15 Қазан, 2018

Сәкен Сейфуллиннің туғанына 124 жыл

407 реткөрсетілді

Иісі қазаққа әнімен де, сәнімен де әйгілі болған алаштың аяулы ақыны, ардақты азаматы Сәкен Сейфуллиннің бүгін туған күні. Соған орай, Еуразия ұлттық университетінің «Алаш жастары» бірлестігі сырбаз ақынның мұражайына барып, тағзым етті.

Бабалар аманатына асқан жауапкершілікпен қарайтын  жас қауым Сәкеннің өз қолтаңбасы қалған құнды жәдігерлерін көріп, көп дүниені көңілге түйіп қайтты.

Сәдуақас Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық музейі 1988 жылы ашылған. XIX ғасырдың екінші жартысында салынған бұл ғимарат бұрын көпес Казанцевтің әкімшілік үйі болған. 1920 жылдары аталмыш ғимараттағы редакцияда Сәкен қызмет еткен. Музейдің жанындағы ақынның алып ескерткіші де жас ұрпақты тау тұлғаларға тағзым етуге шақырып тұрғандай әсер қалдырады.

Алғаш музей ашылған жылдары қорда жалпы 600-700-ге жуық жәдігер болса, қазіргі саны 6000-ға толыққан. Оның ішінде 2900 бастапқы, 3100 ғылыми-қосалқы қор. Мұражайда көрініс тапқан ақынның өз қолжазбалары, қолданған сиясауыты, мұрағат, құжаттары оның жастық шақ, еңбек жолы, қайраткерлік кезеңінен бастап толық мағлұмат береді. Музейдегі жас Сәкеннің портреттері, киген киімдері, қол сағат, әтірі көз алдыңа сырбаз, сымбатты Сәкенді еріксіз алып келеді.

Одан бөлек, мұражайдан Ақан сері, Біржан сал, Алаштың бес арыс, үш бәйтерегі жайлы да ғылыми құжаттарды табуға болады. Құнды жәдігерлер мен маңызды мағлұматтар алған бірлестік мүшелері ақынның арабша жазылған өлеңін тәржімалап жарысып, оның «Тар жол, тайғақ кешу» романы бойынша жасалған картаны қызыға тамашалады.

Сонымен қатар, олар мұражай мұрағатындағы Сәкеннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Ұлт театры туралы» атты мақалаларын оқып, ақын өлеңдері желісінде салынған картиналарға ерекше ықылас танытты.

Экскурсия соңында музей қызметкерлері мұнда дәстүрлі түрде Сәкен оқулары болып тұратынын, ақынға арналған ғылыми-конференциялар өтетінін тілге тиек етті. Осылайша, жастар Алаштың аяулы ақынының сыр сандығына үңіліп, тұғырдағы ескерткішін көріп қайтты.

Астананың рухани орталығының біріне айналған музей Сәкен Сейфуллин мұрасын ұрпаққа насихаттауда және жастар арасындағы шығармашылық интеллигенцияны қалыптастыруда үлкен рөл атқарып тұр.

Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ,

Еуразия Ұлттық университетінің студенті

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ең қысқа әңгіме. Қанат Әбілқайыр

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Арман Әлменбет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 2

Руханият • Кеше

Баянғали туралы баян

Руханият • Кеше

Жаңа аялдамаға жаны қас

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар