Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Жұлдызды қалашықта жиырма үй салынады

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин «Байқоңыр» кешенінде болып, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге бірқатар нысанды аралады.

Жұлдызды қалашықта жиырма үй салынады

«Нулевой квартал» кешені мен «Россия» қонақүйіндегі жұмыстармен танысқаннан кейін Қазақстан жағынан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын көрді.

Байқоңыр Ресейге жалға берілгендіктен күні кешеге дейін еліміздің өгей қаласы сияқты сезіліп келген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір мұнда тұрғын үйлер мен басқа да нысандар көптеп салынып, қазақстандықтардың үлесі елу процентке жуықтап қалды.

Қазақстан тарапынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен таныстырған Қармақшы ауданы­ның әкімі Сұлтан Мақашев біраз түйткілдер туралы да айтып берді. Әу баста бұл үйлерді жы­лумен қамтамасыз ету үшін қалалық жылу орталығына қоспақ болған. Алайда бұл жоба тым қымбатқа түсетін болғандықтан көгілдір отынмен жылытылатын жеке модульді қазандықтар қоюға шешім қабылданған екен. Инженерлік инфрақұрылымдар республикалық бюджет есебінен салынып жатыр. Бүгінде жылу, су және кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған көпқабатты тұрғын үйге ең алдымен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар көшіп келуге тиіс. Облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев тұр­ғын үй кезегінде тұрған бюд­жеттік қызметкерлерден бөлек, «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің мамандары да баспана ала алатындығын айтты.

Қалаға қосымша 20 көпқа­бат­ты үй салынбақ. Мемлекеттік бағдарлама «7-20-25» жобасы да жолға қойылады.

Сол күні қаладағы №277 орта мектепте аймақтағы білім беру мәселелері талқыланды. Об­лыстық білім басқармасының бас­шысы Майра Мелдебекова кеше­ге дейін жабық қала болып келген жұлдызды қалашықтағы жағ­дайды тарқатып берді. Осындағы 13 балабақшаның 12-сі Ресейге тиесілі екен. Тек бір балабақша ғана қазақстандық білім стандарты бойынша жұмыс істеп келеді. Келер жылы қазақстандықтар тарапынан 3 балабақша салынып, еліміздің оқу бағдарламасымен жұмыс жасамақ.

Орта мектеп жағдайында да шешілмеген мәселелер бар. Білім басқармасының басшысы Бай­қоңырда 1500 қазақстандық оқушы Ресейдің білім стандарты бо­йынша оқитынына тоқталған М.Мелдебекова бұл оқушыларды өзі­міздің білім беру жүйесіне көші­руге әзірлік жүріп жатқандығын айтты. Бүгінде бұл мәселе Білім жә­не ғылым министрлігінің қа­рауында екендігі, сонымен қатар 600 орындық жаңа мектеп са­лы­натындығы қаперге алынды. Оның айтуынша, Байқоңырда 8 мектеп қазақ­стандық білім стандарты бойын­ша қазақ тілінде оқып жатыр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұл­дызды қалашықта жасалып жат­қан жұмыстарға оң бағасын берді. Ал Ресей білім стандартымен оқытылып жатқан шәкірттерді өзіміздің білім жүйесіне көшіру ісі үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырылмақ.

Қалың қазақ киіздей тұтасып отырған өңірде өгей баладай күй кешіп келген Байқоңыр қаласы тұғыры биік Отанына осылайша оралып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар