23 Ақпан, 2010

“СЫР – АЛАШТЫҢ АНАСЫ”

1441 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Парламент депутаттары тоқсан сайын заң шығарушылық жұмыстан бір сәтке қол үзіп, аймақтарға шығып тұрады. Бұл жолы біздің жолымыз Сырдың елі, жырдың елі – Қызылорда облысына түсті. Мақсатымыз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын Жолдауын халыққа жеткізу. Жаңа Жолдаумен танысқан әр адам онда көтеріліп отырған мәсе­лелердің тереңдігіне, күрделілігіне, таяудағы он жылда шешімін таба­тын істердің ауқымдылығына көз жеткізеді. Бұл – шын мәнінде тең­десі жоқ тарихи құжат. Өйткені, Президентіміз ұсынған “Қазақстан – 2030” бағдарламасына біз беліміз бекіп, бұғанамыз қатпаған шағы­мыз­да, қиындықтар аяқтан шалып, етектен тартып жатқан кезде кі­ріс­сек, қазір Қазақстан – бүкіл әлемге танылған, экономикасы серпінді дамып келе жатқан іргелі мемлекет. Осылай тәуелсіздік жылдары біз ға­сырға пара-пар жолдан өтіп, бас­қа­лар қызыға қарайтын биікке көте­ріл­дік. Соның бір жарқын көрінісі – Қазақ елі үстіміздегі жылдың бі­рінші қаңтарынан бастап Кәрі құр­лықтың төріне туын тігіп, Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тықтың ұйымына төрағалық етуде. Бұл – біздің елімізге, халқымызға көрсе­тіл­ген зор сенім, керемет құрмет, елін, халқын қиындықтарға ұрын­дырмай, бүгінгі табыстарға алып келген Президент Н.Ә.Назар­баев­тың еңбегі мен ерлігіне халық­ара­лық қауымдастықтың берген жоғары бағасы. Президент өзінің Жолдауында халықты қол жеткен табыстарды баянды етуге, жаңа биіктерден көрі­ну жолында білек біріктіруге ша­қырып отыр. Ол үшін әрқайсымыз Жолдаумен ықылас қоя танысуы­мыз, қолға қалам алып, әр сөздің астын сызып отырып оқуымыз, сол сөздің астарында қандай ой, қандай іс-жоспар жатқанына көз жеткізуі­міз, бір сөзбен айтқанда, Жолдауды жүрегімізден өткізуіміз, оны жүзеге асыру қоғамның әр мүшесінің қа­сиетті борышы екенін көңілге түюі­міз керек. Өйткені, бұл Жолдауда бесіктегі баладан еңкейген кәріге дейінгі қоғамның барлық мүше­лері­нің мүдделері қарастырылған. Қуаныштысы сол, қызылор­да­лық­тар Жолдаудан туындайтын мін­деттерді талқылауға қызу кірісіп кетіпті. Бұл орайда, әсіресе, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар­тиясы мүшелерінің, әр деңгей­дегі мәслихаттар депутаттарының белсенділік танытып отырғаны ай­қын аңғарылады. Біз, Мәжіліс де­путаттары – С.Әйімбетов, Ж.Аса­нов және осы жолдардың авто­ры, дарияны бойлай қоныстанған қалың елді аралай жүріп, осыған көз жеткіздік. Ақ маржанның отаны – Сыр еліне тұңғыш рет табан тіреген мен үшін бәрі таңсық, бәрі қызық. Ең бастысы – халықтың депутаттар­мен кездесуге көп жиналатыны, жас­тардың да, ақсақалды қария­лар­дың да қатарларының қалыңдығы таңқалдырды. Халықтың қабағы ашық, жүзі жылы, жанары отты. Оның да өзіндік себебі бар екен, бү­кіл еліміз сияқты, Қызылорда об­лысы да соңғы жылдары серпінді дамып, табыс арнасын кеңейте түсіпті. Облыс әкімі ақпанның 10-ы күні өткен өзінің тұрғындар ал­дын­дағы есепті кездесуінде атап көр­сеткеніндей, 2009 жылдың өзінде ұлан-ғайыр істер тындырыл­ған. Оның ішінде “Жол картасы” бағдарламасының бұл өңірге әкел­ген игілігі мол екен. Кей сәттерге тоқтала кетсек, республикалық және жергілікті бюджеттерден осы мақсатқа 8,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, 231 инвестициялық жоба жүзеге асырылыпты, 11 мыңға жу­ық жаңа жұмыс орындары ашы­лып­ты, 3 мыңнан астам тұрғын әлеуметтік жұ­мыстарға тартылып, 4 мыңнан астам адам қай­та даярлықтан өтіпті. Өнеркәсіп – Қызылорда облысында негізгі сала болып са­на­лады екен, өндіріс кө­ле­мі айтарлықтай ұл­ғайып, бір мыңға жуық адам жұмыс істейтін 9 кәсіп­орын іске қосы­лып­ты, 587 миллиард теңгенің өнімі өндірі­ліп­ті. Елба­сының қол­дауымен қолға алынған облыс орталығының жылу қуаты көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру жо­басын жүзеге асыру ба­рысында жеке тұрғын­дар үшін көгілдір отын­ды қосу бағасы бұрын­ғыдан 2,5-3 есе арзан­даған. Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лері­нің табысы да толымды: бар­лығы 33 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, күріштің әр гектарынан 42,9 центнерден өнім алынған, 2008 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара 39 пайызға, қой – 12,7, жылқы – 45,9, түйе 3,8 пайызға көбейіпті. Облыста құрылыстың кең қанат жаюы қуанарлық құбылыс екен, ауылда да, қалада да әлеуметтік ны­сан­дар, тұрғын үйлер көптеп са­лы­нуда. Сырдария ауданына қарасты Амангелді, Жетікөл, Айдарлы ауыл­дарында болғанымызда кездесуге қатысушылар осы жайларды мақ­та­ныш­пен айтты. Мұндай жетіс­тік­терге біз де шын көңілден қуандық. Өйткені, ауылда тұрғын үй, мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар салу халықтың болашаққа деген сенімінің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің зор еке­нін аңғартады. Халықпен кездесу үшін осындай бір нысанның – Жалағаш кентіндегі орта мектептің табалдырығынан аттадық. Өткен жылы іске қосылған, 1200 оқушыға арналған бұл мектеп жоғары оқу орнына бергісіз: неше түрлі компьютерлік сыныптар, үш спорт залы, кітапханасы, асханасы – оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де не қажеттің бәрі бар. Шынтуайтына келсек, бұл мектепте оқыған да арманда, оқымаған да арманда. Жекешелендіруден кейін жұ­мыс­сыз қалған ауылдардағы қиын жағдай туралы аз айтылып жүрген жоқ. Көп өңірлер тығырыққа тіре­ліп, амалы таусылғандар аудан орта­лықтарына, қалаларға көшіп кетті. Онда да шекелерінің шылқып жатқандары шамалы. Тұр­ғын­дар­дың өздерінің айтуларына қара­ған­да, мұнда да ондай көрініс бай­қал­ған. Бірақ, үдере көшіп, жұртын тас­тап кеткен ауыл жоқ. Ауылдық­тар­дың көпшілігі малмен күн көріп отырған көрінеді. Басы артық өнім­дерін сатып, едәуір ауқаттанып ал­ған­дар да бар. “Қолы қимылдаған­ның ауызы қимылдайды”, олардың жағдайы жаман емес. Өкінішке қарай, осындай ұмтылысты, игілікті көзіне ілгісі келмейтіндер де кез­десті. Байқоңырдың дәл іргесіндегі бір ауылда болғанымызда жергілікті тұрғыннан “Мал ұс­тайсыз ба?” деп сұра­ған едік. “Қотыр ла­ғым да жоқ”, деген орта жастағы жігіт аға­сы неше түрлі сыл­тау­ларды жаудыра жөнел­ді. Ауылда тұрып мал ұс­тамау менің ақы­лы­ма қона қоймады. “Қа­ладағы сияқты, бәрін сатып ала­мыз”, дейді. Оған ақша шақ келе ме?! Осы тұрғыдан алғанда Қар­мақ­шы ауданының Ақай ауылындағы жағдай біршама жақсы екен. Кешегі кеңес заманында жүз шақты үйі, мыңнан сәл асатын халқы болған ауылда қазір 4 мыңнан астам жан тұрып жатыр. – Біздің ауылға халық басқа ай­мақтардан да көшіп келуде. Өйт­ке­ні, оларға қолымыздан келгенше жағ­дай жасап жатыр­мыз, – деді ауыл­дық округтің әкімі Райхан Бай­шораева. – Ақайда 2 балабақша, орта мектеп, фельдшерлік-акушер­лік пункт, клуб, кітапхана, пошта, байланыс пункті, нотариалдық кеңсе, 3 наубайхана, кондитер, ті­гін, ағаш өңдеу цехтары, шаштараз, тіс емдеу кабинеті, 2 дәмхана, бірнеше дүкен бар. Әрине, мұндай қалыпты тірші­лігі бар ауылдардан ешкім ешқайда көшпейді. Қынжыларлығы, осын­дай оң өзгерістер облыстың барлық ауылдарына тән дей алмаймыз. Кей ауылдарда осыдан он-он бес жыл бұрын жекешелендірілген нысандар әлі күнге іске қосылмаған. Іскер адам­дар табылып жатса, сол есік-те­резелері аңғал-саңғал, қаңырап бос тұрған үйлерді дүкенге немесе шикізат өңдейтін цехтарға айнал­дыруға болатыны көзге ұрып тұр. “Бұған енді қанша уақыт керек?” – деген сауалыма ешкім тұщымды жауап бере алмады. Бұл өңірдегі бұрынғы кеңшар, қазіргі ауылдардың дені күріш өсірумен айналысады екен. Күріш өсіру оңай шаруа емес. Ал жеке адамдардың онымен айналысуы тіпті қиын. Осыны түсінген ұсақ шаруа қожалықтарының алды біріге бастапты. – Оның нәтижесі де жаман болып отырған жоқ, біздің ауданда күріштік алқаптың көлемі он мың гектардан асты, өткен жылы облыс бойынша бірінші орын алдық, – деді Қармақшы ауданының әкімі Биғали Қаюпов. Қармақшы ауданында бұдан да басқа тілге тиек боларлық жақсы істер аз емес екен. Мәселен, аудан­дағы барлық елді мекендерде мек­теп, балабақша, мәдениет мекеме­ле­рі, кітапхана бар, ауыз су мәселесі толық шешілген. Шағын кәсіпкер­лік те жақсы дамып келеді. Осыдан бес жыл бұрын олардың саны 1114 болса, қазір 1891-ге жетіпті. – Елбасы өзінің Жолдауында шағын және орта бизнестің жаңа то­бын дамыту есебінен тұрақты жұ­мыс орындарын ашу міндетін қой­ып отыр. Осыған орай біз тұрғын­дар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының мүмкіндік­терін толық пайдалануымыз керек, – дейді аудан басшысы. Жолдауда еліміздің құқық қор­ғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізу міндеті қойылғаны белгілі. Президент атап көрсеткеніндей, ел халқы тиімсіз басқарудан, құқық қорғау орган­да­ры функцияларындағы жанжалдан, тиісті кадрлық жұмыстың болмауы­нан, сондай-ақ ел құқық қорғау жүйе­сі қызметінде мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемаларды анық көріп отыр. “Біз Президентіміздің құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзы­ретін түзу, заңдарымызды ізгілен­ді­ру, сапасын арттыру туралы айтқан ой-пікірлерін қолдаймыз және оны жүзеге асыруға өзіміз де белсене қатысатын боламыз”, – деді облыс­тық ішкі істер департаментінде сегіз жүз қызметкердің қатысуымен өткен кездесуге қатысушылар. Осы кездесуді өткізуге тікелей ұйытқы болған, кейін бірнеше ауданға бірге шығып, Президент Жол­дауын тал­қылауды ұйымдастырған облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бекбай Райымбеков өзін, әсіресе, қамау орындарынан бо­сағандарды оңалту, жұмыспен қам­тамасыз ету, қатарға қосу мәсе­лесінің қатты алаңдататынын дәт­те­ген. “Пре­зидент халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесін құруды талап етіп отыр. Өте орынды талап”, – дейді Бекең. Тереңөзектегі кездесуден кейін іле облыстың шалғай түкпіріндегі Арал ауданына аттанып кеткен Бекбай Тасболатұлымен арада бір күн өткеннен кейін Жалағашта қайта кездестік. Осылай Елбасының Жолдауын әр қызметкерге жеткіз­сем деген тілекпен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген полиция полковнигі Б.Т.Райымбековке қатты риза болдым. Басшылардың бәрі осындай болса ғой деген ой да сол сәтте қылаң берген еді. Осындай жақсы лебізді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекет­тік университетінің басшылары мен ұстаздарына да арнағым келеді. Мұнда біз университет оқытушы­лары­мен, студенттермен кездестік. Жиналғандар Елбасының таяудағы он жылда білім саласын дамытуға қатысты айтқан ой-тұжырымдарын қызу қолдайтындықтарын білдірді. “Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс”, деген Елбасының сөзі бізге де, білім қуған жастарға да көп міндеттер жүктейді”, – деді ұстаздар. Айтса айтқандай, тәуелсіздік жыл­дары елімізде бұл орайда қы­руар жұмыстар атқарылды. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайды. Бірақ, осындай оң мүмкіндіктерді жастар­дың бәрі бірдей пайдаланып отыр­ған жоқ. Студенттердің арасында “еріншек бекер мал шашпақ” деп ұлы Абай айтқандай, білімге құш­тарлық танытпайтын, ізденбейтін, ойын-сауық қуып жүрген жастар да аз емес. Жолдау осы мәселелерді де ұдайы назарда ұстап ел болашағы – жастар тәрбиесін барынша жақ­сартуды талап етеді. Елбасының Жолдауында қоғам мүшелерінің жеке жауапкершілігі туралы да жан-жақты айтылды. “...экономикалық өрлеу – әр­қай­сымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәсе­лелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті”. Осыны жұрттың бәрі көңілге түйіп, іске жұ­мылса, әрине, көп мәселе өзі­нен-өзі шешілер еді. Облыстық ме­ди­цина орталығынан бір мысал кел­тіре кетейін. Аталмыш аурухана – еліміздегі ірі емдеу мекемелерінің бірі екен, мақтанарлық істер де бар көрінеді: көптеген осы заманғы жабдықтар сатып алынған, жүрекке ота осы жердің өзінде жасалады. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Алайда, көңілімізге кірбің түсірген жайлар да кездесті. Аурухананың ота жасау бөлімінде болғанымда, жалғыз өзі бөлмеде қалың көрпеге оранып алса да, тісі-тісіне тимей қалтырап отыр­ған кейуананы көрдім. Бөлме­нің іші суық, сырттан соққан жел­ден терезенің пердесі қозғалады. Егер, сол учаскеге жауапты адамдар қойдың жасындай ғана ғұмыры қалған сол қарияға сергек қарап, терезені қымтаса, болмаса қосымша жылытқыш қойса, әрине, сырқат жан соншалықты күйзелмес еді. А. Макаренко атындағы мектеп-ин­тер­натта да ызып тұрған бөлме­лер­ді, киімдері жұпыны, жүздері сол­ғын балаларды көргенде көңілім пәс тартып қалды. Қазақ көнбіс ха­лық қой, жағдай сұрай қалсақ, үлкені болсын, кішісі болсын, “бәрі жақсы”, дейді. Сірә, бізге өз кем­ші­лігімізді өзіміз көру, түзеу жағы жет­пей жатыр ма, қалай? Осы ойым­ды ашық айтқанымда кейбі­реу­лер ренжіп қалған сыңай таныт­ты. Мен оларға табысқа тоқмейіл­сі­меу қажеттігін, қол жеткенді баян­ды ете отырып, жаңа биіктерге ұм­тылғандардың озатынын, Елбасы да өзінің жаңа Жолдауында барша­мыз­ды осыған шақырып отырғанын айттым. Осы сапарымызда атағы бүкіл әлемге жайылған жер кіндігі – Байқоңырға да соқтық, қазір қала халқының саны 60 мыңнан асыпты, олардың 37 мыңы өзіміздің қандас­та­рымыз. Қалада 4 орта, 2 бас­тау­ыш қазақ мектебі бар екен. Оларда алты мыңнан астам бала білім алу­да. Әттеген-ай, дегізерлік бір жай, осы балалар әлі күнге дейін Ресей бағ­дарламасы бойынша оқытылуда. Неге екенін кім білсін, Ресей Феде­рациясының Білім және ғы­лым министрлігі ұсынған орыс тіліндегі түпнұсқаны Қазақстан Республика­сының Білім және ғылым ми­нистрлігі қазақ тіліне аудара салған. Қолыма түскен бастауыш мектептің 2-сыныбына арналған “Бізді қоршаған әлем” деп аталатын оқу­лықты әрі ақтарып, бері ақтарып қазаққа, Қазақ еліне қатысты бір ауыз сөз таба алмадым. Алматыдағы “Про­свещение – Қазақстан” баспа­сынан шыққан кітап “Біз қайда тұрамыз?”, “Табиғат”, “Қала және ауыл өмірі” деген үш бөлімнен тұрады. Иә, біз қайда тұрамыз? Оның жауабы 6-бетте беріліпті. Біздің қа­сиетті мекеніміз – Ресей, аста­на­мыз – Астана емес, Мәскеу. Оқу­шы осы беттен Ресей Федерация­сының елтаңбасымен, жалауымен, әнұранымен танысады. Әрі қарай парақтасаңыз, Сережа мен Надяға ілесіп, Ресейдің тау-тасын аралап кете бересіз. Сонда қалай, біз Байқоңырмен бірге Ресейге Ата Заңымызбен қорғалатын қазақтың ана тілінде білім алу құқығын да ұстата салғанымыз ба?!. Байқоңырдан Қызылордаға қай­тып келе жатқанда біз үлкен жол­дың бойындағы Қорқыт ата кеше­ніне соқтық. Жергілікті азаматтар “тілек тілеуіңізге болады”, деді. Мен қасиетті бабамыздан ел-жұрт­тың, ағайын-туғанның, бала-ша­ғам­ның амандығымен бірге, Байқо­ңыр­да тұрып жатқан ағайындарды үйірінен адастырмауын, осыған жауапты адамдарды ақылға шақы­ру­ын сұрадым. Парламент депутаттары Қызыл­орда облысында болған күндері ха­лықтың барлық топтарын қамтыды десем, артық айтқандық емес. Тас­бө­гет кентінде ардагерлермен кез­дестім. Кезінде шаруашылықтың әр саласында қызмет істеген асыл жан­дар Елбасының атына небір жылы-жылы лебіздер арнады, жаңа Жолдаудан туындайтын міндеттерге терең бойлап, ой толғады, әлемде тарихи қысқа мерзімде осындай биіктерді бағындырған басқа ел жоқ екенін мақтанышпен айтты. “Бү­гін­гідей ғажайып өмірді қазақ халқы бұрын-соңды басынан кешкен емес. Президент Н.Ә.Назарбаев көре­гендікпен, көсемдікпен ұлы далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекет орнатты, мемлекеттіліктің, ел бас­қарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалып­тас­тырды, халқын сан ғасырлар армандаған мұратына жеткізді, өзі де әлем қауымдастығы мой­ын­даған кемеңгерге айналды. Тарихтың да, тағдырдың да сы­ны­­нан абыроймен өтіп, осын­шама игілікті жасап беріп отырған, ға­ламдық құбы­лысты, кезеңдік сіл­кіністі елден бұрын, алыстан сезетін Қазақстан басшысының дағдарыс­тан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойғанын біз мақтаныш етеміз. Біздің елімізде ардагерлер қам­қорлықтан тыс қалып жатқан жоқ. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюд­жеттен 65 мың теңге мөлшерін­де бір жолғы жәрдемақы төленуі, басқа да соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың материалдық қолдаусыз қалмауы – үлкен қуаныш”. Арда­герлер сөзінің түйіні осындай. Жолдауда Жеңістің 65 жылды­ғын кеңінен мейрамдауға бай­ла­ныс­ты соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жол жүрулері үшін 383 миллион теңге қарастырылатыны айтылды. Осын­дай игі бастаманы жергілікті жер­дегі басшылар іліп әкетсе нұр үстіне нұр емес пе. Қызылорда облысы­ның әкімі Б.Қуандықов тұрғын­дар алдындағы есебінде осындай бір жақсылықты жайып салды. “Жеңіс­тің 65 жылдығына орай соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта біз де өз тарапымыздан об­лы­сымыздағы соғыс ардагерлеріне біржолғы қаржылай әлеуметтік көмек көрсетуді, ардагерлеріміздің тұрып жатқан үйлерін жөндеп бе­руді қолға аламыз”, – деді облыс басшысы. Жөн-ақ, деді залда отырғандар риза көңілмен. Елбасымыз Қызылорда облысы­на атбасын тіреген бір сапарында: “Бүгінгі Сыр бойында серпінді серпіліс бар”, – деген екен. Біз де облыста болған он күнде тірлік пен бірліктің, құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың қасиетті мекеніне айналған өңірдегі өркенді өзгерістерге қанықтық. “Кеңесті ел азбайды” деген ұлағатты сөздерді басшылыққа алып, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылған қалың елмен қимай қоштастық.