Қазақстан • 12 Қазан, 2018

Дархан Ділманов: Маңызы зор тарихи құжат

519 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы шын мәнінде халыққа арналған бағдарлама екендігімен құнды. Тәуелсіз еліміздің қасиетті шебін көздерінің қарашығындай күзетіп жүрген шекара сақшыларына ерекше жігер берген Мемлекет басшысы өзінің халыққа дәстүрлі Жолдауында алты маңызды бағытты атап өтті. Оның әр бағыты – Қазақстан халқын, оның ішінде әскери қызметшілердің ата-ана, туғандары мен отбасы мүшелерінің әл-ауқатын арттыруды қамтиды.

Дархан Ділманов: Маңызы зор тарихи құжат

Шекара қызметінің шекара аймақтарында тұрған әскери бөлімдерінде Елбасы Жолдауын қолдауға арналған іс-шаралар өткізіліп, жеке құрамға, сондай-ақ олардың жанұя мүшелеріне жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы өзінің 26 жылдық тарихы бар ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасының толыққанды болуын әрдайым назарында ұстап келеді. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде еліміздің ұлаң-ғайыр шекарасын қорғауға қажетті қаржы-қаражат пен керек-жарақтар жеткілікті түрде бөлінуде. Бұған қоса, шекарашылардың әлеуметтік жағынан қорғалуы да өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түскен емес.

Елбасының биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында 2019-2021 жылдар аралығында әскери қызметшілер мен өзге де мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын 35 пайызға көтеру қажеттілігіне тоқталды.

Айту керек, бұл – Елбасы тарапынан әскери қызметшілерге, олардың жанұялары мен еліміздің өскелең ұрпақтарына көрсетілген  шынайы қамқорлықтың жарқын бейнесі.

Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың мақсаты Қазақстан халқын бәсекеге қабілетті ұлтқа айналдыру. Бұл дегеніміз, адамдардың денсаулығы мен біліміне, мәдениеті мен кәсіпкерлігіне тікелей байланысты болмақ. Туған елінің қасиетті шебін күзетіп жүрген әрбір шекарашы – Отанының патриоты өз Президентінің өздеріне деген шынайы қамқорлығын сезініп, осы жолда қарымды қадамдарды іске асыра беретін болады.

Дархан ДІЛМАНОВ,

ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары,

Шекара қызметінің Директоры