Бағдарламалар • 13 Қазан, 2018

Мәулен Әшімбаев: «Нұр Отан» партиясы Жолдаудың жүзеге асуын бақылауды күшейтеді

593 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы Жолдауда айтылған басымдықтарды, бес әлеуметтік бастаманыжәне басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратыны, сонымен бірге олардыңорындалуына қоғамдық бақылау жүргізетіні белгілі. Осыған орай Мемлекет басшысыныңәлеуметтік тапсырмаларының орындалу барысымен танысу үшін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қызылорда облысына арнайы барды.

Мәулен Әшімбаев: «Нұр Отан» партиясы Жолдаудың жүзеге асуын бақылауды күшейтеді

Саяси кеңестің отырысында Елбасы, партия Төрағасыелдегі жетекші саяси күшке Бес әлеуметтік бастаманы іске асырумен қатар,тұрақты қоғамдық бақылау жүргізуді тапсырды. Нұротандықтарға Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жаңа Жолдауына қатысты да осындай міндет жүктелді.

Қызылордада Мәулен Әшімбаев өңірдегі «7-20-25» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, облыс орталығында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс барысын қадағалап, салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлерді көрді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары құрылысшылармен, екінші дәрежедегі банк өкілдерімен кездесіп, Жолдаудың басымдықтарына назар аударды.

– Жолдауда Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтып, оларды шешу үшін нақты шараларды ұсынды. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту, баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу, өңірлердегі жолдарды жөндеу, шағын және орта бизнесті қолдау және қоғамдық қауіпсіздік секілді мәселелер көтерілді. Сондықтан Елбасының ұсыныстарын бір реттік емес, керісінше жүйелі сипатқа ие деп айтуға толық негіз бар. Себебі, олардың әрқайсысының стратегиялық маңызы зор,– деді Мәулен Әшімбаев.

Қызылорда облысында халық санының өсуіне байланысты тұрғын үй өзекті мәселелердің қатарында. Қазірдің өзінде 27 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Аталған мәселені шешу үшін мұнда 1532 га жерге жаңа аудан салынуда. Онда тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, сауда және кеңсе ғимараттары, сондай-ақ жағалау аймағындағы қалалықтардың демалуы үшін саяжайлар, желекжолдар орналасатын болады. Бұл жерде таяу уақытта 320 орындық балабақша, жастар ресурс орталығы, «Болашақ» университетінің білім беру кампусы, неке сарайы, көп салалы емханасы бар аурухана, физика-математикалық мектеп және отбасылық медицина орталығы бой көтереді деп жоспарланған. Бүгінде қажетті инфрақұрылымдарды (газ, су, электр, жылу, жол) тартуға байланысты жұмыстар жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысында «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» қолға алынып, алғашқы салымсыз-ақ несиеге тұрғын үй сатып алуға жол ашылды. Осылайша, өңірде Президенттің Жолдауда айтқан баспанаға мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету туралы тапсырмасы орындалуда.

Елбасы әкімдерге жеңілдетілген несие алу бойынша алғашқы салымды жергілікті бюджет есебінен ішінара субсидиялау туралы мәселені пысықтауды тапсырған болатын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру білікті ұстаздар, дәрігерлер, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түседі. Тап осындай бастаманы нұротандықтар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асырылуын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жария еткен еді.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев жергілікті партия активімен кездесті. Онда ол Президент Жолдауын, бес әлеуметтік бастаманы және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы «Нұр Отан» партиясының рөлі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ Елбасы тапсырмаларының орындалуына қоғамдық мониторинг ұйымдастыру туралы әңгімелеп берді.

Ол «Нұр Отан» партиясының стратегиялық күш және Мемлекет басшысының сенімді тірегі ретінде Президент тапсырмаларының сапалы орындалуын қатаң бақылайтынын, мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктер туралы ашық айтатынын, қандай да бір мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысында туындайтын мәселелерді анықтап отыратынын ерекше атап өтті.

– Партия Жолдаудағы басымдықтардың жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізеді. Тек бақылап қана қоймай, сол жұмыстарға тікелей қатысатын және соны қамтамасыз ететін басты күшке айналуды көздеп отырмыз. Бұл – Елбасының бізге беріп отырған нақты тапсырмасы. Қажет болса олқылықтарды жергілікті атқарушы органдар мен Үкіметтің алдына мәселе етіп қойып, оның әрі қарай сапалы және уақытылы орындалуын талап ету, тиімді жолдарын көрсету, барлық істе табандылық таныту да партияның міндеті болып саналады. Сондықтан «Нұр Отан» Жолдаудың жүзеге асырылуын қатаң бақылайды,– деді Мәулен Әшімбаев.

Осындай кездесу 4,5 мыңға жуық тұрғыны бар Сырдария ауданы, Шаған ауылдық аймағының халқымен де болды. Бұл жерде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Жолдауды іске асыру еліміздің әр тұрғынына маңызды екенін тағы да атап өтіп, стратегиялық құжатта қарастырылған, бүкіл Қазақстан бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына әсер ететін бірқатар әлеуметтік-маңызды іс-шараларға тоқталды. Атап айтқанда, ол таяу уақытта ең аз мөлшердегі жалақының 1,5 есеге өсіп, білім беру мен денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың көбейетінін, сондай-ақ еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылық өнімдері экспорты алдағы жылдарда 2,5 есеге артатынына назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Елбасы ұсынған әлеуметтік іс-шараларды таяу уақытта еліміздің барлық ауыл тұрғындары сезіне бастайды.

– Қызылордалықтар Жолдаудың көптеген басымдықтары бойынша өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін білдіруде. Алдағы уақытта олардың бәрін пысықтап, мемлекеттік органдармен ақылдасып, оларды әрі қарай іске асырылуына қолдау көрсететін боламыз. Яғни әр ұсыныс пен пікір жерде қалмай, ескерілетін болады,– деді Мәулен Әшімбаев.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қызылордада жаңа партиялық бастамалардың іске асуымен танысты. Барлық партиялық жобаларды Саяси кеңестің өткен жолғы отырысында Мемлекет басшысы қолдап, бүгінде олар бүкіл Қазақстанда белсенді іске асырылуда.

Мысалы, Мәулен Әшімбаев №3 ақпараттық-технологиялар мектеп-лицейінде болды. Онда STEM жүйесі бойынша балаларды бағдарламалау мен робот техникасының негіздері бойынша оқыту үшін тегін IT-сыныптар ашылған. Жыл соңына дейін оқушылардың қамтылуы – 100 адамды құрайды. Ұстаздармен әңгімелесу кезінде ол оқытушылардың дәрежесін көтеру туралы арнайы заңның дайындалып жатқанын еске салды. Аталған заңда ұстаздар мен мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерін ынталандыру үшін барлық ынталандырулар, жүктеуді азайту, оларға тиесілі емес қызметтерден шектек қарастырылмақ.

Мемлекет басшысы Жолдауда жергілікті атқарушы органдарға денешынықтырудың көпшілікке қолжетімділігін арттырып, мектептердегі спорт құрал-жабдықтарын тиімді пайдаланып, аулалар, саябақтар, скверлерді спортпен шұғылдануға ыңғайлы етіп қайта жабдықтауды тапсырды.

Нұротандықтар арнайы партиялық жоба аясында бұл жұмысқа кірісіп кетті. Жергілікті мектеп-лицейде демеушілердің арқасында спорт алаңы жаңартылды. Енді бұл жерде оқушылар ғана емес, жақын маңайдағы тұрғындар да футбол, волейбол, баскетбол ойнап және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады.

Бүгінде аймақтағы 293 мектепте 682 спорт алаңы бар, оның 91-і футболға арналған алаң. 78-і жөндеуді талап етеді. Қазіргі уақытта аймақтағы партиялықтар соларды қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жерде біртіндеп «Денсаулық сабақтары» атты тағы бір партиялық жоба енгізілетінін де атап өткен жөн. Аймақта барлығы 72 425 оқушы және 3 мың бастауыш сынып үшін тәрбие сағаттары, тренингтер, саламатты өмір салтын насихаттайтын сыныптан тыс сабақтар жүргізіледі.

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар, Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханадағы коворкинг-орталықтың жұмысымен танысты. Кітапханада book-кафе, коворкинг-орталық, «Шаңырақ» интеллектуалды орталығы, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхаметжановтың жеке кітапханасы, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Әбділдә Тәжібаевтың мұражайы, тағы да партиялық жоба аясында 40 маман дайындалып жатқан IT-парк бар.

Партияның бастамасы арқасында дәстүрлі кітапхана жастардың жаңа жобалары мен пікірлерін ортаға салатын коворкинг-орталық болып жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта аймақта 2 коворкинг-орталық жұмыс істеп, облыстың аудандарында кітапханаларды жаңғырту жұмысы белсенді атқарылып жатыр. Басқа бірыңғай онлайн-кітапхана құру партиялық жобасы аясында тарихи және мәдени құндылықтарды көрсететін құжаттар цифрландырылуда.

Аймақта 209 кітапхана бар, оның 129-ы онлайн-кітапхана жүйесіне қосылған. Бүгінде цифрлы форматқа 5 463 дана кітап ауыстырылған. Бұл жерде Мәулен Әшімбаев аймақтың 7 ауданында 350 балаға ағылшын тілін үйретіп жатқан «English for Jastar» жобасының қатысушыларымен кездесті. Бүгінгі уақытта 11 «Болашақ» бағдарламасының түлектері және жасотандық заманауи және шетелдік әдістеме арқылы оқушыларға тренингтер мен курстар өткізуде.

Қызылорда облысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, «Бизнеске арналған геоақпараттық онлайн қызмет» жобасымен танысты.

Мәулен Әшімбаев Елбасының Жолдауда халықты толғандырған бюрократия, жер және құрылыс мәселелеріне тоқталғанын да еске салды. Осы себептен Мемлекет басшысы жер қоры және жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты бірыңғай ақпараттық электронды форматқа 2019 жылы – 80%, ал 2020 жылы 90% көшіруді ұсынған

«Бизнеске арналған бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет» партиялық жобасы аясында Қызылордада барлық коммуналды қызметтерге (электр жарығы, су жылу жүйесі) қосылуға рұқсат алатын бірыңғай ақпараттық жүйе жасалған.

Орталық кәсіпкерлерге жер, архитектура және құрылыс, инженерлік коммуникацияларға қосылу, мемлекеттік кіріс т.б. сұрақтар бойынша «бір терезе» принципінде қызмет көрсетеді.

Осы жерде Қызылорданың 18 бағыттан және 63 қабаттан тұратын (денсаулық, білім беру, инженерлік жүйелер т.б.) электронды картасы жасалған. Картаның көмегімен Орталық «бір өтініш» принципі бойынша жер телімдеріне қатысты ақпараттың барлығын бере алады. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және «Қызылорда тарихы» мұражайына барды.