Қоғам • 12 Қазан, 2018

Қаламгерлер де қалыс қалмайды

356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауы – мемлекетіміздің даму қарқынын арттырып, барлық салаға серпін беретін маңызды құжат. Сондықтан онда айқындалған бағыттарға басымдық берудің маңызы зор деген аға буын қаламгерлер Қазақстан Жазушылар одағының ғимара­тында бас қосып, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады.

Қаламгерлер де қалыс қалмайды

Жаңа Жолдаудың елдің әлеуметтік әлеуетін арттырудан бөлек, рухани мазмұны да терең. Тарихи құжаттың жүйелі жүзеге асуына, қоғамдық ой-пікір қозғауда қаламгерлер қауымы да қалыс қалмай, белсенділік танытпақ. Елбасы өз Жолдауында алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай Жазушылар одағы жастар шығар­машылығын жан-жақты дамытуға арналған арнайы бағдарлама әзірлемек. Жобада жастар поэ­зиясы мен прозасын дамыту, драматургия мен сын жанрына соны серпін беру басты бағыттардың бірі болмақ. 

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төраға­сының орынбасары ақын Бауыржан Жақып: «Мемлекет басшысы сөз басында еліміздің сан салада қол жеткізген елеулі жетістіктерін түйіп-түйіп айтып өтті. Расында көңіл қуантарлық жетістіктер көп-ақ. Елбасы келер жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1 жарым есеге, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсетіндігін айтты. Сонымен қатар 3 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 миллиард теңге басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық банктен кемінде 600 миллиард көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлу ісі тапсырылды. Мұның бәрі халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Әсіресе педагогтің мәртебесі туралы заң қабылдау мәселесі өте оңды дүние. «Алаш баласының басы қосылса, төр мұ­ғалімдікі» дейтін Мағжан сөзінің бәсіресін биіктетіп, ұстаз­дарымыздың мәртебесін өсіру – ұлттың болашағы үшін жасалған игі қадам», деді.

Басқосу барысында зиялы қауым жазушылар­дың қоғамдағы рөлі, жастар әдебиетін қолдау, Жолдауды іске асыруда қаламгерлер қауымына артылған жауапкершілік тұрғысында әңгіме өрбітіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

– Кез келген Жолдау жазушыларға тікелей қатысты. Өйткені «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасына байланыс­ты барлық жұмыстарға Қазақстан Жазу­шылар ода­ғы тікелей қатысады деп Елбасы қа­дап айтқан болатын. Бұл қалам­герлер үшін үлкен мәртебе әрі зор мүмкін­дік. Жол­дауды жазушылар қызу талқы­лады. Ке­лесі жыл жастар жылы болаты­ны үл­кен жаңалық болып жатыр. Өйткені біз­дің жазушыларымыз үнемі кейінгі тол­қын­мен толығып, әдебиетке толқын-тол­қын жастар келіп отыруы керек, – дей­ді жазушы-драмматург Сұлтанәлі Балғабаев.

 Бұдан бөлек белгілі жазушылар Марал Ысқақбай мен Ахметжан Ашири, ақын Любовь Шашкова мен ғалым Темірхан Тебегенов сөз алып, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету, білім мен медицина саласын дамыту, халық табысының өсуі сынды Жолдауда қамтылған бірқатар тақырыптарға қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