24 Ақпан, 2010

АЙТЫЛМАҒАН ӘҢГІМЕ

1451 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1932 жылғы нәубетті анықтайтын үлкен шындықтың кішкентай бір дерегі Алматыда Мұхамеджан Әбді­­халықов деген қария бол­ды. Ұлы Отан соғысы жыл­дарында Қа­зақ­­стан Компартия­сы орта­лық ко­ми­­теті­нің идео­логия жөнін­дегі хат­шы­сы дәре­жесіне дейін кө­те­рілген ағамыз еді бұл кісі. Бауыр­жан Момыш­ұлының қазақ тілі­нің жағдайы туралы майдан­нан хат жазатын кісісі осы Мұ­хаң-тын. Соны білетін­діктен 90-шы жыл­­дардан бастап қа­рия­­ға ба­рып, жиі әң­гіме­лесіп жүр­дім. Бұл кісі Бәу­кең өмірінен басқа да жағдай­ларды жақсы біле­тін. Бірде Мұ­хаң әдеттегі­дей ойлы, сабырлы қалпын сақтай отырып: – Рахы­малы Байжарасов деген ағаң­ды білесің бе? – деп маған қадала қарады. – Естуім бар, – дедім қарияға. – Ол Алматының іргесін­дегі Қарасай ауданында дүние­ге келген, бос сөз сөйлемейтін, өзі білмейтін іске аттап аяқ бас­пайтын, сыпайы жігіт еді. “Ха­лық жауы” деген жала­мен көп жыл айдауда болып қайт­ты. Елге келген соң да көп өмір сүрген жоқ. 60-шы жылдар­дың аяғында бақилыққа аттанып кетті. Екеуміз құрдас әрі көңіліміз жақын жандар едік. Қатар оқы­дық. Ол Қарағанды қалалық партия комитетінде екінші хатшы боп істеп жүргенде мен де сондағы облыстық партия комитеті үгіт-насихат бөлімі­нің меңгерушісі едім. Анда-санда оңаша кездесіп, сырла­сып тұра­тынбыз. 1937 жылы Рахымалы Пяти­горскідегі курортқа барады. Барса, танысы Кахиани Пяти­горск өлкелік партия коми­тетінде істейді екен. Ол 1932-1933 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хат­шысы, Рахымалы өлкелік ком­сомол комитетінде бөлім мең­герушісі боп істеген. Кахиа­­ни­мен етене таныс, жиналыс­тарда, түрлі кездесулерде кездесіп, сөйлесіп жүрген ғой. Сол адам курорт әкімшілі­гіне Қазақстаннан басшы қыз­меткерлер келсе маған хабар­лап айтып қойың­дар деп тап­сырма берген екен. Сана­­торий директоры Қара­ғандыдан бір басшының демалып жат­қанын хабарлайды. Кім екенін фами­лиясынан таныған Кахиани Рахымалыны іздеп келіп аман­дасып, үйіне алып барады. Ұйықтамай, түнімен әңгіме­леседі. Мирзоянның қалай істеп жат­қанын, халықтың жағдайын, бәрі-бәрін сұрайды. Атасы басқа адам ғой. Біздің ашаршы­лық жылы қырыл­ғаны­­мызға ет жүрегі езіле қай­ғырып, ұлтымызға сондай жаны ашиды екен. – Өзі де ұйықтаған жоқ, маған да ұйқы бермеді,–деп айтып келді Байжарасов. Кахианиды мен де жақсы біле­тін­мін, жақсы көретінмін. Оның үлкен бір адамгершілік қасиеті–Қараған­дыда Түсіп Күзем­баев деген озат шахтер, стахановшы болды. Ол да, Мирзоян да Күзем­баевты Күзем­баев демейтін. Егде­лігіне қарап ылғи: “Түсеке, Түсеке”, – дейтін. Екеуі де қазақ­тар­дың жасы үлкендердің атын атамай­тын әдетін біліп алған еді. Кахианидың активте сөйле­ген сөзін талай тыңдадым, газет­ке жазғандарын да оқыдым. Жұмыс­ты грузиндер тиянақты істейді ғой. Ол кісі атқа да мініп, мәши­немен де баратын жерге мәшинемен барып, Қазақстан­ның түкпір-түкпірін аралап, жағдайды сөзге қарап емес, өз көзімен көретін кісі еді. Қарағандының шахтерлері тұрмы­сымен танысқаны тіпті қызық. Бір сапарында кеншілер­дің жұмыс істеп жатқан жерлері­­не, үйлеріне барып, жағатын отынына дейін көңіл бөлген. Арты­нан үлкен активте: “Астық жетпейді, тамақ аз дейік. Ал енді көмір неге тапшы? Шахтер көмір қазады, үйінде жағатын отыны жоқ. Өстіп, басшылық жасауға бола ма екен? Бұл жұмыс­шыларға көңіл бөлмеген­діктен шыққан жағдай”, – деп сөйледі. Кахианидің сөз­дері, баянда­ма­лары Қарағанды облыстық газетінде жа­рия­ланып тұ­ратын. Оның тағы бір жақсы жері– көр­сетілген кем­шіліктер жойыл­ды ма, жойыл­мады ма деп екі-үш ай өт­кеннен кейін қайта кеп тек­сере­тін. Мінбеге шығып баян­дама жасау орны­на: “Мен баяндама жасамаймын. Түнеу­­күнгі бәлен сағатқа созыл­ған сөзіміз аяқсыз қалыпты. Оны орындаған ешкім жоқ. Тағы соны қайталап, езіп отырамыз ба? Одан не пайда? Сендерге айт, айтпа, енді бәрібір”, – деп нақты шара қолдануға көшетін. Менің байқағаным, ол кездегі басшылар, Кахиани да, Мирзоян да елді көп аралап, жергілікті жерлердегі жағдайды өз көзімен көретін. Левон Исаевичтің белі ауыратын. Жұлыны кеуіп қала беретін. Чехословакияға барып емделді, ем қонбады. Мирзоян өзі ұзын бойлы кісі еді. Жоғарыдағы сырқатына байланысты ылғи еңкейіп, бүкірейіп жүретін. Сол ауруына қарамай тыным таппаушы еді. Нұсқаушы­лардың пәлен, түген деп жазып әкелген­деріне сене бермейтін. Кахианидің де, Мир­зоян­ның да стилі – қағазда шын­дық жазыл­ған ба, жоқ әлде басқаша ма деп қажып, шар­шағанына, ауру-сырқаулығына қарамай жанын аямай, бәрін өздері аралап көретін. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин астық дайындау жоспарын тағы да көбейтейік дегенде Кахиани қарсы шығады. Ол тәжірибе, іскерлік жағынан Құжаң атанған республика басшысының әкесін­дей кісі еді. – Енді бүкіл қазақты қыра­мыз демесек, астықтың жос­парын көбей­туге болмайды. Он­сыз да халық қыры­лып жатыр, – деген. Содан өлкелік партия коми­теті бюро­сында дау шығады. Біздің қазақ басшы­лары­ның бір нашар жері–пікірін айтпай бұғып отырып алған. Кахиани: – Онда комиссия құрайық. Жағдайдың бәрін айтып, Сталин­ге хат жазайық, – дейді. Оның бастамасымен Голоще­кин, Исаев, Кахиани үшеуінен комис­сия құрылады. Үшеуі жағ­дайды тексеріп, танысқан соң, Ста­линге бірігіп хат жазбақ бола­­ды. Исаевпен ақылдасқан, ақылдас­пағаны белгісіз, Голо­щекин қулық­қа салып, Кахиа­ниге айтпай, бір күні бюро өткізеді. – Мен Ио­сиф Вис­сарио­но­вич­пен сөй­лестім. Қазақ­станда ашар­шы­лық қаупі жоқ, аздаған кем­шіліктер бар, оны жөндей­міз дедім. Ол кісі менің пікірімді дұрыс деп отыр, – дейді. Сонда Кахиани: – Сенің мұның қалай? Үш адамнан ко­миссия құрдық емес пе? Неге оны мен біл­меймін, неге Исаев білмейді? Аш халық қы­надай қырылып жатыр. Оған қа­лай біз көз жұ­мып қа­рай ала­мыз? Саған ең маңызды мәсе­лені жеке ше­шуге кім құқық берді? Сен бәрі­мізді алдадың,–дейді. Кахиани Мәс­­­­­­кеуде үлкен бедел­ге ие, ақыл­­­­­ды, тәжіри­белі адам-тын. Қазақ халқына жаны ашып, Ста­­­­линмен өзі сөй­леседі. Көсем Голощекинді, Исаев­ты, Ка­хиа­ниді шұғыл Кремльге шақы­рып, бюро оты­ры­сында үшеуін тың­дайды. Сол бюро­да Голоще­кинді ор­ны­­нан алады. Сталин Кахиа­ниге: – Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы сен өзің бол,–дейді. – Бола алмаймын. – Неге? – Арым жібермейді. Қазақ халқының қырылуына мен де кінәлімін. Голощекин­нің сола­қай саясатын тым кеш түсін­дім. Оған дер кезінде тосқауыл қоя алмадым, – деп шынын айтады. Кахиани бір жағынан жазып жүретін, қаламы жүйрік журналист те еді. Сталин: – Олай болса, “Правда” газетінің редколлегия мүшесі боп қал,–дейді. Сөйтіп, Кахиани бізден кетті. Ол кісі Қазақстанда көп дегенде бір жылдай ғана істеген еді. Мұхаметжан аға аз-кем ентігін басып: – Сен Эйхо деген кісіні естіп пе едің?–деді маған тағы да ойлы жанарын қадап. – Жоқ. – Батыс Сібір өлкелік пар­тия коми­тетінің бірінші хат­шы­сы Эйхо деген кісі болды. Ескі революцио­нер, ұлты латыш. Бір кезде ВКП (б) орта­лық коми­теті­нің бюрос мүшелігіне кан­ди­дат, кейін Ауыл шаруа­шы­лығы халық комиссары болған. Ол кезде Батыс Сібір өлкесінің орталы­ғы Новосібірде еді. Онда кен орындары көп. 1932-1933 жылдары Семей, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарының қазақтары Сібір­дің қалаларына қайыр сұрап қаңғып барған ғой. Көше толы аш, жалаңаш қазақтарды көріп, Эйхо Сталинге: “Тамақ іздеп, қайыр сұраған Қазақ­станның адам­­дары Сібірге қаптап кетті. Онда жағдай мәз емес-ау”,–деп хабарлаған. Сөйтіп, Сталин­нің Голо­щекин­ді Мәскеуге шақыр­тып, оның мәсе­лесін бюрода қарауына Эйхоның да себі тиген. Содан өзім Эйхоны жақсы көріп кеттім. 1938 жылға дейін ол кісінің аты шығып жүрді. “Ха­лық жауы” делініп ұсталып кетті ме, кейін аты шықпай қалды. Қазақстандағы аштыққа қарсы күреске көлденең адам­дардың қос­қан үлесі де бар. Со­лар­дың көрнек­тісі – жо­ғары­дағы жандар. Бұлар­ды да біліп жүргеніміз дұрыс-ау. Өйткені, үлкен шын­дықтың ашылуына кішкентай дерек­тер де сеп­тігін тигізері анық. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, Алматы.