Қазақстан • 11 Қазан, 2018

Қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтіп жатыр

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстанның Ош қаласында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен «Шыңғыс Айтматов мұрасы: жаһандану дәуірінде ынтымақта өмір сүру» атты қазақ-қырғыз зиялылары форумының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтіп жатыр

Шараға Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің кеңесшісі Ержан Исақұлов, Ош облысының губернаторы Узарбек Жылқыбаев, Ош қаласының мэрі Таалай Сарбашев қатысып, форумға келген қонақтарға құттықтау тілектерін арнады. Екі күнге   жалғасатын форумды   ұйымдастыруға Қырғызстан Президенті әкімшілігі, Ош мемлекеттік университеті қолдау көрсетті. Зиялылар форумы әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына орай TWESCO   ұйымдастырған шаралардың жалғасы болып саналады.

Түркі академиясы 2018 жылды «Айтматов жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Жазушының мерейтойына орай биыл сәуір айында Астанада «Айтматов тағылымы» атты халықаралық форум өткізген еді. Аталған жиын қазақ-қырғыз зиялылары форумы ретінде бағаланған болатын. Енді мұндай форматтағы жиын Қырғызстан жерінде өтуде.

Ош қаласындағы форумға қазақ және қырғыз жазушылары, ақындары, ғалымдар, суретшілер мен өнер қайраткерлері қатысуда. Форум барысында TWESCO әзірлеп, басып шығарған, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимовтың «Айтматов. Последний писатель империи», Мағжан Жұмабаевтың «Арыстан айбат» деген атпен жарық көрген шығармалар жинағы, Қадыралы Қонқабаевтың «Атлас древнетюрских письменных памятников Республики Алтай», Эмир Наджиптің «Историко-сравнительный словарь тюркских языков 14 века», «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» және өзге де бірқатар кітаптардың таныстырылымы өтеді.

Сондай-ақ, форумда қазақ-қырғыз бауырластығына, мәдениет пен әдебиет, ғылым және өзге де салаларға қатысты баяндамалар жасалып, пікір алмасу өткізілмек.