Аймақтар • 03 Қазан, 2018

Торғайда дүрілдеп той өтті

952 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Торғайда дүрілдеп той өтті. Ол Жангелдин ауданының құрыл­ғанына 90 жыл, Торғайдың қала мәртебесін алуына 150, батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібектің туғанына 325 жыл толуына арналды. Бұл біраздан бері осы өңірде болмаған басқосу еді. Ұлы дала төсінде жатқан Торғайдың басты байлығы – тағылымды тарихы, текті тұлғалары. Өйткені осы даланы шиырлаған тарих жолдарының барлығы да еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бостандығына алып келген. «Торғай елі – тұлғалар мекені» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда бұл жан-жақты айтылды.

Торғайда дүрілдеп той өтті

– Ауданның тарихы 90 жылмен шектелмейді. Осы өңірде одан бұрын да ұлы оқиғалар болған, ұлы тұлғалар өткен. Қал­мақтарды қазақ даласынан қуу шайқастарын Шақшақ Жәні­бек өзінің сарбаздарымен Торғай қақпасынан бастаған еді. Халқымыздың сауаттылығы үшін болған алғашқы қадам да осы өңірден басталды – Ыбырай Алтынсарин бабамыз алғашқы білім ұясын осы Торғайдан ашты. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің батырлары мінген тұлпарлар тұяғының дүрсілі алдымен Торғай даласында дүбірледі. Ал Жангелдин ауданы құрылған 1928 жылдан бергі тоқсан жылда халқымыз аштықты, қуғын-сүргінді, соғыс зардабын көрді. 90 жылдың жақсылығы да болды. Ең басты жетістігі – елге білім, ғылым кел­ді. Осы жерде туып-өскен Фазыл Бәйімбетов секілді әлемге танылған ғалымдар, Бақытжан Байқадамовтай композиторлар, Сырбай, Ғафу секілді дүлдүл ақындар, шұбалаң тізім болар тұлғалар өсіп шық­ты. Осылардың барлығы да Тор­ғайдың ғана емес, ұлтымыз­дың бетке ұстарлары еді, – деді академик, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев.

Туған жердің тойына Тор­ғайда туып, бүгінде бүкіл қазақ елі­нің мақтанышына айналған академиктер Сайлау және Сәбит Байзақовтар, мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев, қаржыгер, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық банкі­­нің тұңғыш төрағасы Ғалым Бай­назаров, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, белгілі меценат, жиһангер Сапар Ысқа­қов, ақтаңгер ақындар Серік Тұрғын­беков, Қонысбай Әбіл, Серікбай Оспанов, кәсіпкерлер, өзге де түлек­тер келіп қатысты. 

Кенжеғали Сағадиев айт­қан­дай, ауданның экономи­ка­лық-әлеу­­меттік жағдайының жақ­сара бас­тағаны жерлестердің жады­раған жүзінен байқалады. Соңғы бес жыл ішінде 25 ша­руа­­шылық «Сыбаға» бағдар­ламасымен 1400 бас мал алып өсіруде. Соның бірі Талап Елеуі­товтің осыдан 4 жыл бұрын алған 56 бас ірі қарасы бү­­гінде жүздің сыртына шығып кетті. 

– Ауылда мал өсірсең кем бол­майсың. Қазір жайлауымыз да, қыстауымыз да бар. Қо­ра-­қопсыны да, техниканы да­ дұ­рыс­­тап алдым. Қазақтың ет ба­ғытындағы ақбас сиырын өсі­ріп жатырмыз, биыл абердин-ангус тұқымынан бір бұқа сатып ал­дық, – дейді тойда жүрген Талап. Енді шамалы күнде Арқалық қаласынан заманауи ет комбинаты ашылмақ. Бұл Торғай өңірінде мал шаруашылығының дами тү­суіне ықпал ететін болады.
Облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов жұртшылықты мерекемен құттықтап, Жангелдин ауданында әлеуметтік мәселелердің ше­ші­мін тауып жатқанын айтып өтті. 

