Спорт • 12 Қазан, 2018

Солтүстікқазақстандық каратэші әйел 49 жасында Еуропа чемпионы атанды

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жасының ұлғайып қалғанына қарамастан Людмила Бутенко Швецияда өткен Еуропа чемпионатынан  жеңіспен оралды.

Солтүстікқазақстандық каратэші әйел 49 жасында Еуропа чемпионы атанды

Ол  байрақты бәсекеде еліміздің абыройын асқақтатып, кекушинкай каратэден ұйымдастырылған турнирдің  кубогын иеленді.

Людмила Бутенконың каратэмен айналысқанына 10 жыл. Халықаралық жарысқа дейін ол елімізде өткен республикалық турнирде топ жарған. 49 жастағы спортшы Швецияда өткен ақтық белдесуде қара белдбеудің иесі украиналық спортшыны тізе бүктірді.

«Дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. 14-ші орта мектепте   шәкірттерімді жаттықтырамын. 2016 жылғы республикалық турнирдің қола жүлдегерімін», дейді  Еуропа чемпионы. Қазіргі кезде Петропавлда каратемен шұғылданатын азаматтардың қатары қалың. 1200 спортшы бар.

«Кекушинкай каратэ жалпықазақстандық ұйымы» СҚОФ-ның директоры Владимир Витченконың айтуынша, Еуропа чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы  2-ші орынды иеленген.  Қызылжар өңірінен 3 спортшы өнер көрсетіп, Людмила жеңістің ең биік тұғырына көтерілген.

Ол бүгінде Ресейде өтетін халықаралық жарысқа дайындалып,  кәрі құрлықтағы жеңісін қайталауға бекініп отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы