Қазақстан • 13 Қазан, 2018

Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды

1201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасөспірімдердің Олмипиада ойындарында қазақстандық спортшылар каноэ есу спортында Диас Бахраддин алтын медаль, Стелла Суханова қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарында бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды

Спринт жарысының іріктеу кезеңінде 16 жастағы Диас Бахраддин екінші орын алды. Содан кейін ширек финалда украиналық Тараса Кузыканы жарыс жолынан ығыстырды. Жартылай финалда біздің спортшы венгриялық Балаз Палланы үш секундқа озып кеттті. Финалда өзбекстандық Исломжон Абдусаломов Диасқа қарсылас атанды. Тартысты өткен бәсекеде Диас Бахраддин мәреге 1:54.66 нәтижесімен бірінші келді. Абдусаломовтың уақыты - 1:55.17.

«Өздеріңіз көргендей жарыс өте қиын болды. Дегенмен жеңіске жеттік. Финалда бар күшімді жинап, жеңіске жетуге тырыстым. Өзбекстандық қарсыласым мықты спортшы. Талай бәсекелерде жарысып жүрміз. Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарындағы жүлдем спорттық мансабымдағы басты жетістігім. Ел қоржынына медаль салғаным үшін өте қуаныштымын», деді каноэ есуден жасөспірімдердің Олимпиада ойындарының жеңімпазы Диас Бахриддин.

15 жастағы Стелла Суханова болса іріктеу кезеңінде 1:54.64 нәтижені көрсетіп, келесі айналымға төртінші орынмен өтті. Содан кейін Стелла австралиялық қарсыласынан бұрын мәреге келді. Ширек финалда Италия елінің өкілі

ЛюкрецияЗирониді озып кетті. Жартылай финалда қазақстандық каноэ есуші венгриялық Эстер Рендессиге жол беріп қойып, қола медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Үшінші орын үшін өткен сында Стелла Суханова берілген қашықтықта неміс Джина Зинттен шамамен үш секунд жылдам болды. Стелланың уақыты- 1:54.25.

«Өте қуаныштымын. Диас үшін де қуаныштымын. Эмоция асып тұр. Сөзбен жеткізе алмаймын. Жарыс өте қиын болды. Қола медаль оңай келген жоқ. Елім үшін қуаныштымын. Осы спорт түріндегі бұл жақсы жетістік. «В» жолымен жарысу оңай болған жоқ. Әсіресе бұрылысқа кіру қиынға соқты. Жартылай финалда толқыныстан болар, сенімсіздеу өнер көсерттім. Ал қола медаль үшін таласта барымды салдым», дейді каноэ есу жарысынан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Стелла Суханова.

Айта кетейік, осы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынында төрт медаль бар. Алғашқы екеуін дзюдошылар Бекарыс Сәдуақас пен Маргарита Гриценко жеңіп алған еді.