Әлем • 01 Қазан, 2018

ТМД Саммитінде серіктестікке серпін беретін шешімдер қабылданды

544 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде өткен Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты. 

ТМД Саммитінде серіктестікке серпін беретін шешімдер қабылданды

Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысына Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Пре­мьер-министрі Никол Пашинян, Мол­дова Президенті Игорь Додон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Түрікменстан министрлер кеңесі төра­ғасының орынбасары Пурли Агамурадов келді. Айта кету керек, Қырғызстан бас­шысы С.Жээнбеков пен Армения Пре­мьер-министрі Н.Пашинян ТМД кеңесіне тұңғыш рет қатысып отыр. 

Биыл ТМД-ға төрағалық ету міндеті Тәжікстан тарапына берілген болатын. Сондықтан жиынды осы елдің Пре­зиденті Эмомали Рахмон ашып, ұйым аясында ынтымақтастықты ны­ғайту үшін ауқымды шаралар атқа­рыл­­ғанын атап өтті. Тәжікстан осындай іргелі жиын­дардың ұйымға мүше мем­­лекеттер ара­сындағы қарым-қаты­нас­ты нығайтып, дамыта түсетінін мәлім­деді. 

«Бірлесе жасаған жұмыс нәтижесінде қарым-қатынастың бүкіл салаларын қам­титын маңызды жұмыстар атқарылды. Тә­жік­стан тарапы төрағалық міндеті алдында 40-қа жуық отырыс өткізіп, терроризм, экстремизм және есірткі тасымалына, экономикадағы қылмыс пен  заң­сыз көші-қон және адам саудасына қарсы күресу жөніндегі мәселелер ын­тымақ­тастықты нығайтудың басты тақы­рыптары болды», деді Э.Рахмон.

Бұдан кейін ТМД атқару коми­тетінің Төрағасы Сергей Лебедев күн тәр­тібіндегі мәселелерді таныстырды. Жиынның келесі кезеңі шағын құ­рам­да, жабық есік жағдайында өтті. Шағын құрамда өте­тін отырыс­та ТМД-да әріптестікті нығайту мәс­елесі, ұйымға төрағалық және келе­сі оты­рыс­тың қайда өтетіні туралы мәсе­ле­лер тал­қы­ланды. 

Отырыста Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев ТМД аясындағы қарым-қаты­настарды нығайтып, дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ ұйым­ды реформалау және Достастықтың тұжы­рым­да­малық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиім­ділігін атап өтті.

Президент мемлекетаралық қа­ты­настарды одан әрі тереңдетуге сеп­тігін тигізетін бірқатар маңызды бағыт­тарға назар аударды. Атап айтқанда, ТМД-ның экономикалық негізін ны­ғайтып, елдер арасындағы сауда кедер­гілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді. 

Бұдан кейін Елбасы сауда-эконо­ми­калық қатынастарды кеңейту және ТМД-ға мүше барлық елдердің көлік-транзит әлеуетін пайдалану жөніндегі мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар ғылыми-ғарыш, цифрландыру және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, ТМД-ға мүше елдердің бәрін Қаржы орталығының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

Кеңейтілген отырыста ТМД Ат­қару комитетінің төрағасы Сергей Ле­бедев баян­дама жасап, күн тәртібіне қо­йылатын мәселелерге тоқталды. Кеңес мүшелері алдымен ТМД-ны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. 

Осыдан кейін ТМД-ға 2019 жылы төрағалық мәртебесі қаралды. Ережеге сәйкес, келер жылы бұл міндет Түрікменстан тарапына берілуі тиіс болатын. Мемлекет басшылары бірауыздан Түрікменстанның кандидатурасын қолдап шықты. Алайда ТМД-ға Өзбекстан да тең төраға ретінде бекітілді. 

«Түрікменстан тарапының ұсынысы бойынша ТМД елдері басшылары кеңесінің келесі саммитін 2019 жылы 11 қазанда Ашхабадта өткізу туралы шешім қабылданды. Кадрлық мәселелерден бөлек барлық мемлекеттер қалған құ­жат­тарға талқылаусыз қол қоюға келісті», деді С.Лебедев.

Жиын барысында бірқатар маңызды құжаттар талқыға түсті. Солардың екеуі – халықаралық келісім. Атап айтқанда, ұйымға мүше мемлекеттер Ақпараттық технология саласындағы қылмыспен күрес жөніндегі ынтымақтастық және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пай­да­лану және зерттеу жөніндегі ынты­мақ­тастық конвенциясы бірауыздан қабыл­данды.

Отырыста екінші мәселе бойынша ТМД Парламентаралық ассамблеясының төрайымы Валентина Матвиенко баяндама жасады. Оның айтуынша, конвенцияны әзірлеу жұмысына ғарыш саласындағы агенттіктер,  жоғары оқу орындары, ғылым академиялары мен конструкторлық бюролар атсалысқан екен. Былтыр ТМД Экономикалық кеңесі аталған құжатты мақұлдаған болатын. Содан бері оған бірқатар түзетулер енгізілді. 

