Аударма • 12 Қазан, 2018

Ұрыны анықтайтын технология

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Сан-Франциско қаласының заманауи супермаркеттерінің бірінде қызық тәжірибе жүргізілді. Олар менің дүкендегі бүкіл әрекетімді, яғни чеддар тәтті жүгерісін сатып алатынымды не ұрлайтынымды анықтап көруге талпынды. Тәжірибеге мен де қызықтым. 

Ұрыны анықтайтын технология

Кейси Клиффорд «Нью-Йорк Таймс». Сатып алушылар Standard Market-тің арнайы мобильдік бағдарламасын жүктеп алады. Дүкенде есікте тексеру де, касса да жоқ.

Нэлли БОУЛЗ, «Нью-Йорк Таймс» – Сан-Франциско

Дүкенде орнатылған 27 камера менің әрбір әрекетімді дерек ре­тінде тіркеп отырады. Ал зерт­теу­шілер менің ойымнан хабарсыз.

Өткен айда Сан-Францискода алғаш рет Standard Market деп аталатын сатушысыз, автоматты дүкен ашылды. Арнайы мобильді бағдарламаны жүктеп алған сатып алушылар аумағы 176 шаршы метр болатын дүкеннен қалаған затын таңдап алады. Онда шығар есікте тексерудің және тауарды кассадан өткізудің қажеті жоқ. Камералар сатып алушы мен тауарды анықтап, кімнің не алғанын тіркеп отырады. Жалпы жобасы осы. 

Мұндай жобаға 2017 жылы басталған Standard Cognition стартапы негіз болды. Мұндағы мақсат – 2020 жылға қарай күн сайын 100 дүкенге осы жүйені енгізіп отыру. 

Бағдарламаның негізін салушы жеті маманның бесеуі – АҚШ Құнды қағаздар және биржа комиссиясының өкілі. Таяуда олар қаржылық алаяқтық пен сау­да құқығын бұзуды анықтайтын, жасанды интеллектімен жұмыс істейтін бағдарлама жасап шығарды. Қазір аталған мамандар сол секілді күрделі мәселені анықтап көрмек: мен тәтті жү­ге­ріні ұрлаймын ба? 

Қаңтарда Amazon Сиэтлде өзінің алғашқы сатушысыз дүкенін іске қосты. Содан бері елде бірнеше осындай дүкен ашылды. Қытайда сатушысыз супермаркеттерге жүргізілген тәжірибе жетерлік. 

Алайда Standard Cognition-ның бағыты сәл өзгеше. Ол негізінен төбеге қойылған камералар мен жасанды интеллектіге негізделген мобильді бағдарламаға сүйенеді. Ол менің кідіргенімді, шоколад алғанымды, не орнына қайта қойғанымды біліп оты­рады. Сондай-ақ денем кепті­ріл­ген мангоға, ал бетім тәтті жүге­ріге қарап тұрғанынан да хабар­дар. Тіпті ұрлық жасау ниетімді де біледі (немесе анықтауға талпынады).

«Біз адамдардың әрекеті қан­дай болатынын үйреніп келе­міз. Егер олар ұрлауды жоспар­ласа, тез-тез адымдап, есікке қара­ғыштай береді», дейді жобаның негізін салушы Майкл Сусвал. Жүйе ықтимал ұрыны анықтаған кезде дүкен қызметкеріне хабарлама келіп түседі. Содан кейін онымен жеке әңгіме жүргізілмек. 

Ұрыны анықтау сатып алушылар туралы өте көп деректі талап етеді және ондай мәліметтің басым бөлігі әзірге қолда жоқ. Сондықтан Standard Market ашыл­ғаннан бірнеше күн бұрын Stan­dard Cognition 100 адамға дүкенде 4 сағат сауда жасауға өтініш жасады. Жапонияда команда деректер жинау мақсатында дүкендер желісімен жұмыс істеген-ді. Standard Cognition-нің айтуынша, олар биометрикалық ақпарат жинамайды. Өйткені бұл жеке өмір құпиясын бұзуы мүмкін. 

Өткен жұмада дүкенге келіп, осында екенімді білдіру үшін телефонымдағы арнайы бағдарламаны аштым. Керек заттарды алып, шығып кеттім. 

Сыртта маған Сусвал мырза кезікті. Телефоныма ескерту келіп тұр екен: бір чеддар тәтті жүгерісі мен бір әжетхана қағазының жалпы құны – 1,19 доллар. 

Негізінде мен екі қалта тәтті жүгері алған едім. Әуелі екінші қалтаны алып, әрлі-берлі ойланып, қайтадан орнына қойдым. Кейіннен жылдамдықпен зып еткізіп қалтама тығып жібердім. Жүйе мұны байқаған жоқ. 

«Мұндай болмауы тиіс еді», деді Сусвал. Әйтсе де, жүйе қа­те­лесті. Ол иығын көтеріп, жеңіске жеткенімді айтты. Сондықтан тәтті жүгері маған бұйырды. 

Келешекте Standard Cognition мен басқа компаниялар тауардың қайда екенін анықтаудың тиімді әдісін ойлап табатын шығар. Бірақ қазіргі жүйе әлі толыққанды емес. Ал мен тәттіге қарық болдым.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»