Қазақстан • 02 Қазан, 2018

Метастаза қорқынышты емес

804 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттік клиниканың шақыруымен, тұңғыш рет Қазақстанға дүние жүзіне әйгілі ядролық медицина дәрігері, медицина ғылы­мының докторы, профессор Джун Хатазава келді. Президенттің іс басқармасына қарасты медициналық орталықтың дәрігерлеріне профессор «Ядролық медицина онкология, неврология және кардиологияда» деген тақырыпта шеберлік сабақтарын өткізді.

Метастаза қорқынышты емес

Атом энергиясының қуатымен ғасыр індеті аталған рак ауруларын өте ерте кезінде анықтап диаг­нозын қою және радиоизотоптар көмегімен жалмап түсер тажал дертті емдеу әдістерін пайдалану ғы­лымдағы аса бір перспективалы бағыт болып саналады. Бұл ретте, рак ауруын жаңа басталып келе жатқанында анықтаудың мәні ерекше. Өйткені жайылып кеткен өртті өшіргеннен, енді басталып келе жатқан оттың ошағын күш алмай тұрып сөндірудің тиімділігі қандай болса, ракты да неғұрлым ерте анықтау соғұрлым пациентке де, дәрігерге де жеңіл, әрі жұмсалар күш пен қаражатты азырақ талап етеді.

Денсаулық сақтау министр­лігінің дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 150 мыңнан ас­там адам «онкология» диагнозымен есепте тұрса, жыл сайын 30 мыңдай қазақстандықтың бойында онко­логиялық ауру барлығы расталып отырады екен. 

Президенттік клиника­ он­ко­ло­гиялық ауруларды емдеу­дің мүм­кіндігін кеңейтуді көз­деп, ауру­ха­наның өзінде радиоизо­топтық фармакологиялық препараттарды дайындауға қам жасауда. Ал профессор Джун Хатазава болса осы ядролық медицина саласында аса зор тәжірибелі дәрігер саналады. Азия және Тынық мұхиты бассейні мемлекеттері бойынша озық маман Джун Хатазаваның жетістіктері әсіресе нейрорадиологияда ерекше. 

Шеберлік сабақ өткізу барысында профессордың слайдтар көме­гімен радиоизотопты препарат­тарды қан тамыры арқылы жіберіп, метастазаның бетін қайтарып қана қоймай, обыр жасушалар көзінің толық жойылғанын көру және оның бас аяғы бірнеше айдың жүзінде мүмкін болуына көз жет­кізу шынында да таңданар­лықтай. Әдетте метас­таза басталып кетсе үміттің үзі­лгені, дерт­тің бойға дендегені дейтін ұғым­ға өзгеріс­тің енуі қанша­лықты қымбат де­сеңізші!

«Дүние жүзіндегі ядролық медицинаның озық клиникалары, оның ішінде Жапония қолданатын бұл тәрізді препараттарды Қазақ­станда жасауға әбден болады. Оған ядро­лық физика, химия саласы бо­йынша мамандар, зерттеуді клиникада жүзеге асыруға пейілді білікті дәрігерлер және ниет бар, сондықтан Қазақстандағы ядролық медицинаның дамуының, радиоизотопты преапараттар даярлаудың келешегі зор», дейді профессор Джун Хатазава.

Жапондық ғалым-дәрігердің ендігі бір назар аударар жұмысы мидың дегенеративтік ақаулары, яғни Альцгеймер, Паркинсон және эпилепсия сырқаттарына қатысты жұмыстары. Мұнда да Хатазава мырза аурудың енді бас­­талып келе жатқан сатысында науқас дертін атом қуатымен анықтап диагноз қоюдың әдістерін кеңінен пайдалануды ұсынады. Маманның айтуынша, магнитті резонансты зерттеумен де біраз дүниені білуге болады, дегенмен радиологиялық сұйықтықты тамыр арқылы жі­беріп, ауру ошағының дәл қай жер­де, қандай табиғаты бар екенін біліп, дәлдікпен көмекке келер ядролық медицина мүмкіндігі өл­шеусіз.

Бүгінде Президенттік клиника дәрігерлеріне радиоизотоптық диагнос­тиканың заманауи әдіс­тері туралы дәріс оқыған доктор Джун Хатазава «Osaka University» университеттік кли­­­­никасы ядролық медицина жә­не радионуклидтік кинетика бө­лі­мінің басшысы қызметін атқа­рады. Иммунологиялық зерттеу орта­лығының бас зерттеушісі, cоны­мен қатар «Азия-Тынық мұ­хит ядролық медицина және био­логия» қоғамының басшысы, Жапония ядролық медицина қоға­мының президенті.

Журналистерге профессордың сөзін аударып беріп, екі арада көпір болған дәрігер Екатерина Люгай да осы күндер ішінде радио­логиялық әдістермен пациенттерге диагноз қоюда Джун Хатазавамен бірге тәжірибе алмасып, біршама кеңестер алған. «Бұл кісінің клиникамызда болған әр минутын пайдаланып шеберлік сыныбынан тыс практикалық көмегіне де сүйеніп жатырмыз. Профессор жаңа тәжірибе алмасудың маңыз­дылығын айтып жатыр, жалпы ол кісіден біздің аларымыз әлі де көп», дейді Е.Люгай.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»