Аударма • 03 Қазан, 2018

Ластанудың сананың кемуіне әсері

516 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытайда жүргізілген зерттеу ауа ластануының тілдік және математикалық қабілетке кері әсері бар екенін анықтады. 

Ластанудың сананың кемуіне әсері

ТОМАС ПИТЕР

Майк АЙВС, «Нью-Йорк Таймс»

Ластанудың респираторлық инфекцияларды тарататыны бұрыннан белгілі. Қазіргі таңда сарапшылардың көбі ауадағы тозаңдар жүрек талмасы мен инсультқа себеп болатынына сене бастады. Ластанудың сананы қаншалықты жоятыны әзірге нақты анықталмады, алайда бірнеше зерттеу осы  екі құбылыс  арасында байланыс бар екенін көрсетеді. 

Қытай және АҚШ ғалымдары ластанған ауаның жалпыұлттық математика және сөз анықтау секілді сынақтарға қалай әсер ететінін зерттеп көрген еді. Ғылыми жұмысқа Қытайдың 162 ауданынан 25 000 адам қатысты. 

Авторларға ластанудың жасы ұлғайған ер адамдар танымына кері әсері қатты байқалған. Мұндай нәтиже қатердің бар екенін көрсетеді. Өйткені сананың бұзылуы мен танымдық кемшілік альцгеймер ауруына және басқа да ақыл-есті кемітетін ауруларға себеп болады. 

Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Хезер Адаир-Рохани электронды поштамен жазған хатында ауаның ластануымен күресті жалғастыра беретінін, жастар мен үлкендердің денсаулығын сақтау маңызды екенін айтты.

Франция мен Ұлыбритания ғалымдары 2014 жылы жүргізген зерттеуінде Лондондағы көліктен бөлінетін зиянды түтін когнитивті функцияны уақыт өте әлсірететінін анықтады. Бұл ғылыми жұмысқа орта жасы 66 жас болатын адамдар қатысты. 

Болжамға сай, әлемдегі ақыл-есі кем адамдары ең көп саналатын Қытайда мұндай тұрғындар саны 2013 жылғы 44,4 миллионнан 2030 жылы 75,6 миллионға дейін жетпек. 

Зерттеу авторларының сөзіне қарағанда, ластанудың әлеуметтік жағдайға жанама әсері күткеннен де асып кетуі мүмкін. «Ауаның ластануына жеткілікті көңіл бөлмесек, денсаулыққа зияны артып кетуі ықтимал», дейді олар.

Ғылыми жұмысқа сүйенсек, ластанудың ықпалы ауызша сынақтың нәтижесіне айтарлықтай әсер еткен. Әсіресе жасы ұлғайған, білімі төмен ерлерге көп зиян тигізеді екен. 

Түтін мен респираторлық инфекцияларға қатысты қоғамдық наразылықтың артуынан, Қытайдағы ресми органдар кейінгі жылдары көмірмен жұмыс істейтін жүздеген зауыттарды жауып, жергілікті халыққа «қара отынды» жағуға шектеу қойып, фабрикаларды полиция арқылы жиі тексеріп тұрады. 
Зерттеудің нәтижесі 2014 жылы 142 миллион адам, яғни Қытайдың 155 қаласында сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы мөлшерден тыс лас ауамен демалғанын көрсетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген межеден көп. 

Сингапур ұлттық уни­вер­ситетінің ауа сапасы жөнін­дегі маманы Ражасекар Бала­суб­раманианның айтуынша, мұндай зерттеу жұмыстары басқа елдерде де жүргізілуі қажет. 

«Мұндай ғылыми жұ­мыс­тардың нәтижесі ауа ластануын шек­теуге арналған ауа сапасы стан­дартын енгізуге ғылыми не­гіз болады. Сондай-ақ дамыған және дамушы елдегі қоғамдық денсаулықты қорғауға әсер ете­ді», дейді Бала­субраманиан. 

Лас ауаның өкпеге зияны белгілі. Енді миға да әсер етуі мүмкін. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»