Қылқалам шеберлері ұлы ақын бейнесіне 30-шы жылдардың ортасынан, әсіресе 40-шы жылдардың басында назар аудара бастады. Бұл Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің ұйымдастырылған кезі. Музейдің ұйымдастырылуы және Абайдың таяп қалған 100 жылдық мерейтойы суретшілерге Қазақстанның белгілі суретшілерінің ұлы тұлға өмірін бейнелейтін шығармалар тудыруына мұрындық болды.
Қазір Абай қорық-музейінің ғылыми қорында суретшілердің осы тақырыпқа байланысты 900-ден астам туындысы жинақталған. Музей қорындағы бейнелеу өнері туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым экспонатты да атап өту қажет. Ол – Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Портреттің авторы Семейге саяси қуғынмен келген Павел Дмитриевич Лобановский. Ол Дондағы Ростов қаласынан «саяси сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген болатын. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрды. Абай ауылына барғаны туралы құжаттар бар.
П.Лобановский кәсіби суретші болмаса да, жергілікті тұрғындардың портреттерін салып жүрген. 1887 жылы Оралда өткен өндіріс көрмесіне «Семей облысы қазақтарының типтері» атты портреттер сериясын дайындағаны белгілі. Лобановскийдің қазіргі уақытқа дейін 7 суреті сақтаулы, солардың бірі – ұлы ақынның қарындашпен салынған портреті. Уақыттан сарғайған қалың қағазға жай ғана қарындашпен салған портреттің маңызы зор, себебі ол Абайдың көзі тірі кезінде салынған жалғыз портрет.
Музей қорында Қазақстан суретшілерінің ақынды әр түрлі техникада сомдаған портреттік жұмыстары бар. Осы орайда Л.Леонтьевтің (кенеп, майлы бояу), Е.Сидоркиннің (гравюра), Ж.Шарденовтың (кенеп, майлы бояу), ерлі-зайыпты Аткниндердің (жібек матаға мулине жіппен кестеленген), О.Островскийдің ағашқа инкрустациялап жасаған туындыларын атап өтуге болады.
Кәсіби суретшілердің ішінде Абай портретін алғаш салған Николай Иванович Крутильников еді. 1926-27 жылдары «Абай өлең жазу үстінде» атты портретін кенепке майлы бояумен салған. Ол 1916 жылы Қазандағы көркемсурет училищесін бітіріп, Семей қаласына келіп, театрда суретші қызметін атқарады.
Музей қорының үлкен мақтанышы – қазақтың алғашқы кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің жұмыстары. Суретші 1947 жылы Абайдың туған жеріне, Шыңғыстауға келген. Осы сапарының нәтижесінде «Шыңғыстаудағы жаз», «Қарауылтөбе», және басқа туындылар легі дүниеге келген еді. Сонымен қатар музейде Қастеевтің «Бала Абай», «Жас Абай», «Абай» портреттері бар. Суретші ізденісінің нәтижесінде туған бұл суреттерден үлкен талант иесінің өз шығармашылығының әр кезеңінде данышпанды жаңаша сомдағанын көре аламыз.
Музей қорындағы портреттер легі Ж.Шарденов, Г.Исмаилова, М.Кенбаев, А.Ғалымбаеваның жұмыстарымен жалғасады. Олардың туындыларындағы романтизм мен ұлттық реңк жас суретшілердің Абай шығармашылығы арқылы дүние танымын кеңейтіп, оларды үлкен ізденістерге талпындырады.
Сюжеттік туындылардың ішіндегі музей қорына алғашқы қабылданған экспонаттар А.Волощуктің «Абай Байкөкше ақынды тындауда», Кужеленконың «Абай мен жатақтар» туындыларын атап өтуге болады. Белгілі қылқалам шеберлері Үкі Әжиев және Сахи Романовтың туындылары музей экспозициясына өзіндік үн қосып, оның мән-мағынасын аша түскендей көрінеді.
Бейнелеу өнеріндегі Абай тақырыбын кеңейтуге Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген өнер қайраткері Евгений Михайлович Сидоркин үлкен үлес қосты. Ол 1957 жылдан бастап қазақ жерінде жұмыс істеп, «Жазушы» баспасынан шыққан көптеген кітаптарға иллюстрация жасады. Соның ішінде «Қазақ эпосы» «Ертегілер» сериясы және М.Әуезовтің «Абай жолы» романын көркемдеп, иллюстрациялар жасады. Музейдің тапсырысы бойынша суретші 1971 жылы «Абай жолы» романының желісімен гравюралық туындылар жасаған еді. Солардың ішінде аса бір жылылықпен, сүйіспеншілікпен жасалғандары «Абайдың шешесі Ұлжан» және «Абай әжесі Зеремен» гравюралары.
