Руханият • 12 Қазан, 2018

Кафеге барайық

967 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кафеге барайық

Белгілі режиссер Қано (Қа­нымбек Қасымбеков) екеу­міз біздің ауылды жаяу аралап келеміз. Қарсы алдымыздан кездесе қалған таныс жігіттер: «Кәні, үй­ге жүріп, шай ішіңіз­дер», дейді. Бірақ біз шын көңілі­міз­ден рақметімізді айтып, әрі қарай аяңдап кете барамыз. Ке­нет жаңағы шайға шақырған жігіт соңымыздан дауыс­­тап: «Көке, онда кафеге жүрсеңіздерші!» деп қалады.

Қано басын шайқап, езу тартады. Содан соң: «Өзі­міз қаладан да, кафеден де қашып, осында келген жоқ­пыз ба», дейді. 

Міне, сөйтіп көшеде кез­­­­де­скен бірнеше жі­гіт әуе­лі үйі­не, сосын ка­феге ша­­қыр­ған кезде Қано таң­ғалып: «Әй, бұ­­лардың бәрі неге ка­фе­ге шақырады?» деді ойланып.

Мен болсам, «білмеймін» дегендей иығымды қозғадым. 

– Қызық екен, – деді Қано. 

Тап осы кезде қарсы алдымыздан баяғыда-а-а менімен мектепте бірге оқыған Дәшән (шын аты Жайлыбай) шыға келді де: 

– О-оу, мұнда қайдан адасып жүрсіңдер?! – деп иы­ғым­­нан қапсырып құшақтай алды. – Қане, үйге жүріңдер.

– Рақмет. Жаңа ғана құда-құдағидікінен тойып тамақ ішіп шығып ек. 

– Олай болса кафеге жү­рің­дер! Бір-бір күрішке сал­қын сы­радан тартып-тартып жіберейік.

– Әй, – деді кенет Қано ма­ған қарап ішек-сілесі қата күліп, – сол кафеге барсақ, барайықшы!

– Жақсы. Барайық.

Біздің жігіттердің кафе деге­ні баяғы жаздық клуб­тың жанынан салынған ұя­дай ғана баспана екен. Ша­тыры, есік-терезесі қызыл түсті сырмен сырланыпты. Маңдайшасында «Кафе» деген жазуы бар. 

Ішке кірдік. Жайғасып отыр­дық. Дәшән мырза: 

– Официант! – деп дауыс­тап, бойы сырықтай бір сары баланы шақырып алды. – Ал әкеле бер!

– Мақұл, көке.

– Міне, біздің кафе осындай! – деп жымиды Дәшән.

Қано болса, маған қарап:

– Сен бұрын мұнда болып па едің? – деді ақырын ғана.

– Жоқ.

– Қайдан болсын, – деді Дәшән. – Бұл біздің Монтай­дағы тұңғыш кафе. Былтыр ғана ашылды. 

Иә, рас. Біздің Монтай – Мон­тай болғалы ашылған тұң­ғыш кафе! Сондықтан ауылға келген қонақтарды кафеге шақы­ру ерекше құр­мет болып есептеледі. 

– Міне, фильм! –деді мұны ес­тіген Қано ішек-сіле­сі қата кү­ліп. – Жігіттер, менің бар ғой Монтай туралы бір тама­ша кар­тина түсіргім келіп кетті!

Әттең... Тағдыр ондай күн­ге же­туді жазбапты. Біз­дің Монтайдың кафесін жиі-жиі есіне алып, риза болып, ол туралы сценарий жазу керек деп елпілдеп жүретін көңілшек Қано күндердің бір күнінде бұл дүниемен үн-түнсіз қош айтысты да, ба­қилық сапарға аттанып кете барды...

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»