Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Жамалбек Шәймерденұлының өнегелі өмірі туралы

1030 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер-азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Жамалбек Шәймерденұлы таршылық қиын кезеңде қарапайым отбасында туып, тәрбиеленіп, бар ғұмырын, күш-жігерін елге қызмет етуге арнаған асыл азаматтар қатарына жатады. 

Жамалбек Шәймерденұлының өнегелі өмірі туралы

Ол жаны жайсаң, қарапайым, кішіпейіл, ақыл-парасаты мен қайырымы мол, білімі терең, табиғаты таза, өресі биік, халықпен етене араласып жұмыс істейтін еңбексүйгіш, іскер, дарынды басшы болды. Әрине ағамыздың бойындағы жақсы қасиеттер көп адамдарға тән десек те, Жақаңның кішіпейілділігі, қарапайымдылығы, елгезек мінезі мен адамдарды жақсы көруі, бауырмалдығы мен ұстамдылығы оның жаратылысынан туа біткен, өзіне ерекше жарасып тұратын табиғи құбылыс еді. 

Жақаңның жан тазалығы мен мейірімділігі, үлкен адамгершілігі мен сабырлығы, іске деген жауапкершілігі, қай нәрсеге де байыппен қарайтын байсалдылығы, дуылдақ әсіреқызылдан аулақ ішкі мәдениеті, жүріс-тұрысы, бәріміз үшін, Жақаңмен сыйласып, аралас-құралас болған қызметтес жолдастарына, замандастарына, достарына, інілеріне үлгі-өнеге еді. 

Жақаңның бойына жинақталған осы бір асыл қасиеттер оның тектілігі мен өмірдің қиыншылықтарын басынан өткізіп, алған сабақтарының жиынтығы шығар деп те ойлайсың. 

Жақаңның ата-бабалары текті адамдар болған. Атасы Нарбек кезінде ел билігіне араласқан, өзі шешен, болыс болған адам. Ісі халыққа да билікке де жаққан. Ел аузында Нарбек айтқан екен деген сөздер осы кезге дейін айтылып келеді. 

Әкесі – Шәймерден ұжымдастыру кезінде белсенді қызмет еткен еңбекқор, еңбегімен көпшілік құрметіне бөленген адам болған. Ол 1930-1935 жылдары қазіргі Сайрам ауданының Тастақ деген жерінде Сталин ұжымшарының басқарма бастығы болып қызмет істеп жүріп, ауырып, көз жұмған. 

Жақаңның анасы Балкүл апа – ақылды, ұстамды, сөзге өткір, көпке басу айтатын, ел тыңдайтын беделді кісі болған. Балкүл апай – бес баланың анасы. Күйеуі ерте қайтыс болып, ауруханада, науқастарға киім тігіп, кеңсе сыпырушы болып, шиттей бала-шағаны асырап, оқытып, өткен ғасырдың 40-50-жылдары бәріне жоғары білім әперген. Балкүл апайды ел құрметтеп, «Пірәдәр» деп атапты. «Пірәдәр» деп ел, көпшілік ерекше құрметтейтін, халықтың ризашылық сезіміне, сүйіспеншілігіне бөленген адамдарды айтатын. Ол кісі 1970 жылы жетпіс жасында дүниеден озған. 

Жақаң жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Жамбыл облысы Шу ауданының жаңадан құрылып жатқан «Далақайнар» астық совхозына бас агроном болып бастайды. Екі жылдан соң осы облыстағы Луговой ауданының Ленин атындағы кеңшарға директор болып тағайындалады. Үлкен кеңшардың директоры болып тағайындалғанда Жамалбек Шәймерденов небары 26 жаста екен. Сонан соң ауданның жер басқармасының бастығы, Жамбыл облыстық партия комитетінің ауыл­шаруашылық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады.

1962 жылдың көктемінде аудандар ірілендіріліп, Жамбыл облысының екі ірі ауданы Меркі мен Луговой біріккен кезде, осы біріккен ауданның өндірістік-территориялық басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. Бұл екі аудан облыстағы егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған алдыңғы қатарлы ірі аудандар болатын. Бұл үлкен жауапты жұмыс еді. Ол кезде ауданның өндірістік-территориялық басқарма бастығының лауазымы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті Бюросының номенклатурасына жататын. Жақаң жастық жігерімен күн демей, түн демей бар күш-жігерін салып, қызмет атқарады. Өңір көрсеткіштері бойын­ша республикада алдыңғы қатарда тұр­ды. Астық, қызылша, жүгері өсіруде, ет, сүт өндіруде өндірістік-территориялық бас­қарма қарамағындағы шаруашылықтар респуб­ликадағы озат тәжірибе мектебіне айналды. 

Жақаңның алғыр қабілеті, сезімталдығы, басқару ісінің тетігін меңгеруі, қай жұмыстың болсын алдын ала бағытын танып, оны болжай білуі мемлекеттік масштабта ойлауы, әртүрлі сала мамандары мен басшыларын тыңдап, олардың ойының түйінін тауып, түсіне білуі және үлкен істерге жұмылдыра білуі оны ылғы табыс биігіне жетелей түсті. 

Жақаң азаматтығы мен ар-намысын ту етіп көтеріп, әділет пен адалдық жолынан ай­нымаған, адамгершілік қасиеттерін жоға­ры ұстап, бүкіл ғұмырын, еңбекке деген құш­тар­лығын, күш-жігерін елге қызмет етуге бағыт­таған аға ұрпақтың белсенді өкілдерінің бірі. 

Еліміз егемендік алған тұста Жақаң ағамызбен бір кездескенімізде: «Саясат та, заман да, қоғам да өзгерді. Еліміз егемендік алды. Бабалар армандаған арманы орындалды. Енді Тәуелсіз Қазақстан үшін, оның іргетасының мықты болуы үшін аянбай еңбек етіңдер. Елбасының айналасына топтасып, қолдау көрсетіңдер. Ол – алғыр, көреген басшы. Еңбекте құрыштай шыңдалған. Үлкен асуларды алуға күш-қайраты да, білімі де жетеді. Алайда өткенді, коммунистік идео­логияны жаппай жамандауға болмайды. «Өткен қоғам – теріс» деген жалпылама қысқа түсініктеме. Сол заманда бәрі қара түнек болып еді деп ойлау әрі әділетсіз, әрі қиянат. Өткенге тас лақтыра бергеннен пайда таба қояр ма екенбіз. Өмір өткеннен сабақ алудан тұрады. Өткен жүйенің жақсы жақтарын да пайдалана білу керек. Өткен тарихтың барлық кезеңі де, оның саяси бейнесі, келбеті қандай болса да ол біздің елдің тарихы. Біз осы дәуірде еңбек етіп, отқа да, суға да түстік. Бойымыздағы бар күш-жігерімізді халық игілігіне арнадық, ел мен жердің көсегесін көгертіп, көркейген үстіне көркейтуді армандап еңбек еттік. Осы арманды асыл емес деп кім айта алады. Мен бүкіл ғұмырымды ел ырысын молайтуға, елдің береке-бірлігін нығайтуға, халқымыздың бақытты өмір сүруіне арнадым» деп айтқаны есімде. 

Жақаң ағамыз төрешілдік, әкімшілдік жүйенің тұсында қызмет етсе де, өзін халықпен байланыста өте қарапайым, жұпыны ұстай білді. Ол қай жерде болса да, кеңседе, үйде, далада болсын, кісі өтініштерін, талап-тілектерін тыңдап, оларды тез шешіп отыратын. Сөзбұйдалыққа, төрешілдікке жаны қас, өсек-аяңмен ісі жоқ, ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын, асып тасымайтын адам еді. 