Мүсін – Қазақстан бейнелеу өнерінің ең жас салаларының бірі. Монументті салада Абай образын сомдау өткен ғасырдың 50-жылдарында бастау алды. Ақын ескерткіштерін жасау жобасына арнайы конкурс жарияланды. Алматыда Абай даңғылының бойына қойылған ақын ескерткіші осы конкурстың жемісі. Бұл қазақ мүсіншісі, халық суретшісі Хакімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан Абай ескерткіштерінің ең тұңғышы. Мыстан құйылған ескерткіште болашаққа көз тіккен тәуелсіз адамның бейнесі сомдалған.
Мүсінші Ескен Сергебаев өзінің жұмыстарын классикалық үлгіде жасайды, автордың Абай ескерткішінің гипстік жобасы музей залына қойылған. Одан колоннаға шынтақтап сүйеніп, кітап оқып тұрған Абайды көреміз.
Монумент өнері саласында жұмыс істеген суретшілердің ішінде Семейдің Абай алаңындағы ескерткіштің авторы Д.Элбакидзені ерекше атаған жөн. 1977 жылы қойылған бұл ескерткіш граниттен жасалған, биіктігі 850 см. Сол қолына кітап ұстап, оң қолын кеуде тұсына көтерген ақын тұлғасы ойлы, сабырлы кейіп танытады. Осы ескерткіштің гипстен жасалған авторлық көшірмесі музейде келген көрерменді қарсы алып тұр.
Абайдың мүсіндік портретін (басы, кеудесі, денесі) әр жылдары Баки Урманче, Петр Усачев, Юрий Дорошев, Бек Төлеков, Зоя Береговая, Мұратбек Жанболатов жасады. Музей экспозициясында Петр Усачев, Бек Төлеков, Зоя Береговаяның туындыларын да көруге болады.
Ұлы Абай тұлғасы, оның туған жерінің табиғаты тек қылқалам иелерін толғандырып қана қойған жоқ, сондай-ақ өмірінде өнерден басқа жол тауып, басқа мамандық иесі болған адамды да қолына қылқалам алып, тамаша өнер туындыларын тудыруына себепкер болды. Солардың бірі – қазіргі уақытта академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мақаш Тыныштықбайұлы Әлиакпаров.
М.Әлиакпаров кескіндеме және графика техникасын меңгерген суретші. Оның өнердегі шығармашылығы Абаймен тығыз байланысты. «Ұлы Абай мен Шәкәрім әлемі» менің басты тақырыбыма айналды. Сонау 1975 жылдан бері осы тақырыппен үздіксіз айналысып келемін. Абай мен Шәкәрім аталарымыз, олардың айналасы, үлгі тұтарлық өнерлері мен рухани ой әлемдері жайлы біршама шығармаларым өмірге келді, әлі де келе бермек.
Бұл тақырып – менің өмірлік бойтұмарым секілді», дейді қылқалам шебері.
Музейдің галерея залында суретшілердің көрмелері, вернисаждары, симпозиумдары да өткізіліп отырады. Ұлылар еліндегі симпозиумға арнайы келген Қазақстан суретшілері бір апта бойы Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды халқының ұлы перзенттерінің іздері қалған жерлермен жүріп, ауасын жұтып, көрікті де шежірелі Шыңғыстау өңіріне: Бөрілі, Күшікбай асуы, Тұма көлі, Жидебай, Үйтас, Кіші Орда, «Абай-Шәкәрім» кесенесі, Абай аналары – Ұлжан мен Зере зираты, Кеңгірбай би мазары, Шыңғыстау, Архат тауларының әсем жерлерінде, табиғат аясында плэнер өткізеді. Абайдың қара шаңырағында жыл сайын суретшілер симпозиумы өтеді, қатысқан суретшілер 50-ден астам туындыларын тарту етеді.
Абай тақырыбы өнер қайраткерлері үшін үнемі шығармашылықтың қайнар көзі болып қала берері сөзсіз. Уақыт өткен сайын ақын тұлғасы биіктей түседі.
Үмітқайша ИБРАЕВА,
Абай қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері
Шығыс Қазақстан облысы