Аймақтар • 13 Қазан, 2018

Тарбағатайда 4 жылдық мектептер 9 жылдыққа айналып жатыр

1054 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарбағатай ауданының Қытаймен шекаралас Ақжар өңірінде соңғы 4-5 жылдың көлемінде жабылуға жақын қалған 3 білім ордасы іргесін кеңейтіпті. Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең елді мекеніндегі төрт жылдық мектеп 9 жылдыққа, ал Жалаңаштағы бастауыш мектеп пен Ахметбұлақ ауылындағы негізгі орта мектеп өз мәртебесін мектеп-балабақша кешені деп ауыстырыпты.

Тарбағатайда 4 жылдық мектептер 9 жылдыққа айналып жатыр

Бұған аудандық бюджеттен 150 миллион теңге шамасында қаражат жұмсалыпты.Тарбағатайдың шекараға тақау ауылдарын аралағанымызда іргесі кеңейген Сарыөлең ауылындағы 9 жылдық мектепке арнайы барып, тыныс-тіршілігімен таныстық.9 жылдықтан 4 жылдыққа қысқарып, жабылудың аз-ақ алдында қалып қалт-құлт етіп тұрғанда 2014 жылы Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен қайта ашылған мектепте қазір 41 бала оқып жатыр. «2013 жылы аудан әкімі осында келгенде мектепте 24 оқушы, 3 мұғалім ғана болған еді. Аудан басшысы «оқушы санын 41-ге толтырсаңдар мектепті 9 жылдық қылып қайта ашып береміз» деген соң ауыл тұрғындарымен ақылдасып, бала санын 43-ке жеткіздік», - дейді Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбеков.

Аудан әкімдігі мектепті 9 жылдық қылып кеңейтумен қатар ауылға балабақша да ашып беріпті. Бұрынғы Мәдениет үйінің ішінен ашылған балабақшада 15 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Сарыөлеңдегі Бауыржан Момышұлы атындағы негізгі орта мектептің директоры Ержан Ысқақов шағын білім ордасында ұстаздарға, оқушыларға тиісті жағдай жасалғанын, құрал-жабдықтардың жеткілікті екендігін, мектептің интернетке қосылғанын айтып, ауылдағы балғындардың спортпен алаңсыз жаттығуына мүмкіндік беретін спорт зал салынса деген тілегін жеткізді. Мектепте арнайы спорт зал жоқтығын, оқушылар күреспен төбесі аласа, тар бөлмеде жаттығып жүргенін біз де өз көзімізбен көрдік. Сарыөлеңнің шымыр бозбалалары осыған қарамастан Ақжарда, аудан орталығы - Ақсуатта өтетін жарыстарға қатысып жүр.

Бүгінде Тарбағатай ауданының барлық ауылдарындағы мектептерге интернет қосылып, өңірдің барлық елді мекенінде үлкенді-кішілі балабақшалар жұмыс істеп тұр. «Біз әсіресе ауданның шекараға жақын ауылдарына ерекше көңіл бөліп, балабақшасы жоғына балабақша ашып, медициналық пункттерді жөндетіп, қосымша штаттар беріп жатырмыз. Аудандағы жұмыс істемей, есігіне құлып салынып тұрған Мәдениет ошақтарының барлығын іске қостық. Кейбір ауылдағы Мәдениет үйлерінде тұрғындардың спортпен шұғылдануына да рұқсат беріп отырмыз. Себебі, Сарыөлеңдегі секілді көптеген шағын ауылдарда дені дұрыс спорт залы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта шалғайдағы, әсіресе шекарадағы ауылдарға балалардың волейбол, футбол ойнауына мүмкіндік беретін спорт залдары салынса жақсы болар еді. Елбасы өз Жолдауында айтқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Үкімет осы шаруаны қолға алса игі іс болар еді. Мәселен, Тарбағатайда қыстыгүні сағат 4-5-терде күн батады. Бала не істейді? Үйде отыра ма? Спорт зал салып берсек малын жайғаған соң спорт залға бармай ма? Сол жерде екі сағат футбол ойнасын, баскетбол ойнасын, спортпен шұғылдансын. Барлық жағдайын жасап қояйықшы. Соған көп қаржы кетпейтін шығар», - дейді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Шекаралық ауылдардың көпшілігіне ортақ тағы бір түйткіл – баспананың жоқтығы. Дайын баспана болмағаннан кейін жас мамандар қайда барып тұрады? Мәселен, шекараға таяу Жаңаталап ауылына барғысы келген екі жас дәрігер тұратын үй таппапты. Аудан әкімі осы мәселені шешу үшін кәсіпкерлерге «осындай ауылдарға үй салып беріңдер, біз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы сатып аламыз» деп ұсыныс айтыпты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы