Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Рухани келісім – адамзатқа ортақ құндылық

1199 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың қатысуымен дін­аралық үнқатысудың халық­аралық деңгейдегі біре­гей алаңына айналған Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбас­шы­лары­ның VI съезі өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен ұйым­дастырылған Съезге 42 елден 82 делегация қа­тыс­ты. Олардың арасында ді­ни көшбасшылар, сая­си қай­раткерлер мен халық­аралық ұйымдар өкілдері болды.

Рухани келісім – адамзатқа ортақ құндылық

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI cъезінің ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор халқымызға кеңінен таныс «Ақ көгершін» әнін орындады. Бұл ән алқалы жиынның бас­ты бағдарын, міндетін айқындап бергендей болды.

Бұдан кейін Съезд жұ­мы­сын жүргізген Қазақстан Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы, Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды. 

Мемлекет басшысы Съезд делегаттары алдында Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бас­тамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көш­басшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.

– Алғашқы тарихи Съезден бе­рі 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз ал­тыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қа­­тыс­қан ескі достарымызбен қайта қауышқаныма өте қуа­ныш­тымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық біл­діремін. Біздің ел­ордамыз биыл өзінің жиыр­ма жылдығын атап өтуде. Әлем­дік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі ел­ор­дамыздың бойтұмарына ай­нал­ды деуге болады. Се­бебі біз Ас­тананы барлық мәде­ниет­тер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Мемлекет басшысы бітім­­гер­­шілік, серіктестік, толерант-

­тылық, жасампаздық идея­ларын жа­һан­дық деңгей­де ілгерілету жолын­да Қазақстан­ның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жө­нін­де айтты.

– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бей­несі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара се­нім­сіздіктің, жек көрушілік пен қақ­ты­ғыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Басты мақсат – қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру

Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санк­циялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.

– Елдердің, геосаяси блок­тар­дың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ ең қауіптісі, адам­дардың ой-санасы мен жүрек­терінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негі­зін қалауға емес, бәсеке үшін сыл­тау іздеуге, халықтың өсіп-өр­кен­деуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан жағдайдың адамзат үшін жағымсыз салдары болатынына назар аударды.

– Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік бай­лық­тың артуына қарамастан, әлеу­меттік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның мәліметіне сәйкес, жер ша­ры халқының 14 пайызы аш­тықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы са­ны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуы­на негіз болатын әлеуметтік тең­сіздікті күшейте түседі. Сон­дықтан қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы түрлі мә­­дениет, дін және мемлекет көш­­бас­шылары арасында өза­ра сый­ластық, сындарлы ынты­мақ­­тастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.

– Қазақстанда 18 түрлі кон­фес­сияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осын­шама алуан түрлілікке қара­мас­тан, біз ұлттық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету және дін бостан­ды­ғын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфес­сияаралық бейбітшілік пен келі­сімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев се­нім­нің жаһандық дағдарысын ең­серу үшін күш біріктірудің маңыз­дылығын атап өтіп, Съезге қаты­су­шылардың бірлескен жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталды.

– Ақпараттық қоғам дәуі­рін­де біз бейбітшілік пен келі­сім идеясын жаһандық деңгей­де ілгерілету үшін жаңа техно­ло­гия­лардың барлық артықшы­лығын пайдалануымыз қажет. Сол үшін Съезіміздің базасында Ақ­па­раттық портал құру ұсы­ны­лып отыр, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағарту­шы­лықты насихаттаудың маңызды екенін, білім алудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

– Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қа­йыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идея­ларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қа­лып­тастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жал­ған діни ұйымдар белсенді пайда­лануда. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер діни құнды­лық­тарды саяси идеологемалардан ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.

– Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік жә­не жаһандық қауіпсіздікке қатыс­ты мәселелерді шешуге жұмыл­дыра береді. Айтылған бастама­ларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өрке­ниетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін бері­летін съездің бірінші сыйлығын Ва­тикан Папасының кеңесіне та­быс­тау жөнінде шешім қабыл­дан­ғанын делегаттарға хабарлады.

Соңында Қазақстан Пре­зи­денті съезд делегаттарының бар­шасының ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.

Бәріміздің мүддеміз – өркениетті қорғау

Келесі сөз кезегі Сербия Пре­зиденті Александр Вучичке берілді. Ол өзінің осы Съезд жұ­мысына қатысқанын үлкен мәр­тебе санайтынын айта келіп, бұл бірегей үнқатысу алаңының маңыздылығына тоқталды. 

– Әлемдік қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты, орнықты дамуды қам­тамасыз ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Осы орайда 2003 жылдан бері Қазақстан Прездентінің әлемдік дін басшыларының басын қосып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Бұл үнқатысу алаңында барлық діни көшбасшылар өз­дерінің құнды идеяларын айтып келеді. Ислам діні, Православ діні, өзге де діндердің өкілдері бас қосқан осы жерде менің де қан­дай мүддем бар екенін айт­қым келеді. Нақтырақ айтқанда, бәріміздің мүддеміз, міндетіміз – өркениетті сақтау, қорғау, – деді Александр Вучич.

Сербия Республикасының Пре­зи­денті әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының халық­аралық қоғамдастықтағы рөлі маңызды екенін, олардың адамзатты жамандықтан құтқарып, жақ­сылыққа бастайтынын, рухани құндылықтарды қорғап келе жатқанын сөз етті.

– Діни лидерлер қазіргі таң­да әлемдік деңгейдегі беделді тұл­ға­лар. Сондықтан олардың айтқан идеялары, ілім­дері рухани құндылықтарға негізделеді. Геосаясат өкілдерінің дін бас­шыларының сөздеріне құлақ аспайтын кездері кездесіп тұра­ды. Негізінде әлемдік дін жетек­ші­лерінің идеясы ха­лық­аралық құ­қыққа негіз болып отырғанын айта кету керек. Әр адамның же­ке басын сыйламайынша тұрақ­ты­лыққа қол жеткізе алмаймыз, – деді А.Вучич.

Алқалы жиында әл-Азхардың (Мысыр) Бас имамы Шейх Мұ­хам­мад Ахмад ат-Тайеб Съезді ұйым­дастырған Қазақстан басшы­лығына ризашылығын білдіре отырып, осы диалог алаңының бү­гінгі таңда аса қажет екенін атап көрсетті. Сондай-ақ ол терро­ризм­нің туындауы мен таралуы тұр­ғы­сында өзінің ой-пікірін білдірді. 

– Ойлап қарасаңыздар, тер­роризмнің күшеюіне, қару­ла­нуға, олардың бір шекарадан екіншісіне емін-еркін өтіп кетіп, тұтқиылдан шабуылдауына ислам әлемі мұрындық болып отыр деген түсінік күмән тудыра­ды, – деді Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб. Оның айтуынша, тер­роризмнің мұсылмандарға –телінуі әділетсіздік.

Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Та­йеб терроризм ешқандай ұлтқа да, дінге де бөлінбейтінін атап өтті. 

– Терроризмді ешбір дін ойлап тапқан жоқ. Ол – халықаралық саясаттың адасып кеткен әділетсіз ба­ласы іспетті. Ол ешкімді бала деп, үлкен деп бөлмей қатыгез­дігін жасай береді, – дейді Әл-Азхардың Бас имамы. 

Өз сөзіне дәлел ретінде Шейх Мұ­хаммад Ахмад ат-Тайеб бір­не­­ше статистикалық мәлімет кел­­­тір­ді. 

– Еуропадағы «экстремистік исламизм» деп атап кеткен құбы­лыстың статистикалық мәлі­мет­теріне көз жүгірттім. Сирия мен Иракқа тартылған еуропалық жастардың көбі дін жолында болмағанын оқыдым. Ойлап қараңыз, статистикалық мәлімет бойынша Сирия мен Иракқа еуропалық 400 отбасыдан жас­тар кеткен. Олардың 40 пайызы діни сенімде болмаған. Яғни, олар – атеистер. Қалған 40 пайызы католицизмді ұстанса, 19 пайызы ғана мұсылман, 1 пайызы иудей болған. Осылайша бұл жерде мәселе ислам дініндегі жас­тарда немесе ислам жихадында емес екенін аңғара беріңіз. Бұл әділетсіздіктің белгісі. Қазіргі өр­ке­ниетте діни құндылықтар мен нормалардың жоқтығы байқа­лады, – деді ол.

Қазақстан – бірегей мүмкіндік алаңы

Иерусалим қасиетті градының, бүкіл Палестина, Арабия, Сирия, Иордания қос жағалауының, Қа­сиетті Сион мен Галилея Кана­сының Аса киелі және Рақым­ды Патриархы Феофил ІІІ өз кезе­гінде Қазақстан тарапы қалып­тас­тырған рухани үнқатысу алаңының маңыздылығын, діни қарым-қатынастарды жақсарту ісіндегі рөлі жоғары екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, дінаралық татулық, өзара келісім әлемдік бейбітшілікті нығайтуда ерекше мәнге ие. 

Израильдің Бас сефард раввині Ицках Иосиф өз кезегінде:

Қазақстан Президентінің осыдан 15 жыл бұрын бастаған съе­зінің маңызы зор. Міне, Нұр­сұлтан Назарбаев бәрімізді бір үстелдің басына жинап, біре­гей мүмкіндік беріп отыр. Ен­ді­гі жа­уапкершілік бізде. Конс­трук­тивті диалогты жасай отырып, өз­­геге үлгі бола білуіміз керек, – деді. 

Папа Кеңесінің заңнамалық мәтіндерді түсіндіру жөніндегі құрметті төрағасы Кардинал Фран­циско Коккопальмерио Съез­ді ұйымдастырушы тарапқа жә­не барша қатысушыларға жылы лебізін білдіре келіп, Съездің әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында атқарылып жатқан игі істердің жарқын көрінісі екенін атап өтті. 

Орыс православие шіркеуінің епископы, Волоколам митро­политі, Орыс Православие шір­кеуі­нің Мәскеу Патриархаты сырт­қы шіркеу байланыстары бөлі­мінің төрағасы Иларион өз сө­зін 2003 жылдан бері тұрақ­ты өткізіліп келе жатқан Съезд әлемге танымал дін басшы­лары­ның басын қосып келе жатқанын және мұндай ізгі бастама үшін Қазақ­стан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтумен бастады. 

Ол одан әрі Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің Съезд қатысушыларына құттық­тауын оқып берді. 

Ресей дінбасы өз хатында Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі әлемде аса ірі және ерекше бедел­ді алаңға айналғандығын, үш жыл сайын жоғары діни және қо­ғам қайраткерлерінің бас қоса­тын­дығын, Съезд дінаралық диа­логты дамытуға мүмкіндік бере­тін­дігін, ұлттар мен ұлыстар ара­сындағы достық қарым-қаты­нас­тарды нығайтуға ықпалын тигізетіндігін атап өткен. Одан әрі Ресей Патриархы діни көш­бас­шылардың бітімгершілік әлеуеті өте көп екендігіне тоқталған. 

«Өкінішке қарай, экстремистер мен террористер көп жағдайларда дінге сенушілердің сенімін теріс пиғылда пайдаланып, жалған ұрандарды қолдану арқылы өздерінің әрекеттерін іске асыруда. Сонымен қатар түрлі діни сенімдегі адамдардың арасына арандатушылық жолымен іріткі салуда. Демек бүгін Астана тө­рі­не жиналған көшбасшылар лаң­кес­терге қарсы екенін білдір­гені дұрыс», делінген Ресей дін­басының хатында.

Жастарды деструктивті ықпа­лдан құтқару керек

Ресей дінбасының хатын оқып берген Митрополит Ила­рион­ның өзі де әлемдегі діни қақ­тығыстардың алдын алу жолын­дағы пайымымен бөлісті. 

Оның айтуынша, кей кездері әр­түрлі сылтаулармен белгілі бір мемлекет екінші мемлекеттің іш­кі ісіне араласа бастаған кез­де, мұның соңы соғыс пен тәртіп­сіздікке ұласады. 

– Осындай жағдайлардан бүтіндей бір мемлекеттің эконо­ми­калық, академиялық және әлеу­меттік инфрақұрылымының күлі көкке ұшады. Мұның арты білім ала алмау мәселесіне және жұмыссыздыққа әкеледі. Іс насырға шапқан соң келешекте ол ел террористерді дайындау ошағына айналуы мүмкін. Себебі экстремистік идеяны насихаттау арқылы адамды оңай ақша табу жолына еліктіру қиын емес. Біз террористердің аузынан қасиетті жазбалардың ішінен бөлініп алынған контексті жиі естиміз. Алайда зорлық-зомбылық кез келген діни оқуға қарсы екені айқын. Дін махаббатқа, жақсылыққа, бей­біт­шілікке шақырады. Терро­рис­тер діни киіммен жүруі мүм­кін. Бірақ бұл әрекет оларды сай­танның құлы болудан құтқар­майды. Сондықтан жастарды ра­дикалдардың деструктивті ықпа­лынан құтқару керек, – деді Митрополит Иларион.

Діни білімі мен білігі Ресей­дің аясынан әлдеқашан асып түс­кен Ресей мүфтилер кеңесі­нің төрағасы Равиль Гайнутдин көр­ші елдегі ықпалды тұлға­лар­дың қатарына кіреді. Бүгінгі дін көшбасшыларының VI съезін­де Р.Гайнутдин өзінің сөйле­ген сөзінде Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының басын қосу арқылы әлемдік мәселенің түп-төркінін айқын біліп отыр деп мәлімдеді. 

– Әлбетте, діни сенімі берік адамдарды зорлықпен сындыру мүмкін емес. Бірақ менің ойымша, зорлық-зомбылықтың бетін сенім тәжірибесімен қайтаруға әбден болады. Ол үшін ең алдымен адамдардың жүрегіне иман ұялауы керек. Бұл туралы он бесінші ғасырдың өзінде крест жо­рықтарына қарсы шыққан кар­динал Николай Кузанский де айтып кеткен. Оның сенім мен бейбітшілік туралы трактаты әлемге деген сүйіспеншілікке то­лы, өзге діндердің өкілдеріне ашық­тығы тамсандырады, – деді Ра­виль Гайнутдин. 

Оның айтуынша, мәжбүрлеу мен зорлық-зомбылық сеніммен қабыспайды. Ал соғыс маши­на­сының жетілуінің басты себебі – қаруландыруды арттыру, басқа салалардан гөрі әскери-өндірістік кешенге көбірек қаражат бөлу.

БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-На­сер Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа БҰҰ Бас хат­шысы Антониу Гутерриштің дұ­­ғай сәлемі мен құттықтауын жет­кізді. 

Насир Абдуләзиз әл-На­сер, сон­дай-ақ әлем діндері көшбас­шы­­ларының кездесуі өтіп жат­қан Бейбітшілік пен келісім са­райы­ның тек жай ғимарат­тық маңы­зынан бұрын жаңа мүм­кін­дік­тер­дің, маңызды келісімдердің алаңы болып отырғандығын атап өтті.

– Бүгінде бірде-бір мемле­кет діни көзқарасқа немесе бас­қа да мәселелерге байланысты шиеленістердің жоқ екендігін айта алмайды. Біз де белгілі бір топтардың діни ұйымдардың атын жамылып ойқастап жүр­ген­дігін көріп отырмыз. Оның үстіне діни сипаттағы қыл­мыстар әлемнің маңызды құн­ды­лықтарын аяқасты етті. Ал Қазақ­станның осындай кесапатпен күресуге бағытталған игі шаралары – мадақтауға тұрарлық бастамалар. Сонымен қатар Қазақстанның терроризмге қарсы күреске қосып отырған үлесін, бейбітсүйгіштікке ұмтылуды насихаттайтын қадамдарын ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі оң әре­кет­терін әлемдік қоғамдастық жо­ғары бағалады, – деді ол.

