Аймақтар • 11 Қазан, 2018

Тілге жанашырлық – елге жанашырлық

381 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік өңірде кірпігі ғана қимылдайтын қазақ тілінің алпыс екі тамырына қан енді жүгіруі тиісті. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тапсырмасымен орыс тілінде білім беретін мектептердегі қазақ тілі пәнінің мұғалімдері арасында «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі» байқауы жарияланды.

Тілге жанашырлық –  елге жанашырлық

Бұрын орыс тілін­де білім беретін мектептер­дегі қазақ тілінің қан­ша­лықты деңгейде оқыты­лып жат­қан­дығына көңіл бөліне бермейтін. Бұ­дан былайғы арада мұға­лімдердің де ынта-ықы­ласы артып, ті­ліміздің тұғы­ры биіктей ме деген үміт бар. Таяуда орыс ті­лінде білім беретін  білім ошақтарында қазақ тілін оқытып жүрген ұстаздар арасында облыстық байқау өткізілді. Бұл ең алдымен ел ішінде жағымды жаңалық ретінде аталып жатыр. Ұстаздар арасында оңды үрдісті өрістету – ең алдымен тілге деген жанашырлық. Алғашқы додаға 15 мұғалім қатысып, өз бойларындағы білім мен білікті сарапқа салып, тәжірибелерімен бөлісті. 

Бас жүлдені Бурабай ауданындағы Зеленобор мектеп-гимназиясының қа­зақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дамир Сұрағанов жеңіп алды. Бірінші дәрежелі диплом Жақсы ауданындағы Қ.Өс­кенбаев атындағы Қима орта мектебінің мұға­лімі Жанаргүл Алшынбаеваға бұйырды. 

Облыс әкімі Мәлік Мыр­­­залиннің қатысуымен өткен салтанатты іс-шара­да жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетілді. Бас жүл­деге 600 мың, бірін­ші орынға 400 мың теңге беріл­ді. Екінші, үшін­ші орын алғандар да құрала­қан қалған жоқ. 

Осы бір игілікті шарадан кейін мұғалімдердің бойында құлшыныс пайда болды. Байқаудан соң ұстаздар да, былайғы жұрт­шылық та ана тіліміздің абыройы асатынына бек сенімді болып тарасты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»