Аймақтар • 19 Қазан, 2018

Инвестор тақыр жерге келмейді

554 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанайда экономиканы дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстардың барлығы қаржының қу тақырға келмей­тінін көрсетеді. Биылғы «Қостанай облысының инвестициялық әлеуеті: артықшылықтар, жауапкершілік, диалог» деген тақырыпты тұжырымдаған екінші «Kostanay Invest-2018» форумына мыңға жуық адам жиналды. Шетелдік инвесторлардың саны жүзден асып жығылды.

Инвестор тақыр жерге келмейді

Инвестор қаржысын салу үшін жұмыс жүргізуге қо­лайлы, қай­тарымы болатын жер іздейді. Осы орайда то­пы­рағы құнарлы, жерінің асты да, үсті де бай Қостанай өңірі талай инвестордың сеніміне енді. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев өткен жылы төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­да индустриялық және техно­логиялық модельді анықтап, эко­­номикалық сапалы дамуға бас­­­т­айтын Қазақстанның үшінші жаң­­ғы­руын жариялағанда Қазақ­стан­ның инвестиция тартудағы көш­­бас­шылығын сақтауды тап­сырған болатын. 

– Сондықтан өңірдің инвес­тициялық тартымдылығын кү­шей­ту, инвесторлармен ашық диа­лог жасау, инвестиция тарту мақсатында инфрақұрылымды жетілдіре түсу Қостанай облы­сындағы жұмыстардың басым бағытына айналды, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов форум қонақтарына. 

Өңір басшысының сөзін са­бақтай түссек, облыста алды­мен барлық бос алаңдарды, жер учаскелерін, пайдалы қаз­ба бай­лықтарын, жасалған инфра­құ­ры­лымдарды көрсететін инте­рактивті инвестициялық карта жасалды. Өткен жылы алғашқы инвестициялық форумда құны 200 миллиард теңгені құрайтын 26 меморандумға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде биыл жыл басында инвестицияның келуі 9,3 пайызға өсті. Сыртқы инвестицияның көлемі 2 еседен асады. Жалпы, облыста инвестиция салынған 40 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 13-і сыртқы инвестицияның қатысуымен мүмкін болды. Облыс әкімі соның ішінде 3 жобаны айрықша атап өтті. 

– Премьер-Министрдің бі­рінші орынбасары Асқар Мамин қыркүйек айында Қытайға сапарында біздің облыста жүзеге асырылатын 3 инвестициялық жобаға қол қойған болатын. Енді қытайлық әріптестермен (HKC Corporation Ltd) бірлесіп, Қос­танайда теледидар мен ком­пьютер шығарамыз. Бұл жоба­ның құны 186 млрд теңгені құ­райды. YTO маркалы трактор және «LOVOL» маркалы ауыл­ша­руашылық техникаларын құрас­тыратын өндіріс (YTO Grup Corporation) құрылысы басталатын уақыт та алыс емес. Сонымен қатар Hangteng automobile Co. Ltd. компаниясы жеңіл автомобильдер шығаруға 150 миллион доллар инвестиция салуға дайын. Қостанайда құрастырылатын Hangteng автомобилі тек экс­портқа жіберілетін болады. Жыл аяғына дейін China National Machinery Import & Export Cor­poration (СМС) компаниясы 1,2 млрд доллар қаражатпен Ал­люр­ компаниясының тобына кі­ріп, 2023 жылға қарай жы­лы­на 66 мыңға дейін автомобиль шығарады. Ал ауыл шаруа­шы­лығында майлы және дәнді да­қылдарды жеткізе өңдеп, азық­тың бірнеше түрін өндіре­тін «Bio­Grain» компаниясы­ның ­өні­мі өңір­дің экспорттық ­әле­уе­тін кү­шейте түседі, – деді А.Мұхамбетов. 

Облыс әкімі форумға келген инвесторларды бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырды. Бұл үшін Қостанай қаласында Ин­дус­триялық аймақтың инфра­құрылымы салынып, оған қазір барлығының құны 235,8 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба орналасты. Осындай тә­сіл­мен бюджеттен шыққан 1 тең­генің орнына 37,4 теңге инвес­тициялық қаржы түсіп отыр. Инвестжобаларды жүзеге асыру мақсатында Индустриялық аймаққа алдағы уақытта Арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру үшін жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі таяу уақытта республикалық деңгейде шешім шығып қалатынынан да хабардар етті.

Форумда ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту жөнінде әңгіме болды. Қазақтың даласы ауыл шаруашылығының қай саласын дамытуға да қолайлы. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев сала­ның экспорттық және инвес­тициялық қуаты туралы айта ке­ліп, жиналғандарға инвести­циялық тартымдылық үшін агро­өнеркәсіп кешенін дамыту­дағы жаңа міндеттер туралы ақпарат берді. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 3,4 пайызға артып, 1,6 млрд АҚШ доллары бол­ған. Соңғы бес жылда осы салаға 4,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылса, соның 80 пайызы жеке сектордың еншісіне тиеді. Жыл басынан бергі 8 айда ауыл шаруашылығына 500 млн доллар инвестиция тартылған. Алайда, саланың қуаты бұдан да жоғарыға жетеді.

Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімі мен өңдел­ген өнімді экспортқа шығару көлемін 2,5 есе арттыру керектігін тапсырғаны белгілі.

– Осыған орай ауыл шаруа­шы­лығын дамыту да саланы инвесторлар үшін барынша тартымды етуіміз керек. Алдымен несиенің пайыздық үстемесінің, лизингімен ауылшаруашылық техникасы мен малды сатып алу қаражатының орнын толтыру, инвестициялық субсидия­лар, аграрлық сақтандырулар үшін берілетін бюджет қаража­тының көлемі өсірілетін болады. Сонымен қатар бюджет қа­ражатын тиімді пайдалану үшін әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, егін шаруашылығында аграрлық қолхат қаржылық инс­титутын енгіземіз. Сосын ауыл шаруашылығының барлық саласы үшін жаңа бағдарламалар дайындалып жатыр, – деді Арман Қайратұлы. 

Форумға қатысқан «Ka­zakh Invest» ұлттық ком­па­ниясы» АҚ төрағасы Сапар­бек Тұяқбаев Қазақстан әлем­дік экономика тұрғысынан қараған­да, бұрынғыдай теңізге шыға ал­майтын кішкентай ел емес, Қытай мен Еуроодақ арасын­дағы инвес­тициялық тартым­ды елге айналғанын айтты. Соны­мен қатар шетелдік инвес­тор­ларға демеу болатын көп­теген шаралардың жүзеге асып жатқанынан хабардар етті.

Инвестициялар және даму ми­нистрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі коми­тетінің төрағасы Алмас Ба­танов алдымен еліміздегі өң­деу кәсіпорындары шығарған тауар­лардың экспорттық қуаты да, географиясы да кеңейе түскенін айтты, тауарлар қазір 120 елге шығарылады. Цифрлы және бас­қа да озық технологиялардың енгізілуіне байланысты кәсіп­орын­дарда өнімділік арта түскен.

«Kostanay Invest-2018» форумында жалпы сомасы 251 млрд теңгені құрайтын 19 мемо­рандумға қол қойылды. Форум сессияларында «Ауыл шаруа­шылығында шетелдік және отан­дық инвесторлар үшін өңір­дің жаңа мүмкіндіктері: цифр­ландыру, бастапқы жобалар», «Өңірдің негізгі салаларын да­мытудағы инвестициялық қуаты: бастапқы жобалар, индустрия 4.0, өңірдің индустриялық дамуы», «Моноқалаларды дамытуда инвестиция тарту: дамудың өзекті мәселелері, сарапшылық пікірлер, моноқалаларды дамы­ту­дағы табысты мысалдар» атты та­қырыптарды талқылау, пікір алмасу және «Шағын және орта бизнеске арналған жаңа мүмкін­діктер» шеберлік сыныбы өтті. 

Форум қонақтары жүзеге асып жатқан инвестициялық жо­б­алармен танысып, Индус­трия­лық аймақты аралап, ауыл шаруашылығы мен автокөлік көрмесін тамашалады. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»