Ал Дүниежүзілік буддистер қоғамдастығы президентінің орынбасары, Моңғолияның Да­ши­чойлин монастрының басшысы Хамба лама Чойжилжавын Дам­бажав өз сөзінде, әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­ры­ның дәстүрлі съезі әлемді құт­қаруға мүдделі тараптар­дың басын қосып отырғанын, Қа­зақ­станға осы мақсатта әрбір үш жыл сайын бас қосатындардың қа­та­ры көбейіп, саны арта түс­кенін, Қазақстан әлемге үн қата ала­тын, дауысын жеткізе алатын, дау­лас­қандарды сабасына түсіре алатын қуатты мемлекет екенін жеткізді. 

– Менің ойымша, Қазақ­стан­ның ядролық қарудан өз еркі­мен бас тартып, Семей полигонын жабуы – елдің бүгінгі бас­та­ма­ларының бастауында тұр. Кейін Қазақстанның бұл бастамасына әлем қолдау білдіріп, ядролық сынақтардың зардабын тартқан халықтар қуана қол соқ­ты. Көптеген мемлекеттер мен ха­лық­аралық ұйымдар Қазақстан туы­ның астына бірігіп, әлемді ядро­лық қарулардан тазалауға кірі­сіп кетті. Міне, сол уақыттарда Қа­зақстан нақты нәтижелі диа­лог­тарды ұйымдастырудың шебері екендігін көрсете білді. Уақыт Нұр­сұлтан Назарбаев­тың баста­ма­ларының өміршең екен­дігіне көз жеткізіп отыр, – деді Дашичойлин монастрының басшысы. 

Ал Дүниежүзілік ислам маз­хабтарын жақындастыру ассам­блеясының Бас хатшысы Аятолла Мохсен Мохаммади Аракидің сөзі жоғарыда айтылған пікірлерден алыс кеткен жоқ. 

– Бүгінгі Съезді пайдалана отырып қазір Батыс пен Шығыстың соғыс өртін тоқтатарлық ық­па­лы бар арнайы үнқатысу комис­сия­сының құрылуын және оның құрамына дін өкілдерімен қатар, саяси басшылар және қарапайым халық өкілдерінің кіргендігін қалай­тындығымды айтқым келе­ді, – деді Аятолла Мохсен Мохам­мади Араки. 

Өз кезегінде Израильдің Бас Аш­кеназ раввині Давид Лау әлем­де жантүршігерлік қылмыстардың көбейіп бара жатқандығын және біздің басты міндеттеріміздің бірі осындай келеңсіздіктермен күрес болуы керек деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, әлемде ешбір дін зорлық-зомбылыққа жол бер­мейді. «Біз оның бер жағында жан-жануарды тәрбиелеп, үйретіп отырғанда өз қоғамымыздағы қылмыскерлерді түзей алмаймыз ба?» деді ол. 

Ал Қытай даосистері қауым­дас­тығының төрағасы Ли Гуанфу өз баяндамасын Даосизм ілімі өкілдерінің де халықаралық шарадан қалыс қалмағандығы үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдіруден бастады. Шын мә­нінде, Съезге келушілердің киім­дері, жүріс-тұрыстары, амандасу ғұрыптары, сөйлеу мәнерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Осыны аңғарған болса керек, Ли Гуанфу баяндама жасап тұрып ішкі қуанышын жасыра алмады. Жаһандану толқыны әлемнің мәдениетіне, тіліне, дәстүріне, дініне ықпал етіп отырғандығын айтты. Сонымен қатар әлемдік үде­рістің оң жетістіктері бола­тындығын тілге тиек етті.

Дінаралық ынтымақтың өмірлік маңызы бар

Съезд барысында сөз алған қонақ­тардың бірі – Дүниежүзілік Лютеран Федерациясының Орта­лық және Шығыс Еуропа жөнін­дегі вице-президенті Архиепископ Урмас Вильма әрбір мәдениеттің өкіліне өз ұсынысын, көзқарасын білдіруге мүмкіндік бергендігі үшін Қазақстан тарапына алғысын айтып, өзі басқаратын ұйымның тарихы жайында айтып берді. 

Съезде «Діндер бейбітшілік үшін» конференциясының Бас хатшысы Уильям Вендли діндер арасындағы ынтымақтастық мәселесінің өмірлік маңызы бар екенін атап өтті. 

– Бұл мәселенің шешімін табуы біздің ұжымдық күш са­луы­мызға байланысты. Өз тәжіри­беме сүйене отырып айтар болсам, КСРО күйрегеннен кейін Югославия мемлекеті ыдырап, бұның арты өзара қақтығыстарға әкеп соқты. Бірақ ол кезде де, одан бері де әртүрлі конфес­сиялар мен дін түрлерінде ынты­мақ­тасып, өзара қарым-қатынас орнату тетігі болған емес, – деді У.Вендли. Оның айтуынша, қазір әлем діндер арасында байланыс орнатудың ең алғашқы сатысында ғана тұр. 

– Әлемдік саясаткерлер БҰҰ-ны мойындап, әртүрлі діни одақ­тар, үкіметтік комиссиялар құрып, серіктесудің амал-әдістерін із­дестіруде. Әлемдік деңгейде дін­дер кең таралып, орын тепкен жерінде өз инфрақұрылымын құрған. Олардың тарихы тереңде. Міне, бүгін біз Астанаға осынау діни орталықтардың бәрі өзара байланыс орната алуы үшін жиналып отырмыз. Астанада біз барлық діни бірлестікті біріктіре алатын жаһандық инфрақұрылым құру жолында тұрмыз. Діни бірлестіктер қарым-қатынасын ретке келтіріп, ортақ моральдық қағидаттармен алмаса алатындай болуы керек. Дәл осы дін – мемлекет­тер­ді бірлікке шақыра алатын нәзік күш деп айтуға болады, – деді У.Вен­дли. 

Осылайша VI съездің жалпы оты­рысы аяқталған соң Мемлекет бас­шысы Бейбітшілік және келі­сім музейінің экспозицияларын аралап көрді.

Жалпы отырыс жұмысы түстен кейін де жалғасын тапты. Шара аясында Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен «Ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып, Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлері съезінің биік мақсаттарын ілге­рілетуге белсене қатысқаны үшін» бірқатар діни басшылар мара­­патталды.

Марапатты Парламент Сена­тының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті. 

– Қазақстан Президентінің және халқымыздың атынан Сіз­дер­ді осы жиында қарсы алу біз үшін ерекше мәртебе. Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының Астана съезінің идеялары мен бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп, оның жоғары басқарушы органы – Діни лидерлер кеңесінің жұмысына қатысып отырғандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Ке­ңес­тің жоғары және беделді құра­мы өркениетаралық және дін­аралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілетіп, түпкі мақсаты қоғамдар мен мемле­кеттердегі бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайтуды көздейтін іс-ша­раларды іске асыру бағдар­ламаларын әзірлеуі қажет. 

Тұтастай алғанда, дінаралық қатынастардың қарқынды дамуы Съезд және оның Кеңесі қыз­метінің басты жетістігі болып табылады. Форум дін­аралық саммиттің негізгі қатысу­шы­лары­ның өзара пікір алмасудағы ерік-жігерін, олардың бір-біріне деген сенімі мен бірлесіп іс-қи­мыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көз­қарасын қа­лып­тастырады. Қоғам алдындағы игі қыз­мет­теріңіздің арқасында рухани әлем мен діни дәстүрлер қалың жұрт­шылыққа кеңінен таралуда, – деді ол.

Съезд жұмысы бүгін жалғасын табады. Онда Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшылары съезі­нің Декларациясы қабыл­данады деп күтілуде.

Жолдыбай БАЗАР,

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»