Бағдарламалар • 15 Қазан, 2018

Тұрмыс сапасын арттырудың тұжырымдамасы

374 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тұрмыс сапасын арттырудың тұжырымдамасы

Биылғы Жолдаудың ең басты ерек­­шелігі қоғам өмірінің барлық сала­сын қамтуында. Экономика, құқық қор­ғау, бизнес, білім мен ғылым, тұр­ғын үй, ауыл шаруашылығы, мәде­ниет және руханият саласының сан қыр­лы мәселелері қамтылып, нақ­ты шара­лар мен шынайы шешім­дер ұсы­ныл­ды. Ғылым, меди­ци­на, денсаулық сақтау салалары да – мем­ле­кеттің ең басты тірегі адам ка­пи­­та­лын дамыту­дың, азаматтардың тұр­­мыс са­пасын арттырудың ең негіз­гі тетігі.

Алдағы үш жылда ауыл шаруашы­лығы өндіріс кешеніне жыл сайын 100 миллиард теңгеден қаржы бөлін­бек. Жақсы ұқсата білетін, іскер менед­жер­лердің нақты жобаларына ба­ғыт­талса, бұл дегеніңіз аталмыш салаға тың тыныс берерліктей қыр­уар қаржы. Ең алдымен қаражат елі­мізге заманауи агротехнологиялар­ды тартуға, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті шетелдік мамандарды, яғни «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін енгізуге, ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспор­тын арттыруға бағытталмақ. Аграр­лық өнімнің әлемдік нарығында бәсе­ке­лес­тіктің деңгейі аса жоғары. Ал бә­се­кеге қабілетті сапалы өнімді шы­ға­ра­мыз десек, ғылымға көңіл бөліп, инновациялық технологияларды игеруге ден қойғанымыз жөн. Ай­налып келгенде өнімнің сапасы да, сол арқылы саланың дамуы да «адамға», яғни кәсіби маманға байланысты. 

Елбасы талай жылдан бері күрмеуі қиын күрделі мәселеге ай­­нал­ған ауыл шаруашылығы сала­сын­­дағы кәсіпкерлік проблема­сы­на да тоқталып өтті. Атап айт­сақ, ауыл кәсіпкерлеріне шаруа­шы­­­лық жүр­гізудің жаңа дағды­ла­рын үйре­ту үшін жаппай оқы­ту жүйесін қалып­тас­тыруды ұсын­­ды. Оның ауыл шаруашылығы өн­ді­ріс кеше­нінің дамуына оң ықпал берері анық.

Әлемдік нарыққа ауылшаруашы­лық өнімін шығару өздігінен бола са­ла­тын дүние емес. Өнімді өнді­ріп шығару – жұмыстың жартысы ғана. Оны нарыққа ұсына білу өз алдына бір ғылым. Қазіргі таңда агро­өнер­кәсіп саласындағы әр кәсіпкер осыны ұғынуы тиіс. Елбасы әр жылғы Жолдауында осы мәселені баса айтады. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндігі» атты Жолдауда да агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған тың тезистер қамтылған еді. 

Өкінішке қарай шаруалар қауымы да жер ыңғайын, малдың жа­йын тәп-тәуір игергенімен, оны өңдел­ген дайын өнімге айналдырып, нарыққа ұсыну жағын әлі күн­ге жетік меңгере қоймағаны ащы да болса ақиқат. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығы өндірісі бо­йын­ша табысымыз дамыған елдер­­мен са­­лыс­тыруға да келмейді. Қазір­гі таң­­да елімізде 1,1-ы тонна сүт өн­ді­ріл­­се, оның 21%-ы, 100 000 тон­на еттің 12%-ы ғана, бау бақ­ша өнімдерінің 15-20%-ы ғана өңделеді. Мәселен бау-бақ­ша өнімдері және ірімшік бо­йын­­ша еліміздегі импорттың үлес сал­мағы 70%, сарымай 37%, шұ­жық өнім­дері бойынша 41%, ет кон­сер­вісі 15-20%-ы құрайды екен. Бұл көрсет­кіштер импортқа тәуелділіктің қауіп­ті белгілері. Азық-түлікпен өз іш­кі нарығымызды қамтамасыз ете алмай отырғанымыз да жасырын емес. Елбасы халық тұтынатын тауар­лардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіп­орындарымызға қолдау көр­сет­у керектігін баса айтты. Ішкі на­рық­­ты отандық тауарлармен қам­­тып, экс­порттық әлеуетті арттыру мақ­­сатына алдағы үш жылда 500 мил­лиард теңге бөлуді тапсырды. Үкі­меттен қатаң талап, кәсіпкерлерден қайрат-жігер болса, мұндай қыруар қаржының игерілуі ел игілігіне асары ақиқат.

Бұл жолғы Жолдауда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартып, оны жүзеге асыру үшін қосымша 30 млрд теңге бөлу қажеттігі айтылды. 2010 жылы қабылданған бағдарлама осы уақытқа дейін мыңдаған адамның жеке ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп, жұмыспен қамтылуына айтарлықтай септігін тигізді. Халық игілігі үшін қабылданған бағдарламаның тағы 5 жылға ұзартылғаны – ерекше қуан­тарлық жағдай. Бес жыл ішінде қо­сымша шамамен 22 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. 

Жолдауда еліміздің білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға ба­ғыт­­тайтын жаңашыл бастамалар­ға ба­сым­дық берілді. Назарбаев зият­керлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы қажеттігі айтылды. Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақстан­ның білім нарығының көшбасшысы­на айналған бірден-бір бренд. Орта білім беруде әлемнің ең озық әдістеме­лері осы мектептерде бірнеше жыл бойы сын, тәжірибе тезінен өткізілді. Ен­дігі кезекте мемлекеттік мектептерде қолданылса, білім сапасының артуына септігін тигізері хақ. Елбасы мектепке дейінгі балабақшалардағы қызметкерлердің еңбекақы жүйесін қайта қарау керектігін де атап өтті. Бұл да білім беру саласындағы қыз­­мет­керлердің әлеуметтік мәсе­ле­­лерін шешуге бағытталған нақ­ты қадам болмақ. Ең бастысы, Елба­сы­ның педагог мәртебесі туралы заңды қабылдауға байланыс­ты ше­ші­мі еліміздегі ұстаздар қауы­мы тара­пынан зор қуанышпен қабыл­данып жатқанын атап өтуіміз қажет. Қасиетті мамандықтың қаді­рін қашы­рып, ұстаздар қауымын елеусіз қал­дырып келгеніміз жасырын емес. Жер-жерлерде билік өкілдері ұс­тазд­арға қосымша жүк артып, оның міндетіне жатпай­тын жұмыстарды атқа­ртып, көше сыпыртып, еден жуғы­зып, үй-үйді ара­л­атып сайлаудың да науқаны­на са­лып қоятынын естіп, біліп жүрміз. Бірақ бұл мәселені «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыруға болмайтыны анық еді. Ақпарат ағыны күшейіп, дәс­түрлі құндылықтардың құл­ды­рап, қоғамның кейбір топ­та­ры ақ-қараны айыра алмайтын­дай жағдайға жеткен жаһандану дәуі­рінде қашанда қастерлі мис­сияны арқалаған қасиетті мамандық иелерінің мәртебесін заңмен бекітіп, қорғауға міндеттіміз. 

Жолдауда айтылған келелі мә­се­­лелердің бірі – урбанизация. Бұл – жалғыз біздің елі­мізде ғана емес, бүгінде жалпы әлемде қанат жай­ған тенденция. Тұрғындар үлкен мега­по­листердің төңірегінде тұрақ­тап, шоғырлануда. Ішкі көші-қонды дер кезінде қолға алмаған мемле­кеттер күрделі әлеуметтік, саяси мә­се­лелермен бетпе-бет келуде. Жол­­дауда Елбасы 2019 жылдың 1 қыр­­күйегіне дейін еліміздің бас­қары­латын урбанизациясының жаңа картасына айналатын 2030 жылға дейін­гі аумақтық-кеңістіктік даму­дың болжамды схемасын әзір­леуді тапсырды. Шынында да атал­мыш құжат қабылданып і­ске асырылса, елдегі стихиялық көші-қонның алдын алып, урбанизацияны белгілі бір деңгейде жоспарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі праг­матикалық бағ­дарламасы да урба­низациялық үде­рістерді бақылап, туын­дайтын мәселелер­ді алдына ала болжап, шешуге мүмкіндік бермек.

Елбасының «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы партиямыздың өңірлік бөлімшелерінде қызу талқыла­нып, партия белсенділері тарапынан ха­лық арасында түсін­діру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Жолдауға арқау болған эко­­­но­микалық, әлеумет­тік мәсе­ле­­лер­дің басым бөлігі ауыл тұр­­­­ғын­­дарының табысын арттырып, тұрмысын жақсартуға бағыт­тал­ған. Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба ел тұр­ғын­дарының қырық пайы­зын құрайтын ауылдағы ағайын­дардың көңіліне үміт ұяла­тып, келер күнге деген сенімдерін нығайтар салиқалы бастама болары сөзсіз. Қорыта айтқанда, Жолдауды тәуелсіздігі тұғырлы, ұлттық мұраты айқын, ынтымағы нық, бірлігі берік елімізге тұрмыс сапасын арттырудың Елбасы ұсынған тұжырымдамасы деп қабылдасақ болады.

Әли БЕКТАЕВ,

«Ауыл» ХДПП төрағасы, Парламент Сенатының
депутаты