Тың игерудің алдында ғана ғалым-агроном мамандығын меңгерген Жақаң жаңадан құрылған астық кеңшарында бас агроном, директор қызметтерін атқарып, қызу еңбек майданының алғы шебінде шыңдалды, іскер ұйымдастырушы-басшы болып танылды. Оның жаңаша да батыл ой-пікірлері, ұсыныс-ескертпелері еңбекші ортада да, жоғары басшылар арасында да түсіністік тауып отырды. 

Міне, содан да болса керек, Жақаң небары 33 жасында республикада ірі өндірістік-территориялық басқарманың бастығы болып тағайындалса, 36 жасында облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, ал 37 жасында облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 37 жасында үлкен облысқа басшы болу үшін терең білім, ақыл мен парасат, іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілет керек екені бәрімізге түсінікті. 

Жақаң облыстың кеңестік атқару комите­ті­нің төрағасы болып істеген 18 жыл, облыстың саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы үл­кен қарқынмен алға қарыштаған кезең бол­ды. Осы өткен ғасырдың жетпісінші-сек­сенінші жылдары Оңтүстік Қазақстан облы­сының экономикалық қуаты республикада Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан кейін тұрақты түрде үшінші орында тұрды, ал халық саны жағынан, демографиялық ах­уал тұрғысынан, мектептер мен әлеуметтік нысандардың салынуы мен саны жағынан облыс республикада бірінші орында болды. Облыс тұрақты түрде одақтың, республиканың Қызыл туларын жеңіп алып тұрды.

Жақаң ғалым-агроном ретінде ауыл ша­руашылығын ғылыми негізде, озат тәжірибені өндіріске енгізу арқылы егін мен мал ша­руашылығын интенсивтендіру, селекция мен мал тұқымын асылдандыру арқылы еңбек өнімділігін арттыру, саланың эко­номикалық тиімділігін көтеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. 

Облыс экономикасында суармалы жер­лердің ерекше орын алатынын ескеріп, Үкімет алдына суармалы жерлерді игеру мен оның өнімділігін арттыруға байланысты мәселелерді тұрақты түрде қойып отырды. Нәтижесінде, үлкен-кіші өзендерге тоғандар салынып, жерасты суларды пайдалану, суар­малы жерлердің гидромелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар уақтылы атқарылып облыстағы суармалы жер көлемі 550 мың гектардан асып жығылды. Суармалы жерлерден алынатын өнім облыс тарихында рекордтық дәрежеге көтерілді. 

Жақаңның ерекше қасиетінің бірі – ол дос пен жолдасқа адал, мансабы биік бол­са да қарапайым, жастарға мейірімді еді. Дәлелді сөзге тоқтайтын, дәйексіз сөз­ге мойын бұрмайтын, сан құбылып, жалпақ­тағанды, сөзінде бәтуа, ісінде береке жоқ тұрақсыздықтан бойын аулақ ұстаушы еді. Адамды алалау, намысына тию, қиянат жасау, орынсыз ашу шақырып тиісу оған жат еді. 

Жақаңның қарапайымдылығын сипаттайтын көріністің бірі облысқа келген басшылар үй салып, пәтерлерін ауыстырып жатса да, ағамыз бес перзентімен 20 жыл бір пәтерде тұрып, қызмет бабымен Алматыға көшіп кеткенде, пәтерін Үкіметке өткізіп кетті. 

Жамалбек Шәймерденов ағамыздың мемлекетке, елге жасаған еңбегі мемлекет басшылары тарапынан бағаланып, ол «Ленин» орденімен, 6 рет Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. 

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмей­тұғын артында із қалдырған» деп ойшыл Абай атамыз айтқандай, бүкіл ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнаған, артында өшпес із қалдырған, мемлекет және қоғам қайраткері Жамалбек Шәймерденұлы Шәймерденовтің Тәуелсіз Қазақстан тарихында өз орны бар. Оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, 

қоғам қайраткері