1978 жылы «Ақмолла ақынның өмірі мен творчествосы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1999 жылы «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы) докторлық диссертациясын қорғаған У.Қалижановтың өмір жолы әдебиет пен ұлттық журналистиканың тізгінін тең ұстап, қатар қызмет етуімен егіз өркендеп отырды. Республикалық «Ұлан», «Жас алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бас редакторы, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған ол қай істің жанынан да қайраткерлігімен танылды. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін елдің сөзін сөйлейтін, мүддесін үндейтін Парламент Мәжілісінің 1999-2011 жылдар аралығындағы ІІ,ІІІ, ІҮ шақырылымдарының депутаты болды.
Зиялы қауымның қалың шоғыры жиналған шығармашылық кеш Уәлихан Қалижановтың әңгімесіне құрылған фильмнен басталып, онда тағылымды өмір жолының белестері мазмұнды хроникалармен баяндалып өтті. Деректі фильмде кеш иесі кіндік қаны тамған туған жеріне, асыр салып өскен ауылына сағынышын, перзенттік жүрегінің лүпіл-ілтипатын арнады.
Елбасы Н.Назарбаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хатын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов оқып берді.
Академик Өмірзақ Айтбаев пен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Уәлихан Қалижановтың азаматтық келбеті мен қайраткерлік қырын ашатын естеліктерімен бөлісіп, туған елдің рухани игілігі жолында тынымсыз еңбектеніп келе жатқан жанашырлығын, жауапкершілігін жоғары бағалады. Республикалық «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «У.Қалижан – журналист» атты тақырыпта баяндама жасап, журналистиканың алғы шебінде келе жатқан қарымды қаламгердің қазақ баспасөзінің тарихында өз орнын талассыз айғақтайтын еңбегіне, балалар басылымын, жастар газетін, ұлттың үнжариясын бір-бірімен сабақтастыра дамытқан күш-жігері мен бас редактор ретіндегі қарымына, парасат-пайымына тоқталып, үлкен өмір асуындағы кезеңдерді егжей-тегжейлі саралап шықты. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Тахир Балықбаевтың «У.Қалижан – ғалым-жазушы» деген баяндамасы бүгінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарып отырған әдебиетші ғалымның ғылымдағы айшықты іздерін айқындап көрсетуге бағытталды.
Кеш соңында Қазақстанның Халық артисі Мақпал Жүнісова, Ержан Белғозиев сынды белгілі әртістер мен «Қоңыр» этнотобы, Нұркен Әшір, Сырым Жағыпар секілді жас таланттар өнер көрсетті. Мерейтой иесінің өзі де «Көзімнің қарасын» шырқап, қонақтарға шуақты көңіл күй сыйлады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