Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Қыркүйек бояулары

709 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қыркүйекте де мамыр айы секілді жер дүние гүлдеп кеткендей, алуан түсті бояуға енеді. Жалпы, Торғайдың даласына табиғат шілдеден былай-ақ алтынның буын бүріккендей, сарғая бас­тайды. Алты ай жазда аспаннан түсетін нәр сирек болған соң да, шөп тоқ жасыл күйін ұстап тұра алмайды. Қыркүйек келгеннен-ақ тоқ сары дала қоңырқай тартады. 

Қыркүйек бояулары

Торғай өңірі

Ал Арқалық қаласы маңын байырғы тұрғындар «Қызыл қо­зы» атаған екен. Тіл ұшы­на әдемі үйірілген сұлу сөз топырақтың түсіне қарап айтылған болар, бәлкім. Бұл жердегі саз кеннің белгісі екенін қазекем аңғармаған шығар, бірақ тілдің құнары топы­рақтан да асып түскен ғой, сірә, «Қызыл қозының» өзі осы жердің тегін емес екенін айтып тұрған жоқ па?.. 

Енді сол боксит кенін өн­ді­ретін Торғай боксит кен бас­қар­­масы елге де, егесіне де бе­рерін беріп болғанға ұқсайды, «жа­қын жылдары кеннің қоры сар­қылады» деген мамандар бол­жамы шындыққа күн сайы­н жа­қындап келеді. Өндірістің аты – өндіріс қой, ол жабылса, бюд­жеті арқасын сүйеп отыр­ған Арқалық қаласына да, нәпа­қасын кен орнынан айырып отырған 800 арқалықтыққа да оңай тимейді. Тығырықтан шы­ғар жол – Торғай өңірінде мал ша­­руашылығын дамыту болып отыр. Қыркүйектің шуақты күн­дерінде Арқалық қаласында мем­лекеттік индустриялық-инно­вация­лық бағдарлама аясында «Торғай ЕТ» қуатты, заманауи ет комбинатының құрылысы қарқын алған. Құрылысты облыстың оң­түстік өңірінде қарқынды жұ­мыс істеп жатқан жергілікті «Ал­люминстрой» ЖШС қолға алды. Қазір Польшадан келген мамандар жабдықтарды құрастыру ісін жүргізіп жатыр. Бір-екі айда тұсауы кесіліп, сою цехы мал қабыл­дай бастайтын түрі бар. 

Тамыздың тоқтығы қыр­күйекте қай­та қоймайды, малдың күйін келтіреді. Дала қоңырқай тартқанымен, буыны қатқан шөп­тің құнары төрт түліктің бойына жұға түседі. Қырды ақтылы қой­­дың тұяғы тоздыратын Тор­ғайдың бұрынғы берекесін қал­пына келтіру бүгінде осы өңірде туған әрбір жанның арманы болса, мемлекеттің бағдары да, облыстағы іс жоспары да соған орайластырылған. Елге алдымен азық-түлік керек, мемлекеттің ет экспортының әлеуетін арттыру – ауыл шаруашылығы саласының басты бағыттарының бірі. Өңдеу кә­сіпорнының жоқтығынан осы уақытқа дейін Торғайдағы ша­руа­лар етті тірідей салмақта оң­түстік өңірге жіберуге мәжбүр болды. Енді тәулігіне 10 тонна өнім өңдейтін ет комбинаты іс­ке қосылғаннан кейін малдың ба­ғасы шаруалар үшін тиімді бол­мақ. Осы өңірге келген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай өңіріндегі Амангелді, Жангелдин және Науырзым ауда­ны мен Арқалық маңына тұр­ғындардың мемлекеттік бағ­дарламамен мал алуын дамытуды тапсырды. Қуатты ет комбинатына ши­кі­затты даладан іздемейді, ол нақ Торғай өңірінен табылуы тиіс. Сонда ғана Торғай өңірі тұрғындары миллионнан асқан Астана қаласын етпен, ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. 

Өкінішке қарай «Сыбаға» бағдар­ламасы бойынша мал алу жеткіліксіз. Мысалы, Аман­гелді ауданында «Сы­баға» бағ­дарламасымен 144 асыл тұ­қымд­ы мал басы алынуы керек болса, қазір соның 90 басын сатып алуға құжаттар дайындалуда.

– Мал басын барынша кө­бей­ту керек. Міне, енді ет комби­на­ты ашылады, оған шикізат ке­рек. Мал басы көбейсе, жұ­мыс та болады, адамдардың әлеу­мет­­тік тұрмысы жақсарады, эко­­но­мика қуаты артады. Бұл өңірде ірі өндіріс жоқ, егін кө­лемі де аз, сондықтан тек мал шаруашылығын дамыта беруіміз қажет. Ауыл тұрғындарына мал басын көбейтуге қатысты мем­лекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру жұмыстарын көбі­рек жүргізу керек, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Торғай өңірінде шағын және орта бизнес негізінен қызмет түр­лерінен тұрады. Соңғы кезде өңірде мәдени-танымдық, эко­логиялық, әсіресе аңшылық-балық­шылық туризмді дамыту қолға алына бас­тады. Үштөбеде аңшылық шаруашылық та құ­рылды. Облыстың оңтүстік өңі­ріндегі туризмді, шағын және ор­та бизнесті, ауыл шаруа­шы­лығын дамыту да логистикаға тіке­лей тәуелді болып тұр. Жол жөнделмей іс оңға баспайды. Тор­ғай өңіріндегі аудандарды бай­ланыстыратын Арқалық – Торғай тас жолының 120-ші –135-ші километрінің арасына күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мамандар бес жылға дейін мүлт етпейтініне кепіл бе­ріп отыр. 

 Қыркүйек қаһарлы қыс туралы да ойлантады. Бұл орайда Арқалықтың өзге өңірге қара­ғанда мұңы бар. Көптеген жыл­дан бері қала республика бюд­жетінен қаржыландырылып, ең қымбат отын мазутпен жылытылады. Арқалықты жылыту жылына бір миллиардтан аса теңгеге түседі. Қазандықты мазуттан көмірге ауыс­тыру туралы жыл­да айтылады, бірақ іс әлі сөз жүзінде қалып келеді. 

– Қазандықты көмірге ауыс­тыру туралы Үкіметтен қар­жы сұрап, қуатты инвесторлар іздестіріп келеміз. Бізде Ар­қа­лық – Шұбаркөл темір жолы бар. Сапалы көмір Арқалықтан не­бәрі 214 километр ғана жерде тұр. Өте тиімді болар еді. Сон­да коммуналдық қызмет те арзандайды, бизнеске де мол мүмкіндік туар еді, – деді Архи­мед Бегежанұлы. 

Тобыл өңірі

Қыркүйек бар өрнегін Тобыл бойының ағашты-тоғайлы өңі­ріне салғандай. Аққайың, көк терегі сары алтыннан сырға тақты, ал үйеңкісі алқызыл түске малынды. Астық алқаптарына табиғат алтын жалатқалы қа­шан. Қостанайды Тәуелсіз Қа­зақ­станның астық дер­жавасы атандыруы да Тобыл бойының арқасы екенін білесіз бе?! Биыл Қостанайдың онсыз да шыбынсыз жазы қамшының сабындай шолтиып, егінге аса қолайлы бола қоймаса да, диқан кеусені ортаймайтын түрі бар. Қазанның бас жағына қарай егін орағын аяқтап та қалады. 

Бүгінгі уақыт диқандарды жаңа және цифрлы технологияға ұмты­луға итермелеп отыр. Ол жыл сайын беріп жатқан 5 мил­лион тонна астықтан көрі­неді. Соңғы жылдары нарықт­ың ың­ғайына барып, егін алқап­тарын әртараптандыру бұрын­ғыдан жылдамырақ жүріп жатыр. Көптеген диқандар ал­қабының жар­тысына жуығын майлы, бұр­шақ дақылдарын екті. Д­е­генмен ас атасы нанның те­гі бидай екенін де ұмыт­па­ған жөн. Қыр­күйектің басы нө­­серлеген жаң­бырлы болған соң, техника алқапқа түсе алмай, көңіл жүдет­кен еді, соңғы ап­таларда аспан шайдай ашылып, диқан шекесін қыздырып-ақ тұр.

Сарыкөл ауданындағы «Мели­то­польский» шаруашылығы 13 мың гектар алқапқа бидай сепкен. Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі агроном ғалым марқұм Ва­лентин Двуреченскийдің ұлы Эдуард Двуреченский бас­қа­ратын шаруашылық та әке жолымен топырақ өңдеуге алдымен мән береді. Нәтижені қараңыз, биылғыдай қолайсыз жылдың өзінде гектар түсімі 18,7 центнерден айналып жатыр. 

– Бидайдың 8 сортын егеміз. Эле­ваторға қамырлылығы 24 және одан да жоғары болатын үшінші класты бидайды тапсырамыз. Жоғары өнімді «Челябі 75» және «Кинельская юбилейная» жаңа сорттары беріп жатыр. Біз экспортқа шығаратын сапалы бидай өсіруді мақсат етіп отырмыз, барлық жұмыс осы­ған бағытталады, – дейді Э.Двуреченский. 

– Біз астық жинауда был­тыр­ғыдан 10 процентке қалып отырмыз. Бірақ абыржудың керегі жоқ, барлық алқап би­дайының 80 проценттен астамы қамбаға құйылды. Көктемгі дала жұмыстарына 76 мың тонна жанар-жағармай алған едік, енді тағы арзандатылған бағамен 13 мың тонна жанар-жағармайды астықты кептіруге алатын боламыз, өтініш бере беруге болады, – деді диқандармен кездескен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Күздің қарбаласы тек астық жинау­да ғана емес, оны лайық­ты бағасына өткізу диқан жұмы­сының соңғы түйенің жүгіндей ауыр тұсы. Биыл алармандар тоннасына 50-55 мың теңге сұрап отыр. Азық-түлік корпора­циясы әлі астықтың ресми бағасын жа­риялаған жоқ. Соны күткен ди­қандар астық сатуға әлі асық­пайтын сыңайлы. 

Сарысуға көрші Қарасу ауданында астықтың орташа түсімі гектарынан 10 центнерден айналуда. Қай ауданда болсын астық­ты сақтау өзектілігі күн тәр­­тібінен түспейді. Бұл ауданда астық сақтайтын қоймалар мен элеваторлардың сыйымдылығы 786 мың тонна болады. Астық кеп­тіретін 30 агрегат та жұмыс істеп тұр. Малдың қыстық жем-азығы астыққа аттаныстың тасасында қалмайды.

– 91 мың тонна шөп, 32 мың тонна пішен, 36 мың тонна сүрлем дайындалды, ал қазір сабан дайын­далып жатыр, – деген ақпарат берді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаев.

Торғай өңірінде де, Тобыл өңірінде де қысқа дайындық деген­де алдымен отын ауызға ілінеді. Көмір тасылып алынды, мазут жыл сайын бір ду әңгіме болады да, қыстан шығарады. Аудан­дарда тұрғын үйлер салынып жатыр, ауылдың ескі үйлері осылай жаңара түсер. Зырғып-сырғып өтіп бара жатқан қыр­күйек бояу­лары осындай. Алда қазанның өмірге, еңбекке ынтықтыра түсетін шуақтары бар әлі...

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы