Ауыл • 03 Қазан, 2018

Егіндікөлдегі елеуге тұрарлық жәдігерлер

1509 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтың сырын шертеді, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар» деп жазған болатын.

Егіндікөлдегі елеуге тұрарлық жәдігерлер

Сонау 1955 жылдары балалық шағымыз өткен Егіндікөл ауылында тыңдаған кісіні елең ет­кі­зер ескі әңгімелер көп. Со­ның бірі – ауыл ортасындағы бұ­­лаққа байланысты өрбиді. Ай­ту­шылардың аңызына сүйен­сек, бағзы бір заманда үй орнындай бұлақ көзі атқылап бой бермегесін ауыл шалдары ақылдасып, басты көзді құрым киізбен бітеп, жабады. Әйтсе де бұлақ суы әлі тоқтамай ағып, ауыл іргесіндегі көлге құйылып жа­тыр. 

Сегізсай ауылына барар биік жолдың сол жағында қараған мен жыңғыл өскен төбеде бұ­рын жаяу кісі бойлап кіретін «Бор­лы үңгір» бар. Ауыл оны «Құныс­керей үңгірі» дейді. 

Бұлай аталу себебі 1921-1923 жылдары Гурьев облысы, Қызылқоға ауданын­да­ғы Көздіғара ауылдық кеңесі­нің төрағасы Құныскерей Қожахме­тов­ өз елінде «істі» болып, Қара­төбенің Жарлы бойындағы биік жар­дың етегін, өзен бойын жа­ға­лап қашып келе жатып, Егін­дікөлде осы үңгірді паналайды. Бұл жөнінде жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» рома­нында жазылған.

* * *

Шыңғырлау ауданының Се­­гіз­сай ауылының іргесінде ұзын­­дығы бірнеше шақырымға со­зылған Аққұм алабы Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына жақын жатыр.

Ел ауызындағы аңызда Ақ­құм ХV ғасырда қалмақтың ха­ны Алшағырдың ордасы болған деседі. Жорыққа кеткен Қарақыпшақ Қобыланды ба­тыр жеңіспен ауылына келсе, Алшағыр ауылын шауып, ата-­анасы мен інісін тұтқындап алып кетіпті. Қобыланды содан Алшағыр ханмен соғысып, тұт­қында жатқан туыстарын құтқарған. Осы соғыста Қо­былан­ды батыр Алшағыр хан­ның ордасын талқандайды. Тал­қан­далған орда кейін құмға айналған. 

* * *

Балалық шағымыз өткен Егіндікөл ауылы жасымыз жетпіс бестен асса да, есімізден кетер емес. Оның жазда болатын құм бораны ерекше. Егіндікөлде құм суырыла соққанда Аққұмда да боран болып, талай тарихи жә­­дігерлерді ашып тастайды. Осы кезде барсаң, олжалы бол­ға­ның. Енді бір боран соққанда олар­ды көшкен құм жауып тас­тайды.

Аты аңызға айналған Аққұм мені 1969 жылы қыркүйекте Егін­дікөл орта мектебіне мұ­ға­лім болып келгесін де қызық­тырды.    Ауылда соққан құм бо­ран басылған бойда бірде Аққұмға бардым. Жезден жасал­ған екі қырлы, үш қырлы жебе ұш­тарын, құмыра сынықтарын тауып, маған дейін тарих пәнінің мұғалімдері Ғабдолла Жа­маев, Аманкелді Аймашев аға­лар ұйымдастырған мектеп мұра­жа­йына әкеліп қойдым. Енді бір бар­ғанымда, ұшы сынған, сыртын тот басқан қайқы қылыш тап­тым. Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газеті редакциясына жұмысқа кел­гесін, жергілікті мұражайға осы қылышты тап­сыр­дым. Бұл қылыш қазір М.Мера­лиев атындағы аудан­дық­ тарихи- өлкетану мұра­жа­йындағы Аққұм туралы жәді­гердің бірі. 

* * *

Жігерлен ауылына бара жат­қан­да оң жағындағы төбе – Дәуқара төбесі деп аталады. Дәу­қара деген кісі батыр бол­­ған. Қалмақтармен болған жау­гер­шілік кездегі жорықтарда жаса­­ған ерліктері үшін оның аты Байбақты руының ұранына айнал­ған. Байбақтылар жауға «Дәуқаралап» шабатын болыпты.

Төбенің шығыс беті – көне зираттар. Құлпытастарын мүк басқан. Батыс беті – кейінгі кезде жерленген адамдарға көтерілген қазіргі силикат тастан қаланып салынған күмбезді молалар мен құлпытастар. Дәуқараның басы топы­рақ оба етіп үйілген екен деседі.

Осы көп мола жатқан биік төбенің қақ ортасында құлпы­тас тұр. Бұл – Дәуқараның құлпы­тасы.

Құлпытастың суретін бер­ген «Батыс Қазақстан құл­пы­тастары» кітабында Қазыбек Құт­тымұратұлы (Орал, 2014. 46-47 беттер) былай деп жазған.
«Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егін­дікөл ауыл­дық округіне қарасты Жі­­гер­лен елді мекенінің күн­батыс жағында 2-3 шақырым қа­шықтықта биік төбе басына ор­наласқан көне, жаңа зираттар ара­ласқан қорым. Мұнда Кіші жүз, Байұлы құрамына кіретін Байбақты руының ұранына ай­налған Дәуқара батырдың моласы бар. Ел-жұрт басына тәу етіп, ақтық (шүберек) байлайтын зиярат орыны саналады.

Дәуқараның басына түнеу­шілердің үзілмейтіндігін, оның құлпытасына байланған жасыл жібек шарқат керек пе, ақ жі­бек орамал керек пе, әйтеуір бай­лан­­ған ақтықтар мен темір жә­шікке салынған теңгелердің көптігін көру­ге болады.

Тарих ғылымдарының докто­ры, профессор Хамит Маданов­тың «Кіші жүз шежіресі» ат­ты кіта­бында да Байбақты руы­ның ұранына айналған Дәу­қа­ра батырдың ата-тегі туралы жа­зылған. Ол шежіреге қара­ғанда, Байбақтының ағайыны Жан­бақтыдан – Андас, Андастан – Қара­­қожа, Қарақожадан – Дәу­қара тарайды.

* * *

Айта берсе елді елең еткізер­лік жер-су аттары да, тұлпар мі­ніп, ту ұстаған тұлғалар да же­тер­лік бұл өлкеде. Біз солар­дың кейбірін ғана сөз еттік. Әр өңірдің өзіндік шежіре-аңыз­дарынан Қазақстанның тұтас тарихы құралатынын ұмытпайық, ағайын! 

Қайыржан ХАСАНОВ, 

өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры

ОРАЛ