Аймақтар • 16 Қазан, 2018

Экспортқа бағдарланған өнім

421 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Баламасы жоқ биоэтанол зауыты көп жылғы үзілістен кейін қайта іске қосылды.

Экспортқа бағдарланған өнім

Банкрот болған «Биохим»

2006 жылы астықты өлке­де ХХІ ғасырдың биотех­но­ло­гиялық кластеріне «қыр ғажайыбына» балан­ған зауыт­тың бой көтеруі аграрлық сала­ны дүр сілкіндір­ген айтулы оқиға болды. Ин­дуст­рия­­лық-инновациялық, Аг­ро­­азық бағ­дарламалары аясын­да жүзеге асырылып, 11,5 мил­лиард теңге қаражат жұмсал­ған ТМД-дағы тұңғыш жоба ас­тықты қалдықсыз өңдеп, жоға­ры сапалы өнім шығара ала­тын жаңа технологиялық ауқым­дылығымен, экспортқа бағдар­лан­ған сипатымен ерекше­ленді. Алайда «Биохим» компа­ния­сының бас директоры Александр Сутягинский жылына 57000 тонна биоэтанол, 19200 тонна клейковина, 24000 тонна жем­азық ашытқысы, 25600 тонна көмір қышқыл газы, 58000 тонна ұн, 50000 тонна кебек өн­ді­ріліп, 70 пайызға жуығы сырт­қа сатылады, кластерлік жүйе негізінде ет комбинаты, құс фер­масы, жылыжай салынады деп сендіргенімен, берілген уәде­лердің бірде-бірі орындалмады. 

Бастапқыда кәсіпорынның 15-30 пайыздық қуаты игеріл­гені­мен, кейін су тапшылығы, шикізат жетіспеушілігі, кәсіби мамандармен қамтамасыз етіл­меуі салдарынан жұмысын до­ғаруына тура келді. Басты себеп­тердің біріне ТМД кедендік тауар­лар номенклатурасының жетілмегендігінен биоэтанолды шетелге шығара алмау кедергі­сін айтуға болады. Сол кездері «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқармасы: «ТМД аясындағы сыртқы экономикалық алыс-бері­сте тауар номенклатурасы деген болады. Оны кеден органдары қандай да бір тауарды біріздендіру үшін және де салық салу, болмаса баж салығы мен тарифтерді белгілеу үшін пайдаланады. Бұл номенклатурада этанол «азық-түлік этанолы және отын этанолы» деп екіге бөлінбеген. Этанолдың бәрі бір топқа жатқызылады және одан акциз алынады. Егер этанолды өндірудің өзіндік құны 1 литр биоэтанолға шаққанда 0,21 центті құраса, акцизден кейін өзіндік құны 16 есеге өседі. Оны мұндай бағамен Еуропада да, ел ішінде де сату мүмкін емес», деген мәлімдеме таратты. 

Осылайша туа сала жерден таяқ жеген сәбиге ұқсаған зауыт азық-түлік және отынға бөлу кодының болмауына байланыс­ты үлкен сұранысқа ие өнімді экспорттай алмай қалды. Бұл мәселе ТМД елдерінің үкіметаралық комиссия отырысы қарауына ұсынылмағандықтан, тауар номенклатурасына тиісті түзетулер енгізілмеді. Оның үстіне Парла­мент Мәжілісінің депутаттары Қазақ­стандағы биоэтанол бола­шағына қатысты әрқилы пікірлер білдіріп, күмәнмен қарап, ортақ түсі­ністікке келмеудің ақыры «Био­отын өндірісін және айналы­мын мем­лекеттік реттеу туралы» заң­ның қабылданбауына соқтырды. 

Техникалық құжаттар рәсім­деліп, айналымға енгізілгенде химия, медицина, азық-түлік өнеркәсібіне арналған биоэтанол өнімдері мен азық-түліктер шы­ғаруға кәсіпорынның техно­логиялық мүмкіндіктері өте зор еді. Өкінішке қарай өнімді терең өңдеуге бағытталған кластерлік жү­йе қазынаның миллиардтаған қа­ра­жатын желге ұшырып тынды.

 Қайта жанданған кәсіпорын

Ғылым тілінде «биоэтанол, биоотын» аталғанымен, жұрт­шылық оның стратегиялық мән-маңызынан гөрі көбіне жанар-жағармайдың октандық санын арттыратын қосымша ретінде түсінеді. Сондай-ақ көпшілік арасында тек жоғары сапалы астықтан ғана өндіріледі деген жаңсақ пікір басым. Тіпті де олай емес. Тиісті технологиялық талаптар дұрыс сақталса, сапасы төмен төртінші, бесінші сұрыпты бидайды да жаратуға болады. Ол Бразилияда қант қамысынан, АҚШ-та жүгеріден алынады. Мұнай-газ, тағы басқа табиғи қазбалардың азаюына, олардың қор­шаған ортаға келтіретін ора­сан зияндығына байланысты әлем­де биоэтанолға деген сұра­ныс ар­тып келеді. Оның ауаны лас­та­майтын, улы газдар бөл­мей­тін, толық жанып кететін жағым­ды қасиеттеріне Еуропа аса ықылысты.

Қызылжар – ірі астықты аймақ­тардың бірі. Ел ризығының үштен бірі осында өсіріледі. Жылына кем дегенде 5-6 миллион тонна дән қамбаға құйылады. Демек, осынша астықтың аздаған ғана бөлігін тереңдете өңдеу арқылы сұранымға ие, бәсекеге қабілетті бірнеше өнім түрін алу әлеуеті зор деген сөз. Құмар Ақсақалов осыдан 1,5 жыл бұрын өңір басшысы ретінде қызметке кіріскенде биоэтанолды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп, сегіз жыл бойы қаңтарулы тұр­ған кәсіпорынды қалпына кел­тіру­дің тиімділігін тиісті орын­дарға дәлелдеп баққан. Жүйе­лі жүр­гізілген мәмілелер арқа­сын­да «Қазақстан инвестиция қоры» АҚ тоқтап қалған өн­ді­ріс ошағын өз қарамағына алып, «ҚазМұнайГаз» АҚ пен «BioLinekz» ЖШС инвестиция құюға келіскен.

Қалпына келтіру жұмыс­тары­на 11 миллиард теңге бөлі­ніп, жуырда екінші кезеңі іске қосылды. Тайынша ауданында орналасқан кәсіпорынның ашылу салтанатына «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ-тың басқарма төрағасы Ермек Сакишев, «BioLinekz»» ЖШС-нің бас директоры Әлихан Талғатбек, облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Жиында сөйлегендер «Bio operations» елі­м­із үшін экономикалық ма­ңызы зор ірі өндіріс ошағына айналатынына сенім білдірісті. Жылына 300 мың тонна бидайды қалдықсыз өңдей алады. Тек жергілікті шикізат қолданылады. 

– Зауытта 400 жергілікті тұр­ғын еңбек ететін болады. Осы маңда 50 мың басқа шақталған шошқа кешені де өз жұмысын бастады. Келешекте Орталық Азияда теңдесі жоқ ет комбинаты іске қосылады. Жылына 15 мың тонна ет, 9 мың тонна шұжық өндіреді. Қосымша жүздеген жұмыс орындары құрылады. Аудандық бюджетке жылына 100 миллион теңге салық түседі, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.

 Әлихан Талғатбектің айтуынша, мұндай кәсіпорындар әлемде санаулы, ал Қазақстанда әзірге баламасы жоқ. «Қондырғы­лар түгел жаңартылды. Олар Анг­лия­дан, Түркиядан, Ресейден, Қытай­­­дан әкелінді. Былтыр ұн үгу кешені бой көтерсе, екінші кезең­­­де клейковина мен крахмал өн­­ді­ретін цех, құрамы протейнге бай жемазық ашытқысы желісі пайдалануға берілді. Тәулігіне 600 тонна астық өңделеді», деді ол. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, өнім өткізе алмау салдарынан тағы да проблема туындап, «таз кепештің кебін» киіп жүрмей ме деген қаупімізді айтып едік, бұл сауалымызға ол: – Оған қам жемеңіздер. Экологиялық таза өнімдерді Еуропа мен Орталық Азия елдеріне жөнелтуге нақты келісім­шарттар жасалған. Ас­п­а­н­ас­ты елінің нарығын да ойластырудамыз. Отандық мұнай зауыт­тарының «еуро-5», «еуро-6» бензинін шығаруға көшке­нін ескерсек, сұраныстың жоға­ры болары анық. Оларға да жет­кізу­дің жолдары күні бұрын қарас­ты­рыл­ған. Келесі жылы бой көтеретін биоэтанол цехы 60 мың тон­наға дейін өнім шығаруға қау­қар­лы болады. Ересен техно­ло­гия­ның ерекшелігі мынада, бәсе­кеге қабілеттілікті одан әрі дамы­ту, өндіріске аз шығын жұм­­сай отырып көп кіріс табу. Би­­дай­­ды сапасына қарамастан қал­дық­сыз өңдейтін болсақ, нәти­жесін­де 1 центнер өнімнің құны 3-5 есе ұлғаяды. Өндіріс қалды­ғы тү­гел­­дей кәдеге асады. Кебек, күн­­жара малдың жемазы­ғына қо­сы­лады. Ішкі нарық шек­теулі бол­ған­­дық­тан, бізді өнім өн­ді­ру емес, қайда сату керек  деген сауал үнемі ойландыруы керек, деп жауап берді.

Өткеннің қателігі қайта­лан­бауына біз де тілектеспіз.

 Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Тайынша ауданы