24 Ақпан, 2010

ҚҰСТАРМЕН МЕН БІРГЕ КҮЗДЕ ҚАЙТҚАН

1388 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Нұрғиса Тілендиевтің арамыздан қайтқанына да он жыл болды Биыл Нұрағаңның туғанына – 85 жыл толады. Соған орай Алматыда ескерткіш ашы­лып, өнер фестивалі өткізілсе, кітап, альбом, күйтабақтар шығарылса деген елдің тілегі бар. Нұрғиса ­– Алатау самалымен әлдилеп, Каспий толқынымен толғатып, Сарыарқа жусанды бесігіне бөлеп, Алтайдың сыңсыған орманы ән салып мына жарық әлемге сағынтып әкелген біртуар перзентіміз! Ұлы өзендердің басы мөл­дір бұлақтан басталады. Нұрағаң да батырлар мен ақындар елінде туды. Жастайынан жырдың пірі – Сүйінбай бастаған әнші-ақын, жырау­лардың ән-жырын, ертедегі қисса-дастан­дарды естіп өсті. Күллі қазақтың абыз ақыны Жамбыл атаның тізесіне еркелей отырып, қарт жыраудың домбыра қағысын, жыр әуенін үйренді. Әкесі – Тіленді, жақын бауырлары Шортанбай, Қыдырқожа, Өмірәлі, Шаштайлар аспандағы аққу үнін күйіне қосқан шертпе күйлердің шеберлері еді. Нұрғиса осылай әнмен оянып, күйге бөленіп, уызында қазақ өнері бойына дарыған бірегей тұлға. Иә, бес жасында Қарақыстақтан Алматыға көшіп келген әке-шешесі жұмысқа шығып кетеді де, үйде жас бала жападан жалғыз қалады. Осы күнгі екінші шойын жол вокзалы тұрған орында бәкене, тоқал тамның үстіне шығып алып, Нұрғиса ертеден қара кешке дейін қалақтай домбырасын құшақтап, өзі үйренген күй сарындарын тарта береді, тарта береді. Күн сайын ары-бері өтіп жүрген портфель көтерген бір кісі оны көріп тоқтап, ылғи тыңдап тұрады. Сол кісі бір күні бұған бұрылып келіп: – Жүр, сені мен оқытайын, – деп жетектеген күйі Чайковский атындағы музыкалық мектепке алып келеді. Мектеп басшылары салған жерден: – Жасы жетпейді. Тәртіпті бұза алмаймыз. Келесі күзде болмаса, – дейді. Жетектеп әкелген адам: “Немене, мен сендерге көшеде ит қуып жүрген біреуді әкеліп отыр дейсіңдер ме? Болашағы бар, екі ішектен күй төккен домбырашыны оқытыңдар, сауатын ашып, музыкалық білім берсін деп келіп отырмын. Бұл асқан күйші болады, көресіңдер” – деді де одан әрі ары-бері өтіп жүріп, домбыра тартып отырғанын жиі көретінін және өзінің ықылас қойып сырттай тыңдайтынын жасыр­май айтты. Артынша ол Нұрғисаға бұрылып, бір күй тартып беруін бұйырған. Өжет мінезді бала киіз қаптан домбырасын алып, бір күйді нақышына келтіре тартып берді. Сөйтіп, оқуға қабылданады. Бұны ертіп әкелген кісі – атақты Ахмет Жұбанов еді. Нұрғиса өнердің де, білімнің де әліппесін осында ашты. Ән-күйге іңкәр бала 1934-1940 жылдары Алматыдағы №18 мектепте, кейін №12 мектепте оқыды. Бүркіт қыран болар балапанын бүріп, шырқау көкке алып шығып, төмен қарай тастап кеп жібереді екен. Сонда нағыз қыран болар болат қанаттысы ғана тез ес жиып, өжет­теніп, туу биікке қайта самғай көтеріліп, қас­қайып ұшып шыға кететін көрінеді. Сол сияқ­ты ұстаздары Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Бақытжан Бай­қадамов сияқты қазақ өнерінің корифейлері бала Нұрғисаны барынша баптады, әлінше әлпештеді. Өнерге талпынған Нұрғиса он екі жасында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы, он төрт жасында шәкірт дирижер болды. Мектептегі оркестрді басқарып, республикалық, бүкілодақтық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрді. Мәскеу төрінде де өнер көрсетіп қайтты. 1943 жылы ел басына нәубет төнген кезде өзі сұранып қан майданға аттанды. Польша, Чехословакияда соғысқа қатысты. Неміс жеріне аяқ басқанда, соғыс бітуге екі ай қалғанда оны қысқа мерзімді демалысқа туған жеріне жібереді. Аяулы ұстазы Ахмет Жұбанов қоярда-қоймай сол кездегі республика партия ұйымы­ның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке алып барып: “Жеңістің төбесі көрініп тұр, домбырашыға қатпыз, Нұрғисаға жетер домбы­рашы жоқ” деп қолқа салады. Ж. Шаяхметов Түркістан әскери округінің бас қолбас­шысы­мен сөйлесіп, оны майданнан алып қалады. Кезінде Ахмет Жұбанов Нұрғиса ағамызды осылай әспеттеп, әлпештесе, жақында Нұрағаң­ның жақын інісі, дарынды әнші Ақан Әбдуәлиев өзі басқарып отырған мектеп алдына Ахмет Жұ­бановқа ескерткіш орнатты. Бұл ұлы ұстаз, өнер саңлағы Ахмет Жұбановқа қазақ елінде тұр­ғы­зылған тұңғыш ескерткіш десе де болады. Атақты Мұқан Төлебаевтың қолдауымен Мәскеу кон­сер­ваториясына оқуға түсіп, кіл сайдың тасын­дай ғұламалардан тәлім алып, өнердің қыр-сырын меңгерді. Ол кез жайлы жазушы-драматург Қалтай Мұхамет­жанов былай деп естелік жазыпты: “Әлі есімде, Нұрғиса Мәскеу консерва­ториясына оқуға келгенде сондағы әр салада оқып жүргендердің рухани көсемі, ұстаз ағасы болды. Қолыңдағы қоңыр домбыраның өкпесін қабынта, өңешін суыра ел көшкендей аңырата жөнелгеніңде әп-сәтте бізді бір басқа әлемге алып кететінсің. Пернесінен от шашып, шана­ғында найзағай ойнаған қоңыр домбыра бар ма, жоқ па кім білсін! Бірақ, сенің дүлей темпераментіңе қай домбыра шыдап қарық болды дейсің. Ол түгіл пианиноның өзі саусағың тие бергеннен-ақ сарнап қоя беретін. О, заман-ай! Ол да бір сенің от шайнап, шоқ бүркіп жүрген шағың еді-ау, сабазым! Оқуыңды тәмамдап, опера театрынан бастап, Жамбыл атындағы филармонияның бас дирижері болған кезіңде тұғырға қонысымен қыран қанатыңды бірде жайып, бірде бауырыңа алып, бүкіл оркестрді жез бұйдалы тайлақтай жетелей жөнелгеніңде жауырыныңа дейін жыр төгіп тұрушы еді-ау. Алпыс екі ағзаң күйге айналып, кей аспаптан жетім шыққан дыбыстың мыңнан бір мөлшерін қалт жібермейтін қалқан құлағыңда қандай қияпат-құдірет бары тек Алланың өзіне аян... Мұның барлығы сенің ұлылық сапарындағы шарқ ұрған шағың болатын. Нұрғисаның әні, Нұрғисаның күйі деген ұғым әбден етек алғанда құм құндағында қалған Отырарды ояттың. Арғы заманда атаусыз қалған қаншама музыкалық аспаптарға жан бітіріп, қан жүгірттің. Олар иесін тапты, сен киесін таптың, көсегесін көгертіп, өркенін жайдың. Сен сол Отырарыңмен күллі әлемге халқыңның музыка мәдениетінің інжу-маржанын шаштың” – дейді Қалағаң. Иә, Нұрғиса 1952-61 жылдары опера және балет театрының дирижері, одан кейін үш жыл қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, ал 1968-81 жылдары “Қазақфильм” киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарды. Н. Тілендиевтің атын аспанға шығарған, даңқын әлемге танытқан 1980 жылы өзі ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған “Отырар сазы” оркестрі қазақ өнерінде ерекше құбылыс болды. Бұл істе өзіне ұдайы қамқоршы болып жүрген Д.Қонаев ерекше көп көмек көрсетті. Сыбызғы, қылқобыз, шертер, сазсырнай, нарқобыз, жетіген, дабыл, асатаяқ, даңғыра, дауылпаз, тұяқтас, месқобыз, қоңырау сияқты тағы басқа көне ұлттық аспаптары­мызды зерттеп, зерделеп, өң-рең беріп, тірілтіп, оркестрмен сахнаға алып шықты. Жұрт қазақтың кең сахарасында жауһардай сақталған күмбір-күмбір, күңгір-күңгір үн қатқан әуез-әуенді сағынып қалыпты, дүр сілкініп, зор тебіреніспен қарсы алды. Ғажап дирижер, құдіретті күйші, қайталанбас композитор екендігін танытты осы жылдары Нұрағаң. Жалпы Нұрғиса Тілендиев қазақ өнерінің сан-саласын, көкжиегін кеңіткен сан қырлы, жойқын, сұрапыл дарын. Еш қалыпқа симайтын өр талант. “Отырар сазы” оркестріне 1999 жылы Н. Тілендиев есімі, 2000 жылы академиялық атақ берілді. Нұрғиса “Алтын таулар” операсының (1961. Қ.Қожамияровпен бірге), “Достық жолымен” балетінің (1958. Л.Степановпен бірге), “Ортеке” балет-поэмасының (1957), “Менің Қазақстаным” кантаталарының (1959), оркестрге арналған “Ата толғауы”, “Ақсақ құлан”, “Аққу”, “Арман”, “Махамбет”, “Көш керуен”, “Қайрат”, “Жеңіс салтанаты” атты увертюралардың, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 19 көркем фильмге музыка жазды. Қаншама шәкірттер тәрбиеледі. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров ағамыз Нұрғиса жетпіске келгенде мынандай өлең жазыпты: Жетпіске сен де келдің Нұрғиса бек, Боп тұрсың ойға қанат, жырға себеп. Құбылтып, тебірентіп тұла бойды, Кетесің қос ішекпен жанды демеп. Кім сендей домбырамен тілдеседі, Кетпей тұр құлағымнан үн кешегі. Баланы туа білген дәл өзіңдей, Айналам мен Анаңнан күнде сенің. Еліңнің ерке өскен елігісің, Өнердің пырағысың, көрігісің. Қазақтың киелі ұлы деп білемін, Ағаңның бұл бағасын сен де түсін. Әлем мойындап, күллі дүние жүзі қол соқты, өнері мұхиттардан, шекаралардан асып кетті. Мәселен, анау-мынауға таңғала қоймайтын Кореяға 94 мемлекеттен өнер тарландары жина­лып, үлкен фестивальда сайысқа түсті. Қазақ­стан­нан барған “Отырар сазы” оркестрі 9 жүлде­нің алтауын жеңіп алды, бас бәйгені иеленді. Кенеттен корейлер Нұрғисаға 126 адамдық мем­лекеттік симфо­ниялық оркестріне бас дири­жерлік етуді ұсынды. Ол симфонияның парти­тура­сын бір түнде қарап, кейбір жерлеріне түзету­лер енгізіп, келесі күні бір ғана репетициядан кейін сахнаға шықты. Ең соңғы концерттің бірінші бөлімін “Отырар сазы” оркестрімен аяқтап, сол кон­церт­тің екінші бөлімін орындауға Кореяның мемлекеттік симфониялық оркестріне жетекшілік етумен шыққандағы толқынысы шексіз еді. Симфониялық оркестр ұжымының таңданысында шек болмады. Корейлер дүр көтеріліп, ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрып алады. “Махамбетті” орындағанда тіпті шалқып кеткен. Міне, өнер құдіреті деген осы. Неміс Клаус Шнайдер 1978 жылы былай деп жазды: “Бұл адамның, осынау алқынып, терін сүртіп тұрған адамның тұла бойы толған музыка ма дерсің. Мен оны музыкадан жаралған жан деп атаған болар едім. Ол деген оркестрмен бірге атта шауып бара жатқан секілді, ноталардың үстімен, аспанда, тауда, даламен құйғытып бара жатқандай”. Нұрағаң өнері әлемді шарлап кетті, биіктеп кетті; әлемді мойындату – ұлы іс, жанкешті еңбек, төгілген тердің төлеуі, асқан дарын жемісі. Егер Нұрағаң жазған әрбір ән-күй, шы­ғар­масы жайлы айта берсек, оның әрқайсысы бір-бір монографияға лайық байтақ дүние. Н. Тілендиевтің өнері мен өміріне Елбасымыз Н.Назарбаев әрдайым қамқорлық жасап, еңбегіне әділ баға берді. “Халық қаһарманы” атанған Нұрғиса Қарасай бабасы­ның 400 жылдығына арналған салтанатта шабыттана өнерін паш етті. Бұл ұлы жүректің соңғы сәттерінің бірі еді, сахнаға соңғы шыққаны еді. Сол жазда Нұрағаң туған өлкесін сағына аралады. Мені ертіп, Атабай атты сайды көріп, мөлдір бұлағынан су ішті, кәусар ауасымен кеуде кере дем алды. Соңғы кездері “Жамбыл ата, Жәкем жарықтық жанынан екі құлаш жер беріңдер, Жәкеңнің қарауылы боп жатайын” – дегенді талай естіген едік. Бірінші сәуір – құстар жылы жақтан көктем­ді қанатына ілестіріп келе жатқан көкмұнар шақта туып, қоңыр күзде – құстар шуылдап, сыңсып қайта қайтқан шақта бұл дүниеден озды. Өзі айтқандай, Жамбыл ата мавзолейі жанына мәңгілікке қоныстанды. Нұрағаңның бұл дүниеден қайтқанына да, міне, он жыл болып қалыпты. Нұрғиса ағамыздың көзі тірісінде айтқан өсиетнамасы бар: “Қазақты мендей сүйетін адам болса, қазақ жаман болмас еді. Мен қайтқанда халқым жоқтау айтпайды, әнмен шығарып салады. Мен елдің рухын көтеріп кетуім керек. Сол үшін де жаратылғанмын”. Нұрғисаны Жамбыл ата мавзолейі жанына жерлеп жатқанда “Отырар сазы” күңіреніп, күймен қоштасып тұрды. Ғажап құбылысты жоқтап, Алатау Нұрғисаның өз күйлерін зарлатты. “Гүл өскен жерге гүл өседі”. “Ат тұяғын тай басады” демекші, “Отырар сазы” оркестрінің бүгінгі жетекшісі, бас дирижері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева. Дінзухра ­– Н.Тілендиевтен қалған жалғыз тұяқ. Дінзухраның анасы Дариға Тілендікеліні де өнерде өз орны бар белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, домбыра тартып, ән салады. Міне, осындай отбасында дүниеге келген Дінзухра жастайынан музыка әуенімен тербетіліп, музыкамен оянып, музыка­мен сусындап, музыкалық сазды әуенді бойына молынан сіңіріп өсті. Жақында Дінзухра басқарған “Отырар сазы” оркестрі Елбасымыз Н.Назарбаев бастаған делегациямен бірге Иорданияға барып, өнерін көрсетіп қайтты. Бұл сапар – өрлеудің алғашқы баспалдағы деп білеміз. Бұл үлкен сенім! Биыл Нұрағаңның туғанына – 85 жыл толады. Соған орай Алматыда ескерткіш ашы­лып, өнер фестивалі өткізілсе, кітап, альбом, күйтабақтар шығарылса деген елдің тілегі бар. Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ.