Кино • 10 Қазан, 2018

Апта фильмі: «Айдағы адам»

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Киносүйер қауым 11 қазаннан бастап ел кинотеатрларынан көре алады.

Апта фильмі: «Айдағы адам»

Фильм айға алғаш аяқ басқан адам Нил Армстронгтың өмірбаянынан сыр шертеді. Оның ғарыш экипажын бастаған бір қадамы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы адамзат дәуірін жаңа кезеңге көшірді.

Картинаның қоюшы режиссері «Ла-Ла Ленд» мюзиклімен жарқ етіп, көптің алқауына ие болған Дэмьен Шазелл. Тіпті сол мюзиклде басты рөлді сомдаған Райан Гослинг бұл жолы да жаңа туындыдан шет қалған жоқ. Барлығымыз сүйіп тыңдаған сол «Ла-ла ленд» санудтрегінің авторы Джастин Хурвиц аталған фильмнің музыкасын бастан-аяқ жазып шықты.

Дэмьен Шазеллдің режиссерлігімен түсірілген фильм желісі қашанғыдай қарапайым келеді. 1961 жыл. Армстронг (Райан Гослинг) - НАСА-ның қарапайым тәжірибелі инженері, үнемі сынақ рейстерді орындап үйренген. Кіші қызының қатерлі ісік ауруынан қайтыс болуы ұшқыштың қабырғасын қайыстырып-ақ кетеді. Осыдан соң «Егіздер» атты ғарышқа ұшу бағдарламасына қатысуды жөн көріп, өтініш тастайды. «Нағыз қызықтар енді басталады», деген әйелінің (Клэр Фой) бір ауыз сөзі мехнатты сапардың кіріспесі сықылды естіліп, жаңа бір дәуірдің түбегейлі өзгерісін қол қусыра күтуден басқа амалыңыз қалмайды.

Американың ғарышты жауалап алуы туралы эпосқа Шазелл қандай да бір жаңа көзқарас білдірмейді. Мәселен, «Аполлон» экипажы мүшелері – Роджер Шафф, Эд Уайт пен Гус Грисстың қайтыс болуын адамзат дамуына қажет құрбандық ретінде көрсеткен. Ақыр соңында, мұндай мамандық бар және тарихи бетбұрыс үшін жанпида болу деп түйіндейді.

Сондай-ақ, режиссер әдеттегідей арманға апарар жолдың бейнеті мен зейнетін қатар көрсетуге тырысады. Яғни, ғарыш ғаламатымен салыстырғанда елеусіз ноқаттай болған адамның үлкен мұратын әйгілеуге күш салған.

Түрлі сынақ ұшулары мен адамның айды бағындыруы сынды турбулентті сахналардың шынайы түсірілгені соншалықты голливуд павильондарында түсірілгеніне сенгіңіз келмейді.

Rotten Tomatoes шолу агрегаторы бойынша, фильм 7.9 / 10 балға ие болған. Белгілі киносыншы Мишель Нордин туындыны «мықты тәжірибе» деп бағалап, B + деңгейіндегі фильм екенін айтты. Картинаның актерлер қатарында Райан Гослинг, Клэр Фой, Пабло Шрайбер, Кристофер Эбботт, Киран Хиндс, Кайл Чандлер және өзге де артистер бар.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше