Өнер • 21 Қазан, 2018

Қостанайда Абай Әмірхановты еске алуға арналған фестиваль өтті

64 реткөрсетілді

Қостанайда ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дәулескер күйші, «Мирас» ұлт-аспаптар ансамбілінің негізін қалаушы Абай Әмірхановты еске алуға арналған «Ғасырлар пернесі» облыстық фестивалі болып өтті. Фестивалге облыстың Жанкелдин, Аманкелді, Федоров, Алтынсарин аудандары мен Арқалық қаласынан келген жеті өнер ұжымы қатысты. 

Абай Ғазизұлын Торғай, Қостанай көлемінде білмейтін адам жоқ. Жастайынан өзінің өлмес өнерімен танылған А.Әмірханов есімі оның талантын құрметтеген үлкен-кішіге жақсы таныс. Ол кезінде Қостанайдағы "Мирас" ансамблін ұйымдастырып, ұлттық өнерді насихаттауға ерекше үлес қосты. Кейін Астана қаласына қызметке ауысып,  сондағы "Сарыарқа" ансамбліне жетекшілік етті. Астана қалалық филармониясын басқарды.

Абай түркі тілдес жастардың басын біріктіріп, "Орал мұңы" халықаралық фестиваль-байауын ұйымдастырушылардың бірі болған еді. Екі жылда бір рет Башқұртстанның  Уфа қаласында өтетін бұл өнер жарысына Қырғызстан, Түркіменстан, Қазақстан, Алтай республикасы, Шешенстан, Дағыстан, Хакасия, Тува, Татарстан, Башқұртстан және басқа елдерден ұлттық өнер майталмандары жиналып, думан қыздыратын. Абайдың "Мирасы" сол аламан бәйгеден жүлделі оралған еді.

«Егер Абай болмаса, «Мирас» болмас еді.  Бүгін Абай ініміздің, менің ең жақсы көретін досымның әруағы бір аунап түскен шығар.  Бүгінгі кешті ұйымдастырып отырған облыстық филармония мен қалалық мәдениет бөліміне, «Мирас» мәдениет үйіне алғысым шексіз, – дейді ҚР композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин.

Фестивальде әр ауданнан келген өнер ұжымдары қазақтың күйлерін асқақтатты. Сондай-ақ, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Манапбек Қадыров, Азамат Мұқатов, Күнсұлу Жақаева, Қыдырбек Қиысқан, Ботагөз Дүбірбаева, Байдос Қожасағиев, Нұрсұлтан Қасым т.б әншілер халық әндерін, қазақ композиторларының әндерін әуелете шырқады.  

Қысқасы, «Ғасырлар пернесі» фестивалі қазақтың Абай Әмірхановтай өнерпаз ұлына жасалған тағзым әрі жас ұрпақ бойына сіңіре жүрер тағылымды басқосу болды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Суретті түсірген Нұрлан Сейдеғали

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар