Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Әулиеата халқы да ардақты азаматын азалады

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қараорман қазақтың қамын күйттеп, ұлттың ұлы сөзін сөйлеп өткен намыс найзағайы, аса көрнекті жазушы және мемлекет қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Екі күннен бері қалың қазақ аза тұтып, біртуар перзентін жоқтап жатыр. Қазан айының қара суығында келіп жеткен бұл қаралы хабар бәрібір алып бәйтеректі құлата алмайды, мөлдір бұлақты суалта алмайды. Себебі, Шерхан Мұртаза ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға еді.

Әулиеата халқы да ардақты азаматын азалады

Халқы Шераға деп қастерлеген, құрмет тұтқан тұлғамен қоштасу оңай емес. Атырау мен Алтай, Алатау мен Арқа арасындағы қараорман қазақпен бірге Әулиеата халқы да ардақты азаматын азалады. Қайраткер тұлғамен Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл жұртшылығы қимай қоштасты. Саябақтағы Шерхан Мұртазаның үлкен портреті салынған баннерге әулиеаталықтар гүл шоқтарын қойып, марқұмның рухына тағзым етті. Сонымен қатар, осында жазылған Елбасының «Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды» деген сөзі Шерхан рухын асқақтатып тұрды.

Әуелі Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз алып, аңыз тұлғаның қайраткерлік жолына тоқталды. Әр жылдары еліміздің бас басылымдарын басқарып, одан кейін депутат болған Шерхан Мұртазаның ұлты үшін ұлы істер атқарғанын атап өтті. Ал өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Шерағаңның ақиқат пен шындық жолында аянбай күрескен біртуар тұлға екенін еске алды. Бұдан кейін Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет арамыздан алыстап бара жатқан аяулы тұлға жайында жүрекжарды сырларымен бөлісті. Сонымен қатар, Шерхан Мұртазаның жазушылық, қайраткерлік тағдыры туралы айтылды.

 «Мені адам қатарына қосайын деген ешкім болған жоқ. Көп шетқақпай көрдім. Мені тағдыр жетеледі» деп толғаныпты кезінде Шерхан Мұртаза. Тағдыры бөлек, бітімі ерек тұлғаны тағдырдың өзі сынады, өзі қалыптастырды. «Шындық ешқашан шірімейді» дейді тағы бірде. Шындықты шырқыратып айтып, арыстандай арқыраған алып тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайды. Қазақтың мәңгі жүрегінде бола бермек. 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы