзербайжан Республикасындағы Гейдар Алиев орталығының халықаралық жобалық қызметтер директоры Афран Мирзамаммадов, Гейдар Алиев орталығының бөлім басшысы Сеймур Мирзаев және тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Президенті телерадио кешені директорлар кеңесінің мүшесі Марат Әбсеметов бастаған отандық ғылым саласының өкілдері, соның ішінде архив мекемелері басшылары мен қызметкерлері қатысып, баяндама жасады. Майталман мамандардың қатысуымен пленарлық отырыс, дөңгелек үстел, панелдік дискуссиялар форматында жүргізілген жиын Қазақстанның жаңа астанасын қалыптастырудағы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі, Архив құжаттарындағы қазақ ордаларының тарихы, архив арасындағы өзара серіктестікпен қатар бүгінгі таңдағы архивтің өзекті мәселелері, шетелдік архивтердің Ұлттық архив қорын толықтырудағы үлесі сынды мәселелерді талқылады.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Этносаралық қатынастар және ҚХА толеранттылығы орталығының директоры Сатай Сыздықов өз баяндамасында: «Ұлытау төріндегі Елбасы зерделі сұхбатында «тарихтың куәгері – Ұлытау» – деп қадап айтқан еді. Шын мәнісінде көпшілік Ұлытаудың Жошы хан билеген тұсындағы үзік-үзік оқиғалары болмаса, оған дейінгі қазақтың ата-бабаларының тарихына қатысты жерлерін біртұтастықта біле бермейді. Ал осы мәселе бойынша қалам тартушылар осы күнге дейін Алтын Орда тұсындағы Жошы хан билігі кезінен әрі тереңге қарай бара алмай жүргені шындық. Сондықтан осы бір олқылықтың орнын толықтыруда өз үлесін қосады деген ниетпен Қазақ хандығына дейінгі дәуірде Ұлытаудың киелі орда болғандығын айшықтауды мақсат тұттық» дей отырып, Ұлытау өңіріндегі біраз тарихи жерлерге тоқталып, тарихи деректер бойынша нақты мысалдар келтірді.
«Қазақстан астаналары архив деректерінде» атты тақырыпта баяндама жасаған Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері Ләйлә Рахипова: «Қазақстан астаналарының тарихын қазақ хандығының тарихынан таратар болсақ, онда біз 9 астана тарихын қамтимыз. Олардың кейбірі бірнеше жыл ғана астана болып табылса, кейбірі астана мәртебесін ұзақ жыл иеленген. Қазақ хандығының алғашқы астанасы Керей мен Жәнібек (1465-1469) негізін қалаған хан орда – ежелгі Созақ қаласы болған. Қазақ хандығының екінші астанасы – Сығанақ қаласы болып саналғанымен, нақты қай кезең екені туралы деректер жоқ. XVI ғасырдың аяғынан XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін түркі тілдес халықтардың рухани, саяси, ірі сауда және қолөнер орталығына айналған Түркістан (Яссы) қаласы қазақ хандығының сол кездегі астанасы болған. Шығыс дереккөздерінің мәліметтері бойынша Қытайдан Еуропаға апаратын Ұлы Жібек жолындағы ежелгі қалалардың бірі – Ташкент. Қазақтар 1586 жылы Ташкентті жаулап алып, 1630 жылы осы қала Қазақ хандығының астанасы болып бекітілген. Шамамен 100 жылдай Қазақ хандығының ордасы болған. Бірақ 1923-1927 жылдарындағы Ақтабан шұбырынды кезінде қазақтар Ташкент қаласынан айырылып қалады...» деп әңгіме желісін сонау замандардан тарта келіп, бүгінгі Астанаға әкеліп тіреді.
Қазақстан Президентінің телерадио кешені директорлар кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов болса бүгінгі жаңа Астана рухын қалыптастырудағы негізгі тәсілдер жөнінде сөз сөйлеп, тарихи жадымызды жаңғыртатын шынайы дүниелердің архивте шаң басып жатқандығына қынжылыс білдірді. Конференцияға Ұлттық архив директорының орынбасары Әсет Несіпбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қаласы бойынша филиалының төрайымы Нәсіпжан Абдрахманова, «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуарбек Ералы, «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Алтынбай Мұса қатысып, ойларын ортаға салды.
Конференция аясында қатысушыларға архив қорындағы құжаттар негізінде ұйымдастырылған «Ұлы Дала астаналары» атты көрме және университет қабырғасындағы мұражай экспонаттары көсетілді. Сондай-ақ конференцияда архив саласында талай жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан Дәметкен Омарова, Елена Кулакова, Рашида Ибраева, Көшкенбай Кенебаев сынды қызметкерлерге 1 қазан «Халықаралық қарттар күні» мерекесіне орай, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»