Аймақтар • 13 Қазан, 2018

Созақ ауданында 24 нысан пайдалануға берілді

1007 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Созақ ауданының 90 жылдығына орай Шолаққорған ауылы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Созақ-жыр, Созақ-сөз, Созақ-өнер» атты ғылыми тәжірибелік конференция өтті.

Созақ ауданында 24 нысан пайдалануға берілді

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, таңы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атаулының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», - деп атап көрсеткен болатын. Түркістан облысында нағыз қасиетті де киелі жерлер көп. Соның бірі де бірегейі, әулиелі, киелі, шертпе күйдің отаны болған - Созақ ауданы. Тектi топырақ Созақ ұлттық әдебиетiмiздiң сирек дарын иесi Тәкен мен Сәуiрбектi, Асқар мен Төлеген, Бәтималарды өмiрге алып келдi. Теріскейдің аяулы перзенті Асқар Сүлейменовше айтсақ, «Созақ дария...Созақ қария... Созақ мінез» дегені осында болса керек. Бүгінде Созақ ауданы өндірісі өрлеген, шаруашылығы шалқыған облыстағы көш бастаушы аудандардың біріне айналған, - деді конференцияда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ ғылыми жиында 1985-1991 жылдары Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Д.Шерімқұлов, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Созақ ауданында тұңғыш әкімі болып қызмет атқарған Ә.Омбаев, 1994-1999 жылдары Созақ ауданының әкімі болған Қ. Айтаханов сынды азаматтар өңірдің тарихынан сыр шертті. Ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.Аудандық аурухана ұжымына медициналық автокөліктердің кілті табыс етілді.

Бұл күнімерейтойға орай 24 нысан ел игілігіне тапсырылды. Олардың қатарында Құмкент ауылындағы спорт кешені, Шолаққорған ауылындағы 50 орындық «Айжан» бөбекжай балабақшасы, «Жібек жолы» сауда кешені, Қарағұр ауылында «Жастар» саябағы, 2 спорт алаңы мен 1 балалар ойын алаңы бар. Шолаққорғанда ұлт, мемлекет дамуы жолында аянбай еңбек еткен, азаматтардың есімін ел жадында қалдыру мақсатында «Социалистік Еңбек Ері» атанған азаматтардың бюсттері орнатылды. Бюсттері қойылған азаматтардың қатарында шертпе күйдің негізін қалаушы Ж.Қаламбаев, С.Әліұлы, Т. Момбеков, Г.Асқаров сынды тұлғалар бар. Сонымен қатар, Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе елді мекендерінде медициналық пункттер, Шолаққорған ауылында аллея, спорт және балалар ойын алаңшасы мен «Street Workout» спорттық алаңының тұсауы кесілді. Таукент қаласында спорт алаңшасы, Жартытөбе елді мекенінде «Астана қаласына 20 жыл» саябағы, спорт алаңшасы мен балалар ойын алаңы, 75 орындық «Асылжан» бөбекжай бабақшасы пайдалануға берілді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы