Аймақтар • 14 Қазан, 2018

Нұротандықтар мемлекеттік несие бағдарламасымен қаржыланған шаруа қожалықтарымен танысты

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сала» бағыты бойынша сараптама комиссиясы Мұнайлы ауданындағы Баянды селосындағы екі бірдей шаруа қожалығының жұмысымен танысып қайтты. Шараға комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Қуанышбек Әбдірахман, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Маңғыстау облыстық филиалының несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүсенбаева, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қызметкерлері қатысты.

Нұротандықтар мемлекеттік несие бағдарламасымен қаржыланған шаруа қожалықтарымен танысты

Оның бірі - «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі «Айбек» шаруа қожалығын құрған Өскенов Амангелдінің кәсібі. Өскенов ағымдағы жылдың мамырында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ МФ –нан 6%-бен 4 000 000 теңге несие алған. Бұл қаражатқа шаруа қожалығының басшысы 5 бас боталы түйе сатып алған. Екіншісі- Рамазанов Айса басшылық ететін «Рамазан балалары» шаруа қожалығы. Бұл қожалық та жоғарыда атап өтілген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» көмегімен қаржыланған. Сұралған 4 000 000 теңге несиеге 11 бас сиыр және жоғары асыл тұқымды бұқа малын және жем шөп сатып алуға жұмсаған.

Мұнайлы ауданының мал шарушылығымен айналысатын кәсіпкерлері жалпы шөпке субсидия берілсе екен дейді. Өйткені жем-шөп сырттан, басқа аймақтан әкелінеді. Шөптің бір орамы 700-800 теңге болса, жемнің бір қапшығы 1000 теңге. Баянды аулындағы көшенің бір жағындағы су тұрғындарға текше метрі 30 теңгеден беріледі. Ал көшенің екінші бетіндегі шаруа қожалығына судың текше метрі 580 теңгеден беріледі.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Маңғыстау облыстық филиалының несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүсенбаева екі шаруашылыққа көрсетілген көмек туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша азық-түлікті көбейту қажет.

- Шаруалар малдың азығы мен суына керекті қаражат алу үшін құжаттарын тапсырып, көмек ала алады. Дегенмен, бағдарламаға 1 ғана рет қатысуға мүмкіндік бар. Шаруашылық иелерінің екеуі де 5/50 бағдарламасы бойынша мұнай мекемелерінен жұмыстан шығып, алған ақшаларының бір бөлігіне осы шаруашылықтарды ашқан және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» көмегімен шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Берілген несиенің мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау мақсатында біздер ара-тұра шаруашылықтарға мониторинг жүргізіп тұрамыз, -деді ол.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы