Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Еуразия сөздігінде 2800-ден астам сөздер мен тіркестер бар

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі заманғы жан-жақты дамудың айқын­­даушы факторларының бірі – өңірлік эко­номикалық интеграция екендігі мәлім. Бұл ретте 2014 жылғы 29 мамырда қол қо­йылған шартқа сай 2015 жылдан бас­тап жұмыс істеп келе жатқан Еуразиялық эко­номикалық одақ (ЕАЭО) өткен кезең ішінде өзі­нің өміршеңдігін көрсетіп, Елбасымыздың Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық идеясының нақты жүзеге асқанын дәлелдеген халықаралық интеграциялық бірлестік болып қалыптасты.

Еуразия сөздігінде 2800-ден астам сөздер мен тіркестер бар

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа сәйкес ЕАЭО органдарының жұмыс тілі – орыс тілі болып саналады. Ал мүше-мемлекеттер үшін міндетті сипаты бар шешімдер, эконо­микалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттар мүше-мемлекеттердің заң­намасына сай олардың мемлекеттік тіліне аударылады. Қазір ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің экономикалық әлеуеті артып, өзара ынтымақтастығы дамыған са­йын мемлекеттік тілдерінің де терминдік өрісі кеңейіп, қолданылу аясы арта бастағаны байқалып отыр.

Мұның дәлелі ретінде жақында Мәскеудің «Языки народов мира» баспасынан жарық көрген орыс-армян-белорус-қазақ-қырғыз-ағылшын тілдеріндегі «Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерінде жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркес­тері» деп аталатын анықтамалық сөз­дікті айтуға бола­ды. 2800-ден астам сөздер мен сөз тіркестерін қам­титын, ТМД кеңістігінде тұңғыш рет көп тілді форматта жарық көріп отырған бұл сөздіктің Еуразиялық экономикалық одақ құжат­тарын мүше-мемлекеттердің тілдеріне бірізді етіп аудару қажеттігінен туындағанын баса айту шарт. Еу­разиялық экономикалық одақ туралы шарт мәтінін негіз­ге ала отырып түзілген сөздік сапындағы сөздер осы сала тақырыптарына орай өрбіп, әліп­билік ретпен өзектілігі мен пайдаланылу жиілігіне қарай іріктелгені де оның практикалық-қолданбалы мәнін арт­тыра түседі. 

Егер бірнеше ел мүше болып отырған Еуразиялық одақтың ресми тілінің мүше-мемлекеттер тіліндегі бала­маларының басын біріктірген мұндай басы­лымның бұрын-соңды болмағандығын ескеретін болсақ, аталған алғашқы сөздіктің пайда болуы мен жарық көруін шынында да бірегей құбылыс деп бағалауға болады. Сонымен бірге оны мемлекеттік тілді қолдану мәдениетін арттыру, қоғамдық-саяси өмі­рімізге, заң шығармашылығына қатысты терминдер мен сөз тіркестерін ретке келтіру, нормативтік-құқық­тық актілердегі ұғымдарды біріздендіру бағы­тында елімізде бұрыннан атқарылып келе жатқан игі істердің табиғи жалғасы деп те танимыз. 

Сөздік нарықтық экономикаға, қаржыландыру мә­се­ле­леріне қатысты жұмыс істеу барысында мем­лекеттік қызметшілерге, ісқағаздарын жүр­­гі­­зушілерге және мемлекеттік тілдегі тиісті мә­тін­дермен жұмыс істейтін басқа да мамандарға, аудар­машылар мен аударма компанияларына көмекші құ­рал ретінде жәрдемін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, сөздікке кірген орыс тіліндегі бір сөздің не сөз тіркесінің қазақша берілген баламасын оның армян, белорус, қырғыз және ағылшын тілдерінде қатарлас ұсынылатын нұсқасымен салыстыра, шендестіре отырып пайдалану – кез келген аудармашы үшін таптырмас һәм табылмас қазына, қайталап айтсақ, бұл тектес сөздік елімізде біз білерде болған емес. Содан болуы керек, қазірдің өзінде Ресейдің кейбір оқу орындары, «Транслинк», «Эффектив» сияқты ірі аударма компания­лары, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер сөздіктің дер кезінде жарық көргенін, библиографиялық құндылығын, бірегей құрылымы мен шын мәніндегі қолданбалы сипатын ерекше атап өтуде. Жаңа сөздіктің Қазақ елі тарапынан да лайықты бағасын алатынына сенеміз.

Ойымызды түйіндей келе, сөздікті белгілі журналист-публицист, ғалым-дипломат, филология ғылым­дарының докторы, Ресей Аудармашылар одағының мүшесі Серікқали Байменшенің басшы­лығымен Еуразиялық экономикалық комис­сияның Одақтың нормативтік актілерін аудару бөлімі әзірлегенін айрықша атап көрсетпекпіз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Жазушылар одағының және 

Журналистер одағының мүшесі