Жақында ғана облыс орталығындағы «Мұрагер» мектебінің 4-сынып оқушысы Айсұлтан Хұсайын тереңге шым батып бара жатқан екі жасар баланы құтқарып, ерлік танытты.
«Сол күні әулетімізбен қала сыртындағы «Сабалақ» саяжайында құрбандық шалып, аруақтарға құран оқытқанбыз. Бала, немерелердің басы қосылған соң волейбол, футбол ойнап, дуылдасып жаттық. Бассейн жағалап жүрген кішкентайларды көзден таса қалдырмауға тырыстық. Енді қайтуға қам жасап жатқанымызда жұрт шулап кетті. Сөйтсек, екі жасар сәби ересектерге арналған бассейнге түсіп кетіпті. Су түбіне кете бастаған баланы кішкентай немерем Жансұлтан алғаш байқап, жұртты көмекке шақыра бастағанда Айсұлтан жүзіп жетіп, үрлемелі баллонға салып жағаға алып шығыпты. Жедел құтқарылғандықтан, кішкентай Хантөреге медициналық көмектің де қажеті болмады. Қуаныштан көздеріне жас алған ата-анасы Айсұлтанға алғысын жаудырды», дейді Айсұлтанның атасы Хұсайын Қоразбаев.
Бір қызығы, Айсұлтанның атасы, құқық қорғау саласының ардагері Хұсайын Қоразбаев еңбек жолын төтенше жағдай саласында бастапты. Өрт себептерін анықтаушы болып басталған қызметі кейін полицияда жалғасты. Баланың әкесі Ардақ та қазір кәсіпкерлік саласына ойысқан бұрынғы полиция қызметкері.
Тоғыз жасар Айсұлтан – егіздің сыңары. Бауыры Ерсұлтан да өзімен бірге дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебінде оқиды. Екеуі де оқу озаты. Сабақтан тыс уақытта «Евразия» спорт кешеніндегі жүзу секциясынан, шахмат клубынан қалмайтын Айсұлтан жуырда қалалық жарыста champion_kzo турнир қорытындысы бойынша 4 спорттық разряд нормасын орындап, 1-орын иеленді.
«Жан-жақты болып өсіп келе жатқан Айсұлтан қиын сәтте шұғыл шешім қабылдай алатынын көрсетті. Тез қимылдап, сәбидің өмірін құтқарып қалды. Мен немеремді мақтан етемін», дейді атасы.
Айсұлтанның бабасы Асан Қоразбаев қан майданға қатысып, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерін иеленгенін айта кеткен жөн.
Адам өміріне араша түскен Айсұлтан Хұсайынның ерлігін облыстық төтенше жағдайлар департаменті де жоғары бағалап, ержүрек балаға алғыс білдірді.
ҚЫЗЫЛОРДА