Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Көкпектіде көкпаршы көп

669 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкпекті ауданының Көкжота ауылында ұлттық ат спорты мектебі құрылды. Көп жылдан бері шағын ауылдың жас шабандоздарын шынықтырып, аттарын баптап, аудан намысын облыста абыроймен қорғап жүрген ардагер көкпаршы Қанат Биқатов аталған мектептің тізгінін ұстады.

Көкпектіде көкпаршы көп

Жақында аудан орталығында бекзада өнердің көкжиегін кеңейтетін тағылымды шара өткізілді. Жастар орталығының мұрындық болуымен 6 қазанда әр ауылдан жинақталған 5 құрама аудан әкімінің кубогын сарапқа салды. «Көкпар ойыны – ұлттық мұрамыз. Жастарды ептілікке, төзімділікке, батылдыққа баулитын спорт болғандықтан оны дамытуға атсалысу – біздің міндетіміз. Ауданға келген күннен қамқорлығына алып, жағдайымызды жасап, жұмысты жүйелі жолға қойып жатқан Асхат Сайдахметұлына мың алғыс. Бүгінгі күні Жастар орта­лығының директоры Азамат Халық бастап қолға алып жатқан азаматтардың ісі қуантады. Әр ауылда, әр отбасында көкпар ойнайтын балуандар тәрбиелесек, ұлттық намысымызды маздатамыз», – дейді игі істің басы-қасында жүрген көкпаршы Қанат Биқатов.

Кіл мықтылар арасынан кәсібилігімен басым түскен Көк­жайықтың «Ардагер» құрамасы аудан әкімінің кубогын иеленді. Жеңімпаздар құрамасында ойын көрсеткен тақымы тастай берік Әлібек Мәулен мен әйгілі атбегі Нұр­жан Смағұловтың ойыны көрерменнің айызын қандырды. Құрамында Мұратқазы Бекі­шев, Батыр Смағұл сынды көкжал ойыншылары бар Көк­пекті құрамасы 2-орынды ие­ленсе, Тассай ауылының көк­пар­шылары 3-орынды ол­жала­ды. Сонымен бірге Ма­май ауылының және Ақой жігіт­терінен жасақталған Көк­жайы­қтың екінші құрамала­рының көрсеткен өнері де көрермен көңілінен шықты.

Дархан БЕРДІБЕК,

Шығыс Қазақстан облысы

Көкпекті ауданы