«Конвенцияның негізгі мақсаты – ТМД елдерінің ғарышты бірлесіп зерттеу және пайдалану саласындағы байланыс­тарын күшейту. Қазіргі таңда қаржылай және технологиялық жағ­дайына қарай ғарыш саласын дамытуды дербес жүргізіп келеміз. Алайда ТМД аясында ондай байланыстардың дені – екіжақты қарым-қатынас. Негізі, осы саладағы ынтымақтастықты кеңей­туіміз керек. Соның арқасында біз өз әлеуетімізді толығымен пайдалана аламыз. Оған қоса, бізде осы салада ор­тақ тәжірибе, бірыңғай техникалық стандарттар, көпжылдық ғылыми-тех­никалық байланыстарымыз бар. Ортақ әдістеме, ортақ көзқарас та жеткі­лікті. Ендеше, ғарыш саласындағы ынты­мақ­тас­тықтың болашағы зор», деді В.Мат­виенко. 

Оның айтуынша, келісім аясында бірлескен қолданбалы зерттеулерді жүргізу көзделген. Бұдан бөлек, жерді қашықтан зондтау, навигациялық құ­рал-жабдықтар, астероидтық-коме­та­лық қауіп-қатер­лердің алдын алу, эко­ло­гия­лық қауіп­сіздік, ғарышкерлерді бірлесіп ұшыру және мамандарды даярлау шаралары да қарастырылған. 

«Конвенцияға сәйкес, ТМД мем­лекеттері арасындағы ынтымақтастық мемлекетаралық, үкіметаралық және келісімдер негізінде жүргізіледі. Ал ғарышты зерттеу мен пайдалануға қатысты нақты бастамалар мемле­кет­аралық жобалар мен бағдарламалар бойынша қолға алынады. Оны ұлттық бюджеттердің есебінен және бюджеттен тыс ақшаға қар­­жыландырады. Осы саладағы жұ­мысты ТМД Ғарыш саласындағы мемлекетаралық кеңесі үйлестіреді», деді В.Матвиенко.

Бұдан кейін күн тәртібіне Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдық мерейтойын атап өтуге дайын­дық шаралары шығарылды. Аталған мәселе жөнінде ТМД мүше мемлекеттері – мемлекетаралық гуманитарлық ын­тымақтастық қорының тең төрағасы Михаил Швыдкой баяндама жасап, атқа­рылатын шараларды таныстырды. 

Оның айтуынша, жеңістің 75 жыл­дығын тойлау бойынша 49 шара өткі­зу қарастырылған. Солардың басым бөлігі соғыс ардагерлеріне қамқорлық көр­сетуге арналған. 

«Қазіргі таңда ТМД көлемінде 100 мыңға жуық соғыс ардагері бар. Олар­ға ерек­ше назар аудару қажет екені бел­гілі. Жоба бойынша өткізілетін шара­лар­дың басым бөлігі ардагерлерге материалдық, медициналық және басқа да қамқорлық көрсетуге бағытталған», деді М.Швыдкой. 

Атап айтар болсақ, жобаның басты бағыты соғыс деректерін бұрмалауға жол бермеуге арналған. Сонымен қатар М.Швыдкой жастарға жеңістің маңызын түсіндіру қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, жеңістің 75 жылдығына ТМД елдерінің бәріне ортақ арнайы медаль жасау қажеттігін ұсынды. ТМД мемлекеттер басшылары жеңістің 75 жылдығын атап өту жөніндегі шараларды бірауыздан қолдады. 

Бұдан бөлек 1948 жылы 10 желтоқ­санда қабылданған Адам құқықтарының жал­пыға ортақ декларациясының 70 жыл­дығына байланысты Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығына қатысушы мем­лекеттердің мәлімдемесі қабылданды. 

Сондай-ақ мемлекеттер басшылары 2021 жылы Тәжікстан Республикасында «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыруға, ТМД-да 2021 жылды Сәу­лет және қала құрылысы жылы деп жа­рия­лауға келісіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жөніндегі мәлімдемені, Шың­ғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты мәлімдемені бекітті.

Сонымен қатар қорғаныс саласында да бірқатар құжаттар рәсімделді. Атап айтар болсақ, қылмысқа қарсы бірлескен күрес шараларының 2019-2023 жылдарға арналған мемлекетаралық бағдарламасы туралы, Қорғаныс министрлерінің кеңесі жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Террорға қарсы орталық жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Террорға қарсы орталықтың басшысы туралы, Қорғаныс министрлері кеңесінің жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелері жөніндегі үйлестіру комитетінің төрағасы туралы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің шешімдерінің күшін жою туралы шешімдер қабылданды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»  

Душанбеден (Тәжікстан)