Театр • 10 Қазан, 2018

Азамат Сатыбалдының театры бас жүлдемен оралды

607 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәскеуде дәстүрлі түрде өтетін «Подмосковные вечера» атты   халықаралық театр фестивалінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр актері Азамат Сатыбалдының «28 театры» гран-примен оралды. 

Азамат Сатыбалдының театры бас жүлдемен оралды

Фестивальге алыс-жақын шетел театрларынан 150 спектакль қатысқан. Ұйымдастыру алқасы үш іріктеу кезеңін өткізіп, соңғы сынақта тек сегіз театрдың қойылымын сарапқа салған. Азаматтың айтуынша, идеясы да, тақырыбы да әр алуан, әр түрлі режиссерлік қолтаңбамен қойылған әр бағыттағы сегіз спектакльдің озығын тану қазылар алқасына оңайға соқпаған. Қазақ елі атынан «28 театры» неміс драматургы Георг Бюхнердің «Войцек» спектаклімен қатысты. Спектакльді жас режиссер Дина Жұмабай сахналаған. Азаматтың театры бұл бәйгеде бас жүлдемен бірге «ең үздік актерлік ансамбль» деген аталымды да жеңіп алды.

«Войцек» спектаклінде Войцек – Азамат Сатыбалды, Мария – Ажарлым Бақытжанова, Тамбурмажор – Асан Мәжит, Дәрігер – Данияр Базарқұлов, Капитан – Әли Марат, Нұржан Әбубәкір секілді танымал театр актерлері ойнайды. Қазылар құрамында болған КСРО халық артисі, «Ленкомның» байырғы актрисасы Людмила Шашкина және өзге елдердің белгілі театр сыншылары да Қазақстаннан келген талантты жастардың жұмысына жоғары баға берді. «Бұл Қазақстандағы театр өнерінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айқын көрінісі», десті олар.

«Войцек» – әлі күнге өзектілігін жоймаған әлем драматургиясының жауһары. Қатігез өмірдегі қарапайым кейіпкердің басынан өткен қасіретке толы тағдырын ғасырдан астам уақыт бойы жүздеген режиссер өзінше жырлап келеді. Анасынан адал туған, періштедей пәк ұлды айналасының бәрі алдады, маңайы мазақ қылды, біртіндеп сатты, ең ақыры тұтастай теріс айналды. Ашыну, жауығу, қызғаныш сезімдері ақыры Войцекті  өзін қорлағандардан кек алуға жетеледі. Бір кезде өзі жақсы көрген, сенген, құдайдай табынған жақын адамдарына қызғаныштың қара қанжарын сұғып алғанымен қоймай, жайбарақат жүре беретін сезімсіз, жүрексіз тасмүсінге айналды...

Қасіретті драманың қазақ театры сахналаған нұсқасының қазылар алқасының  назарын аударуына жас режиссердің жаңашыл бағытты, өзгеше ой жүйесімен құрған соны пішінді таңдағаны себеп болғаны анық.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