Аймақтар • 10 Қазан, 2018

Жемқорлық деректері білім саласында жиі кездеседі

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл 8 ай көлемінде Түркістан облысында 170 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған жергілікті атқарушы органдар 25 мемлекеттік қызметкерінің 18-і пара алу дерегімен жауапкершілікке тартылса, 4-еуі алаяқтыққа жол берген. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың басым бөлігі Сарыағаш, Сайрам және бұрынғы Мақтаарал ауданына тиесілі. Аудан әкімі аппараты қызметкерлеріне қатысты 7 оқиға тіркелсе, әкімдердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа байланыс­ты 6 дерек анықталған. 

Жемқорлық деректері білім саласында жиі кездеседі

Бұл деректерді Түркістан облысы әкімі аппараты мем­лекеттік құқық бөлімінің басшысы Н.Ешенқұлов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау жолдары талқыланған мәжілісте мәлімдеді. Жемқорлық деректері әсіресе, білім саласында жиі кездеседі. Мысалы, жыл басынан бергі 8 айда білім саласы бойынша 11 факті тіркелген. Оның ішінде 5 мектеп директоры және бір балабақша меңгерушісі парамен ұсталған. Бұл орайда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Са­дықова коррупцияның алдын алу үшін басқарма тарапынан бірқатар қызметтерді цифрландыру шаралары қолға алынғанын айтып өтті. Мәселен, балабақшаларға жолдама беру және кезекке қою автоматтандырылып, 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Яғни, адами фактор азайып, өтініштер электронды түрде реттелген. 902 орта мектеп mektep.sitcen.kz жүйесіне қосылып, оқушылар осы арқылы мектепке қабылданып жатыр. Сонымен қатар 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданыпты. А.Сады­қованың айтуынша, қазіргі таңда жүйеде 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет тұр. Жаңа жүйе директорға немесе басқаларға жолықпай жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ал техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорының құзыретінен алып тастап, аутсорсингке өткізу ұсы­нысы қарастырылып жатыр екен. 

Мәжілісте облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаев парақорлық­қа, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қа­таң шара қолданылатынын айтып, қызметкерлеріне ескерту жасады. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұ­мыстарын қолға алу, білім беру ұйымдарында мәдени-ағар­тушылық жұмыстарын атқару тапсырылды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия жанынан ішкі талдау жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы тобы құрылып, ауда­н, қала әкімдері мен басқарма басшылары жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуі тиіс. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»