– Биыл бюждеттен осы аудан­ның дамуына 150 миллион теңге қаржы бөлінді. Торғай кенті мен Ақшығанақ ауылына ауызсу тарту үшін 681 миллион теңге бөлінді. Алдағы жылы Ақкөл мен Көлқамыс ауылдарына ауызсу құбыры тартылады, оның құжаттары дайындалып жатыр. Амангелді мен Жангелдин аудандары арасындағы жолды жөн­деу жұмыстары басталды, оған бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалады, – деді Архимед Бегежанұлы. Рас, нарықтың қиын жылдары ауданнан сыртқа кету басым болды. Бірақ ешкім туған жер­ді ұмытпапты. Мектептердің әр жылғы түлектері, осы өңірден түлеп ұшып, әр қиырда жүрген аза­маттар той қарсаңында 75 мил­лион теңге тұратын 22 жо­баны жүзеге асырыпты. Тор­ғайдағы ипподром, спорт алаңы, концерт сахнасы секілді әлеу­меттік орындардың барлығы да түлек­тер күшімен жаңаланды. Аудан орталығына кіре берістегі түлек­тер жасаған «Торғай қақ­пасы» кенттің сән-салтанатын кел­тіріп-ақ тұр. Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, түлек­тердің мұндай бастамасы жалғаса береді. Айтпақшы, осы тойда меценат Сапар Ысқақов жерлестеріне Торғай жерінен мұнай барлауға рұқсат алынғаны, оның алдағы жылы басталатыны туралы сүйінші хабарын да жеткізді. 

Той құрметіне мазмұнды «Тор­ғай энциклопедиясы» дайын­­­далды. Асылы, торғай­лық­тар тұлғаларды еске алуды тағылым деп біледі. Осы­ған дейін белгілі білімпаз Қай­некей Жармағамбетовтің 100 жыл­дығын атап өтті. Ал бұл жолғы той халық ақыны Нұрқан Ах­метбековтің туғанына 115 жыл толуын атаудан басталуы да осыған дәлел. КСРО мәде­ниет саласының үздігі Рысты Ер­денова сахналаған Серік Тұр­ғынбековтың «Нұрқан» пьес­асының қойылымы жұрт­шылық­ты бір серпілтті.

– Елдің тағдырына ықпал еткен, елдің тағдырын өзгерткен ұлы адамдар Торғайдан көп шықты. Басқасын былай қойған­да, әдебиет пен өнердегі бір-ақ адамды айтайын. Ол – Нұрқан Ахметбеков.Ол кісіде соншалық білім де жоқ, құдай берген тума талант еді. Оның «Ұры қарға» поэ­масы қазақ әдебиетіндегі ең таңдаулылар қатарында тұрады. Шығарма қиын заманда, ұры заманда махаббатты да ұрлауға мәжбүр болған адамның күресін көрсетеді, – деді жазушы Төлен Әбдік.

Спектакльге торғайлықтар кәсіби актерлер шақырған жоқ, барлық кейіпкерлерді жергілікті жастар өздері ойнап шықты. 

– Торғайдағы көркемөнер­паздар үйірмесінің, Торғай драма театрының негізін Нұрқан атамыз салған. Торғайдың театры 1972 жылы «халық театры» атағын алды. Кейін кәсіби театрлардың белді актерлері болған Өзбек Мұқашев, Сейітбек Ордабаев, Бөлтірік Молдашев, Ықылас Ғұбайдуллиндер өнер­дегі тұсауын осы театрда кес­кен еді. «Ел іші – өнер кеніші» емес пе, талантты-талапты жас­тар бар. Оларға баяғы өзімізді баулыған Болат Хамзин секілді өнер тарландары, мамандар керек. Олар қазір мұндай шалғайға келмейді ғой, – дейді бүгінде жетпістің желкесіне мініп отырған мәдениет саласының ардагері Рысты апа. Туған жерге деген сүйіспеншілік оны да үйде жатқызбады, таяғына сүйе­ніп жүріп, спектакльді де қойды, Торғайдың бүкіл тарихын көз алдыңнан өткерер театрландырылған шеруді де дайындады. 

Тойға ешқандай «жұлдыз» шақырылған жоқ, сірә, оны іздеген де ешкім бола қоймаған шығар. «Торғай әуендері» атты аймақтық ән байқауына облыс өңірі мен көршілес өңірлерден жас әншілер қатысты. Онда орындалған Торғай топырағының перзенттері, композиторлар Бақытжан Байқадамовтың, Бо­лат Хамзиннің, Қалибек Дер­б­сал­диннің, Бақытжан Сәуе­ке­новтің, Алтынбек Серғазиевтің әндерін көрермендер де ыңылдап қосылып айтып отырды, туған жерге деген сағынышын осылай әнмен басты. Ән жарысының бас жүлдесін жергілікті өнер­паз Тас­қын Әжібай алды. «Баба­лар сазы» дәстүрлі ән байқауы­ның бас жүлдесі облыстық филар­монияның әншісі Айжан Саматқа берілді. Балуан күрестірмей, бәй­геге ат қоспай тойдың қызығы бола ма?! Ерәділов Азамат түйе палуан атады. Аламан бәйгеде Торғайдың «Адал» деген тұлпары мәрені алдымен қиды. Атбегі Балғабай Қабжанов бас жүлдеге тігілген машинаны мінді. Торғай осылай рухани түледі, бір жасап жаңарды, жаңғырды.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы, Жангелдин ауданы