Аударма • 09 Қазан, 2018

Регбидің дәстүрге сүйенген сайыпқырандары

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Спортта санаулы команда ғана өздері қатысқан турнирлерде қарсылас шыдатпайды. Солардың бірі – жаңазеландиялық All Blacks («Бәрі қара» – аудармашы) регбиден ұлттық құрамасы. 2003 жылы әлемдік регби рейтингі түзілгеннен бері Жаңа Зеландия көш бастап келеді.

Регбидің дәстүрге сүйенген сайыпқырандары

Дэвид Морис Смит, «Нью-Йорк Таймс». Гисборн ұлдар мектебінің оқушыларының басым бөлігі маори тайпасынан тараған. Олар соғыс биі – «хака» орындап жатыр.

Дэвид МАУРИС СМИТ, «Нью-Йорк Таймс»

Жаңа Зеландия халқы бес миллионға жетер-жетпес. Жер көлемі регби дамыған басқа елдерден әлдеқайда кіші. Осыған қарамастан, олардың спорттағы басымдығы әзір аяқтала қоюы екіталай. Елдің регбидегі үстемдігін жеткілікті түсіну үшін ойынның шыққан тегіне назар аудару керек.

Жаңа Зеландияда жаңа буын өкілдері «қара жейде» (ұлттық құрама жейдесі – А.А.) киюді армандап өседі. Солтүстік аралдың шығыс жағалауында жатқан Гисборн қаласы – арманшыл жастарға толы мекен. Қалада орта біліммен бірге регбиді қатар үйрететін «Гисборн балалар жоғары мектебі» бар. «Гисборн балалары» елдегі мектепішілік ең жоғары турнир – National First XV Championship-ті төрт мәрте жеңіп алған, сондай-ақ ұлттық құраманың бірнеше мүшесі осы оқу орнының түлегі.

Мектептегі оқушылардың көбі Маори тайпасынан тараған. Білім ордасының әкімшілігі әлеуетті жігіттер мен күшті регби ойыншы тәрбиелеп шығуды халықтың шығу тегімен байланыстырады.

«Көптеген спорт командалары топтық мәдениет қалыптастыруға талпынады. Ал біздің команда күнделікті тіршілікте кездесетін, өміршең дәстүрге негізделген», дейді Райан Тапселл. Ол – «Гисборн балаларында» маори ғылымдары факультеті деканы және First XV үлкендер командасындағы қорғаушылардың бапкері. «Ойыншылар ата-бабаларының дәстүріне сүйенеді. Олар осының негізін қалап кетті», дейді ол.

Команда маори мәдениетінің дәстүрлі ережелеріне негізделіп жасалған kawa деп аталатын нұсқаулықты сақтауы тиіс. Егер оны бұзса, командаға кері әсерін тигізеді.

Мектепте арнайы регби сабағы бар. Оқушылар фильм көріп, ойын стратегиясын талқылап, жаттығу мен әзірліктің негіздерін, салмақ көтеру және йогамен айналысуды үйренеді. Оқу орнындағы 11 кабинет Жаңа Зеландия құрамасының бұрынғы ойыншысы Джона Ломуге арналған. Ол алаңға №11 жейде киіп шығатын және All Blacks-тың үздіктерінің бірі еді.

«First XV – біздің мектептің жүрегі», деп First XV тобының бас бапкері Марк Джефферсон ағынан жарылды. Ол – «Гисборн балаларының» түлегі. М.Джефферсон әлі күнге дейін Жаңа Зеландия тарихында ең үздік мектеп командасы саналатын 1994 жылғы топтың капитаны болды. Олар өздері қатысқан ұлттық және халықаралық бәсекенің бәрінде жеңіске жетті.

Дэвид Морис Смит, «Нью-Йорк Таймс»
Гисборн ұлдар мектебінің First XV командасы ойын алдында. Олардың кейбірі карьерасын кәсіби спортта жалғастырады.

Гисборнның қазіргі First XV тобындағы бірнеше ойыншы ұлттық команда бапкерлерінің назарын аударды. Таңдап алынған жігіттер Super Rugby франшизасының Жаңа Зеландиядағы жергілікті бес қосынының бірінде жаттығады. Бұл – жоғары деңгейлі кәсіби регби ұйымының клубтық турнирі. Super Rugby-дің Аргентинада, Аустралияда, Жапонияда және Оңтүстік Африкада командалары бар.

Мұндай теңдессіз жүйе таланттарды шыңдап, бәрінің ортақ арманы – Жаңа Зеландияның атын шығаратын, болашақ All Blacks командасын даярлауға мүмкіндік береді.

«Жаңа Зеландиядағы әуесқойлықтан кәсібилікке дейінгі бүкіл жүйе ұлттық құраманы жасақтауға арналған», дейді мектептің регби бойынша директоры Том Кэрнс.

Жүйенің аясында ерекше тыйым бар. Ұлттық құрамаға ілігу үшін ойыншы Жаңа Зеландияның командаларында өнер көрсетуі тиіс. Тіпті, Франция мен Англия секілді шетелдік лигалар мол қаржы ұсынып, шақырту алса да, ойыншылар онда баруға құлықты емес. Сондықтан ұлттық құрамаға ілінуден үміттенгендіктен ақшаны құрбандыққа шалады.

Регбиден 2019 жылғы әлем чемпионатында Жаңа Зеландияның басымдығы жалғаса бермек. «Регбиге қатысты шешім қабылдасақ, әлемнің қалған бөлігі бізге ереді», дейді Кэрнс.

Осылайша, дәстүрге сүйенген ел таңдаулы команда жасақтап, ешкімге дес бермей келеді.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»