Аймақтар • 15 Қазан, 2018

Жарымкөңілдердің жебеушісі

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарымкөңілдердің жебеушісі

Риддер қаласында жүрегіне ізгілік ұялаған Галина Гильдерман есімді жан тұрады. Ол кісіні ша­­ғын шаһарда танымайтын кісі жоқ деуге болатын шығар. «Гиль­дерманның отбасы жиырма жыл­дан астам өңіріміздегі жетімдерге көмек беріп, әлеуметтік жобаларға белсене қатысады. Екі жылдан бері баспанасы жоқ, қаңғырып жүр­ген жандарды жинап, олардың құжаттарын қалпына келтіріп, қоғамға пайдалы азамат ретін­де қайта қосылуына көп күш-­жігерлерін салып жүр. Гильдер­манның отбасы – интернацио­налды. Жолдасы Бай-Эли Саид­солимовичтің ұлты – чешен, өзі неміс қызы. Екеуінің де әке-шеше­сі 1957 жылы Қазақстанға қоныс аударылыпты. Осы жерде үшінші ұрпақтары дүниеге келгендіктен, Қазақстанды Отанымыз деп құр­мет тұтады», – дейді Риддер қала­лық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Оралқызы.

Галина Гильдерман жақында Рид­дерде «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының аясында өткен «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумында «Жыл тұлғасы» аталымы бойынша марапатталыпты. Жүрегі жомарт кәсіпкер жыл басынан бері қаладағы қайырымдылық шараларына үш миллион теңгеден астам қаржысын жұмсапты. Өзінің «Рябинушка» деген дәмханасында мүгедек жандар мен жалғызілікті зейнеткерлерге, ұзын саны 57 адамға күн сайын бір мезгіл тегін ыстық тамақ беруді дәстүрге ай­нал­дырған екен. Осындағы жетім балаларға арналған арнайы кор­рекциялық мектеп-интер­наттың тәрбиеленушілеріне де­ үнемі жәрдемдесіп тұрады. Жүй­ке ауру­лары диспансерінде жатқан 41 мұңлыққа да Галина Михайловнаның жүрегі ауырады. «Олардың барлығын туыстары ұмытып кеткен, ешкімге керектері жоқ. Мәңгілік мекеніне осы жерден аттанатындары да кездеседі. Жарымкөңіл жандарды бір уақыт қуанту үшін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырамыз. Енді бір теледидар сыйлайық деп жүрміз»,  дейді ол.

Реті келгенде айта кетейік, Рид­дер қаласында соңғы екі жыл­да 70-тен астам әртүрлі қайы­рымдылық шаралары ұйым­дастырылып, қолы ашық жан­дардың қолдауымен 100 мил­лион теңгеден астам қаражаттың әлеу­меттік көмегі көрсетіліпті. «Жомарт жүрек» қайырымдылық форумында Атымтай жомарт азаматтар «Ерен еріктілік», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Туған өлкем», «Жыл меценаты» аталымдары бойынша марапатталыпты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы