Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда машина жасау өндірісі 21 миллиард теңгеге азайған

598 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл өңірдің машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 31,3 процентке төмендеп, 21 миллиард теңгенің өнімін жоғалтқан. Өңірде шығарылатын барлық өнеркәсіп өнімдерінің 60 процентке жуығы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамындағы С.Киров атындағы, Петропавл ауыр машина жасау, «Мұнаймаш» зауыттарына тиесілі. Олар болса тапсырыстардың аздығын сылтауратып, мемлекет қолдауына үміт артқылары келеді.

Солтүстік Қазақстанда машина жасау өндірісі 21 миллиард теңгеге азайған

2015 жылдан бері қорғаныс бағы­тын­дағы тапсырыстар көле­мі 7,9 мил­лиард тең­геден 3,9 миллиард тең­геге дейін азайған. Кәсіпорын бас­шы­­ларының жаңа нарық көздерін іздес­тірмегені, қосалқы өндіріс түр­лерін игермегені секілді самарқау қимыл­дары облыстық әкімдіктің отырысында қатты сынға алынды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тек үкіметтің көмегіне иек арту, бәрін мемлекет шешеді деген дағдыдан арылып, жыл аяғына дейін берген уәде үдесінен көрінуді талап етті. «ЗИКСТО» АҚ-ы да жекеменшік қарамағында. Келесі жылдан бастап контейнер, астық тасымалдайтын платформалар мен заманауи вагондар шығаратын ауқымды жобалар қолға алынбақ. Олай болса, технологиялық жаңғырту – кезек күт­пейтін міндеттердің бірі. «Петропавл ауыр машина жасау» АҚ-да мұнай-газ кешендері үшін құрал-жабдықтар өндіру көлемі 50 процентке дейін төмендеуі салдарынан жалақы мөлшері де, жұмысшылар саны да қысқарған. Тапсырыстар портфелі 4,4 миллирд теңгені ғана құрайды. Жергілікті ұн өндірушілер де Орта Азияға өнімдерін өткізе алмай жүр. Енді Қытай еліне ұн мен бидайды экспорттаудың жолдарын іздестірмекші.

Әлі күнге дейін облыста бірде-бір кірпіш зауытының жұмыс істемеуі құры­лыс индустриясы саласында баға­ның қолжетімділігін қалыптастыра алмай келеді.

Шыбын жанын шүберекке түйіп...

Өнеркәсіп нысандарында 74 лифт тіркеуге алынса, олардың 14-і ғана ауыстырылған. Қалған­дарының тозы­ғы жетіп, пайдалану мерзімі әлдеқа­шан өтіп кеткен. Биыл жүргізіл­ген мони­торинг есебі бойын­ша сегіз кәсіп­керліктегі жедел­са­ты­лардың техни­калық талап­тарға мүлдем сай келмей­тіні анықталған. Бұл олқылық­тар екі айдың ішінде түзетіл­меген жағдайда кіші кәсіпкерлік­терге – 30, орта кәсіп иелеріне – 50, ал ірі бизнес нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ оларға Ақтөбедегі қай­ғылы оқиғаның сабақ болатын түрі көрінбейтін сияқты. Тек «Тимирязев элеваторы» ЖШС ғана сыннан қорытынды шы­ға­рып, қондырғыны алмас­ты­рудың жобалық құжаттарын рәсімдеуді аяқтапты.

Көпқабатты тұрғын үйлерде тұра­тын тұрғындар да шыбын жанын шүбе­рекке түйіп жүр. Өйткені, мұндағы лифтілердің жайы сын көтермейді. 338 қондырғының 178-і шұғыл жаңалауды қажет етеді. Бұлардың басым бөлігі өткен ғасырдың 80-ші жылдары қойы­лыпты. Қолданылу мерзімінің бітуіне орай осыдан 10 жыл бұрын ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

– 2013 жылы Кеден Одағы комис­сиясы қабылдаған «Лифтілердің қауіп­сіздігі туралы» техникалық регламентке сәйкес қызмет көрсету мер­зімі өтіп кеткен жеделсатыларды 2020 жыл­ға дейін түбегейлі жаңалау мін­деті тұр. Бұл шара «Тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылығын жаң­ғырту» бағ­дарламасы аясында жүзеге асырылып, 2011 жылы – 5, 2012 жылы – 14, 2015 жылы 15 лифт алмастырылды. Алайда соңғы үш жылда бұл салада ілгерілеу байқалмайды. Бір қондырғының бағасы – 8 миллион, орнатуы 3-4 миллион тұратындықтан, тұрғындар мен пәтер иелері коопера­тив­терінің қаржылық шамасы жете бер­мейді, – дейді жұмылдыру даяр­лығы және азаматтық қорғау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Павел Шилов. 

Адамдар өміріне үлкен қауіп төндіріп отырған лифтлер жүйесінің қазіргі сиқы осындай. 

Құрылыс сапасына сын көп

Өңірде жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе артып, 13 көпқабатты тұрғын үй мен 211 жеке баспананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олардың жалпы аумағы 165 мың шаршы метрді құрайды. Бұл мақсат үшін 14,7 миллиард теңге қарастырылған. Келесі жылы 1600 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Алайда, қолданысқа берілген үй­лердің сапасына қатысты айтыла­тын шағымдар аз емес. Мәселен, «Береке» шағын ауданындағы Гастелло кө­ше­сінің тұрғындары екі жыл бойы жер­гі­лікті биліктің табалдырығын тоз­дыру­мен келеді. Олардың айтуын­ша, «Стройкомпания» фирмасы мем­ле­кеттік бағдарлама бойынша тұр­ғызған көпқабатты баспананы көп­­теген ақаулармен тапсырыпты. Бе­сінші қабатқа ыстық су жетпейді. Қыста суық. Бір таңданарлығы, құра­мын­да құрылыс бөлімінің мамандары, техникалық, бақылау өкілдері бар комиссия кемшіліктерге көз жұма қара­ған тәрізді. Олқылықтарды түзету­дің кепілдік мерзімі өтіп кетке­ніне алаң­даған арыз иелері моральдық және мате­риал­дық шығындарды өтету үшін сотқа жүгінуге бекініп отыр. Компа­ния­­ның кінәсі дәлелденсе, тендерге қа­ты­су құқынан екі жылға дейін шеттетіледі.

Осы шағын ауданда Қазақстан ипо­текалық компаниясы арқылы тамыз айында салтанатты түрде тапсы­рыл­ған бес қабатты үйге әлі күнге дейін газ жүйесі қосылмаған. Амалсыз электр плитасын пайдалануға мәжбүр. «Се­вимсталькон» компаниясы мен қала­лық әкімдіктегілер үш күннің ішінде барлық қажетті коммуни­кация­лар­­мен қамтамасыз етуге мін­детті екені белгілі болса да, бұл талап не себепті орындалмай отырғаны түсініксіз. 

Берешекке белшеден батқан

«Қарыз күліп келеді, жылап кетеді» деген рас-ау. Алайда өңір тұрғын­дары «алаған қолым – береген» деген қанатты сөзді естен шығарып алған тәрізді. Қазақстандықтар екінші дең­гейлі банктерге 5,6 триллион теңге қарыз болса, 6,5 миллиарды Сол­түс­тік Қазақстан тұрғындарына тие­сілі. Былтыр берешекке белшеден бат­қанына қарамастан биыл да «тегін ақшаны» қалтаға салудан алдарына жан салмай тұр. Жалпы кредиттер мөлшері 77,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 14 процентке өскен. Сауда саласындағылар қарыз бойынша алдыңғы орында.

«СевКазЭнерго» ЖШС-тың баспа­сөз қызметі жариялаған мәлімет­тер бойынша электр қуатын тұтынатын 85 мыңға жуық тұрғынның оннан бірі уақытылы есеп айырыспайды екен. Соның салдарынан дебиторлық берешек 300 миллион теңгеден асып кеткен. Былтыр 4500 тұтынушы электр желі­сінен ажыратылып, желіге рұқ­сат­сыз қосылған борышкерлердің істері сотқа жолданған. Қарызды өтеу үшін дүние-мүлікті тәркілеу, пәтер­лер мен автокөліктерді саудаға қою, бо­рыш­керлердің ел аумағынан шы­ғуы­на тыйым салу, еңбекақы мен жалақы­дан ұстап қалу секілді мәж­бүрлік шаралардың нәтижесінде 334 тұлға қарызын жедел төлеген. Әкім­шілік сот 1300 тұтынушыға 165 миллион теңгені өтеу туралы шешім шы­ға­рған. 20 миллион теңгенің 150 талап-арызы қаралуда. Олардың арасында қалталы азаматтар, кәсіпкерлер аз емес.

«Қызылжар су» кәсіпорны қарызды қайтартудың оңтайлы әдісіне көш­кен. Атап айтқанда, арнайы қондыр­ғы­лардың көмегімен бірқатар пәтерлердің кәріз жүйесі тоқтатылған. Сол-ақ екен, 5 миллион теңгеге жуық қарыз қайтарылған. Бұл амал қарызын үш ай бойы төлемеген адамдарға ғана қолданылады. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы